Журналист, теле-радиожүргізуші, TV продюсер Айкерім Есенәлі жақында тұрмысқа шықты. Жұбайы –журналист, авторлық бағдарламалары арқылы танылған  Әнуарбек Жәлел. Тележүргізуші  Juldyz.kz  порталына өздерінің «Махаббат хикаясын» айтып берді.       

– Айкерім, жұбайыңызбен жарасымды жұп екендеріңізді оқырмандарыңыз жарыса жазып жатыр… Ал өздеріңіз қашан және қалай танысып едіңіздер?

–  Біздің таныстық пен алғашқы кездесуімізді Жаратқан өзі бұйыртқан деп ойлаймын. Барлығын егжей-тегжейлі баяндамайын. Бірақ, айтарым, екеуміз екі қалада болсақ та, кездесудің реті келіп тұрмаса да, жолымызды тоғыстырып, таныстырып, табыстырған сол – бұйрық.

– Дегенмен…

Біз әлеуметтік желі арқылы табысқан жұптардың біріміз (күліп). Өткен жылы наурыз мерекесінің тұсында алғаш кездестік.

–  Өзіңіз айтқан қашықтықты қалай жеңдіңіздер?

–  Негізі Алматы мен Астананың арасына «жол салған» біз сияқты жұптар көп қой. Рас, алғашқы уақытта екеуміз екі қаладан екенімізді, арамыздағы  1300 км  қашықтықты ойлап, өзіме тыйым салмақшы болдым. Бірақ хабарласып, әңгімелесіп жүрдік. Шынымды айтсам, бұрын мені  дәл бұлай  ешкім әсерлендірмеген. Күн  сайын кешке онымен 2-3 сағаттап мәз болып сөйлесетінімді өзім де байқамай қалыппын.  «Той-думан» телеарнасы ашылатын болып, Алматығы іссапарлар көбейді, одан өзге де жобалар бойынша жиі жол түседі бұл қалаға. Өзі де тосыннан талай рет Елордаға келіп, таң қалдырып жүрді.

 

Себебі, Алла Тағала бізге 24 сағат, 12 мүше, ақыл мен жүрек берген. Кез келген жағдайда үйлесімділік жасай алатын парасат берген…

Ал әріптес адаммен қарым қатынас құру қиын болған жоқ па?

–  Жұмыстағы Айкерім жұмыста қалады. Ол «маска» ауыстыру, жасандылық емес. Меніңше, қыз баласының бойындағы парасаттылық, нәзіктік, еркелік пен қылықты ешқандай мамандық пен қиын жағдайлар жойып жібермеуі тиіс.   Мен оның алдында әріптесі  емес, сүйіктісімін. Жұмыс туралы көп әңгіме қозғамаймыз да. Арадағы түсіністікті, үйлесімді сақтау   барлығы тәрбиеге байланысты. Сен өз азаматыңның  арқа сүйері, қолдаушысы, үйіндегі нәзік гүлісің. Бұл ұғым – бірінші орында болған кезде басқасы ырықсыз екінші планға ауысады деп ойлаймын. Басқасы маңызды емес те.

–  Инстаграмда пікір қалдырушылар саны тойдың кезінде тіпті артып кетті…

–  Ия, тілекшілер көп болды. Шүкір, әлеуметтік желіде аузына келгенді айтып, не болса соны жазатын «хейтерлер» менен аулақ жүреді. Кейде «Сіздің жігітіңіз сізге қарағанда әдемі екен» деген пікірлер келеді қыздар тарапынан (күліп). Келісемін, сымбатты жігіт.  Ондай пікірлерді көргенде тек күлеміз.

Дегенмен, осы бір жарасымды жұптың оқиғасы көпке қызық. Көпшілік үшін бұл тосын жаңалық болған сияқты. Қарым-қатынастарыңыз қалай өрбіді?

– Иә, тосын… Себебі, мен жеке өмірім туралы ақпаратты  ешқашан жұртшылыққа ашып айтқан емеспін. Ол – артық. Әнуар да сондай.  Тіпті «Шақыру» билетін таратқанға  дейін ешкім менің сырымды білмейтін. Сол кезде «сенің жігітің бар ма еді?» деп таң қалғандар да болды.  «Жеке өмір» деп аталған соң жеке болып қалуы керек. Ануар екеуміздің кағидамыз – осы. Ал үйлену тойы – ол өмірдегі маңызды қадам, оны құпияда ұстау артық деп ойлаймын. Негізі, «Адамдардың тағдыры – Алла жазған шығарма» деген бар ғой. Жоғарыда айтқанымдай, Ануармен танысқалы бері романтикалық науқанда керемет сәйкестіктер көп болды. Ең әдемі әсерлер, ең ерекше, қызықты кездесулер. Ұмытылмас сәттер – бәрі-бәрі біздің отбасымыздың тарихына айналады енді. Біздің қарым-қатынасымыз туралы бір-ақ нәрсе айта аламын, осы күнге дейін Аллаға шүкір, бір мәрте де келіспей, ұрысқан кезіміз болмапты. Сол үшін, үлкен жүректілігі, мол түсінігі, азаматтығы, адам баласына деген құрметі, тәрбиесі және мол махаббаты үшін жұбайыма алғыс айтамын.

– Тойларыңыз қалай болды?

– Ұзату тойы да, неке салтанаты да бәрі өте әсерлі, әдемі өтті. Оның барлығын ұйымдастырып, күн-түн демей, ұйқыны ұмытып, көмектескен  туған-туыс бауыр, ата-аналарға, үлкендерге алғыс айтамыз. Ән айтып, махаббатын білдірген Әнуар тойда тағы бір мәрте талайды таңдай қақтырды.

Келін болған қандай екен?

– Негізі адамның ниеті түзу болса, өмірінде барлығы жеңіл болады. Мен соған сенетін едім, қазір көзім жетіп жүр. Осы күнге дейін ешкімге зияным тиген жоқ, тек алғыс жинап қана, абыроймен жүруге тырыстым. Бәлкім, Жаратқанның маған берген сиы шығар, қайын жұртым өте жылы қабылдады. Қызындай қамқорлық  танытты.  Мойынду керек, қатты толқыдым, қорықтым, себебі, тағы да  «ана» деп айту, жаңа әулетке сіңісу … Қорқатынмын. Бірақ сүйген адамың болғаннан кейін оның туған-туысын да еріксіз жақсы көріп кетеді екенсің. Біреу сенер, біреу сенбес, бірақ шындық – осы. Сүйіктіңнің бойындағы қасиеттер сол жандардан дарығанына көзің жетеді.

Салт-дәстүр жағынан қиналған жоқсыз ба?

–Сәтпаев қаласына келін болып түстім. Мен барған жер қазақы салт-дәстүрді сақтаған керемет халық екен. Оңтүстіктен ерекшелеу дәстүрлері бар, айырмашылықтары бар. Басында, оңтүсітіктің дәстүрі бойынша, үлкендерге сәлем бергенімде  кейбіреулер  таң қалды, бірақ, батасын беріп, қуанды.  Сәтпаевта 20 күндей болдым. Ануардың әжесі де, анасы да түсініктері, жүректері үлкен адамдар. Маған қызындай қарайды. Көңілдерінен шығу үшін барымды салдым және құрметімді арттыра бермекпін.

– Тележүргізуші келінді әулет қалай қабылдады?

– Өте жақсы қабылдады. Мынандай қызық жағдай болды. Ануардың «Салмақты сөз» деген жобасы мен менің «Ой мен ойын» деген бағдарламам бірдей жексенбі күні сағат 10:00-да көрсетіледі. Екеуі де шамамен бір сағат көлемінде болады. Туыстарымыз екеуіңді қатар көріп кеттік қой деп әзілдеп тұрады.

–  Жұбайыңызды қандай қасиеті үшін жақсы көресіз?

– Сезімді түсіндіретін себеп болмайды. Кез-кеген ғашық адамнан сұраңызшы, «не үшін» деп, ол түсіндіре алмайды. Сол сияқты. Ануар  өте парасатты, жауапкершілігі өте жоғары, түсінігі мол, жігерлі азамат. Ең бастысы маған ықпал етудің жолдарын біледі.  Ал маған (Кіші Жүздің қызына) ықпал ету өте қиын. Сол үшін де құрметтеймін, сыйлаймын, сол үшін де болмысы менің алдымда әрдайым биік әрі қадірлі.

– Ануар мырза қызметіңізді қою керектігін айтса…

– Жұбайым айтса, әрине, қоямын. Ойланып қарасам, «Намыс дода»,  «Айгөлек», «Кеш Жарық», «Сәлем, Қазақстан» сияқты ірі жобалар, «Әйел бақыты» мен «Бірге таңдаймыз» сияқты әлеуметтік жобалар, «Таңшолпанды», Жаңалықтарды, Елбасының алдында да ірі кештерді  жүргіздім, сценарист те, редактор да, продюсер де болдым.  Шүкір. Мен неге мансаптың соңынан  жүгіре беруім керек?!..  Ендігі ірі жоба- ол әрине Отбасы. Әнуар маған жұмысты түбегейлі таста деп айта қоймас… қолдан келгенше, үлгерсем, жұмысымды ары қарай жалғастыра беремін.

–  Өз принциптеріңіз бен жүрек қалауыңыз қаншалықты сәйкес келеді?

– Адамның жүрек қалауы мен принциптері үйлеспесе, өз-өзімен ішкі татулық болмайды. Көп жағдайда ол дегеніне жете алмайды, біздің қоғамда ондай ашулы адамдар жоқ емес. Тәуба, ондайлардың  тізімінде емеспін! Анам үйреткендей,  адалдық және әділдік, түсіністік —  басты ұстанымым. Оларға адал болсам, менің ішкі жан дүниемде неге келіспеушілік болу керек?

Қыз бала – мейірім. Ер адам – күш. Әрқайсымыз өз орнымызды білсек, үйлесім сонда болады деп ойлаймын.

Сұхбаттасқан Гүлім Рысқұл

Айзада Жайыққызы

Көшіріп басуға, тақырыпты бұрмалап салуға, материал ішінен сөз немесе сөйлемдерді алуға қатаң тыйым салынады!

5 пікір

  1. Бақытты бол, қарындасым. Өте сауатты сұқбат болыпты. «Ендігі ірі жоба — отбасы» деп өзің айтпақшы, ұрпақты, ұлағатты, шаттықты шаңырақ иесі болыңдар демекпін.

Добавить комментарий для Айгерим Болдырмау