24-25 күндері Алматы қаласындағы «Боралдай» археологиялық паркінде «Ұлы дала рухы-2017» II Халықаралық этнофестивалі өтеді.

Фестивальға әлемнің 10 елі қатысады. Басты мақсаты – қазақстандықтар мен шет елдік қонақтарға көшпенділер мәдениетін, қазақтың ежелгі тарихы мен салт-дәстүрін көрсету.

Бағдарламаның ауқымы кең. Екі күнге созылатын фестиваль уақытты кері айналдырып, өткен тарихқа саяхат жасатады.

«Ұлы дала рухы-2017» екінші  халықаралық фестивальда:

– Қаз-қатар тігілген он екі қанатты ақшаңқан 60 үй

– Көшпенділер  шеруі

– 10 мемлекеттен келген ат құлағында ойнайтын шабандоздардың сан түрлі өнері

– Ең үздік этномузыканттар

–  Көкпар

–  Аударыспақ

–  Қыз қуу

–  Асауға тұсау салу

–  Қол өнерші мен шеберлердің , ұсталардың  өнері

–  Балалар алаңы

–  Алтыбақан

– Күй тартыс

–  Қыран құс

–  Құмай-тазы т.б . ұлттық құндылықтар мен ата-баба мұрасы

–  Түнгі алау басындағы ойындар мен музыка.

Сондай-ақ, көрермендер арасынан «Ең әдемі ұлттық киім» таңдалып, түрлі ұлттық ойындар ойналып, сан-алуан  сайыстар ұйымдастырылады!  Келген қонақтар ыстық бауырсақ пен ұлттық тағамдардан дәм тата алады!

Тақырыпқа байланысты секторлар жұмыс істейді. Мәселен, «Алмалы» атты қолөнершілер ауылында шеберлік сабақтары өткізіледі. Көрермендер тек тамашалап қана қоймай, маманның көмегімен саздан құмыра жасап көреді. Ал «Шабыт» музыканттар ауылында байқау ұйымдастырылады. Көрермендер түрлі аспаптарда ойнап, бақтарын сынайды, ұлттық тағамдардан дәм татып, жасау құпиясымен танысады, кәсіби бүркітшілер мен палуандардың өнерін тамашалайды. Осылайша, келген көрермендер, меймандар көшпенділер өмірін өз көздерімен көріп, тұрмысымен танысады. Сондай-ақ, көрермендер арасынан «Ең әдемі ұлттық киім» таңдалып, сыйлық беріледі.

Фестивальға кіру тегін.

Өтетін орны: Алматы қаласы, Алатау ауданы, «Боралдай» археологиялық паркі. Тұрғындарды жеткізу жағы да қарастырылған. «Орталық стадион» аялдамасы мен «Алатау» дәстүрлі өнер театрының жанынан әр сағат сайын арнайы автобустар жүреді.

Бұл – сіз бен біздің тарихымыз! Ұлы дала рухын көтеруге сіз де атсалысыңыз!

Пікір қосу