Бірнеше күн бұрын халық арасында «Астарлы ақиқат» бағдарламасы арқылы кеңінен танылған белгілі  тележурналист Дина Төлепбергеннің журналистика факультетін жабу туралы пікірі үлкен дау тудырды. Бірі Д.Төлепбергенді «қос қолдап» қолдап жатса, енді бір тобы дұрыс еместігін жеткізіп, өз тараптарынан ойларын білдіріп жатты. Juldyz.kz назарларыңызға қос тараптың пікірлерін ұсынады.

Дина Төлепберген: «Журналистика факультетін жабу керек»

Журналистика мамандығына түсуге талпынайын ба, әлде гранты бар мамандыққа түсіп, артынан тілшілікті оқытатын курстарға барайын ба? Бұл – биыл 11-ші сыныпты бітіргелі тұрған Нүрилә есімді сіңлімнің сауалы. Осы тақырып бойынша көп жас кеңес сұрағандықтан, осы постты жазып отырмын.

Менің ойымша, журналистикаға Сізді ешкім оқыта алмайды. Мен де. Өйткені бұл кітаппен оқылатын мамандық емес. Мәселен, егер даусыңыз болмаса, қанша жерден әншілікті оқысаңыз да, жақсы әнші болмайсыз ғой… Талантыңыз болмаса, Сізден мықты суретші шыға ма? Журналистика да сол сияқты. Құдай берген бір қасиет болу керек.
Егер мен білім министрі болсам, журналистика факультетін жауып тастар едім. Қазақтандық жоғарғы оқу орындарында беріліп жатқан «жоғарғы» білім бүгінгі медиа талаптарына мүлдем жауап бермейді. Жаңалықты емес, көнелікті оқу үшін ата-ананың маңдай терімен тапқан ақшасын жұмсағыңыз келе ме? Ұятыңыз білсін. Оның үстіне, «телевизияда жұмыс істеу үшін журналистика факультетін бітіру міндет» деген қате пікір. Жұмыс беруші Сіздің дипломыңызға емес, қабілетіңіз бен еңбегіңізге (мақала, алған сұқбат, видеоларыңызға) қарайды.
Егер мен Нүриләның орнында болсам, гранты бар мамандыққа түсер едім. Кейін, шәкіртақымды біраз жинап, каникул кезінде Алматыға келіп, тележурналистика курсын оқып шығар едім. Әдетте, мұндай курстар 4-8 аптаға созылады. Сертификатымды алып, өзімнің шахарымдағы жергілікті телеарнаға барар едім. Ақиқатын айтайын, мен қазір білетінімнің 90%-ын жергілікті телеарнада (ШТД мен Отырар) үйренгенмін. Сөйтіп, оқу бітіргенше, тәжірибе де жинақталады. Демек, Республикалық телеарналарға орналасуға мүмкіндік бар… Ал, жастар, жол болсын!

 

Бұл – журналистика факультеті жайлы жазған, тележүргізушінің инстаграмдағы алғашқы пікірі әрі даудың басы. Оған қайтарылған жауаптар да аз емес, қолдаушылар да көптеп табылды.

Әбдірова Жадыра, инстаграм қолданушысы: Дина осылай кеңес берсе, құлақ түрген дұрыс шығар

Дина, сізге қосыламын. Талап пен талант болса, қазіргі заманда 4 жыл оқымай-ақ журналист болуға болатын шығар. Әрине, журналистика факультетін бітірген немесе оқығандарға сіздергі бос әурешілік демеймін. Дегенмен осы салада жүрген Дина осылай кеңес берсе, құлақ түрген дұрыс шығар. Дина, сіздей журналистер көп болсын!

Дастан Қастай, журналистика факультетінің студенті: Журфакты жабу туралы жыр немесе Динаның ертегісі 

Журналистика – құдіретті, қасиетіне бойласаң құзіретті мамандық. Оның бағамы – ар үкімі. Дәйегі – xалық сөзі, сұлбасы – ұлттық санасы сөнген қоғамның өшпейтін мұраты. Бір кереметі, турасы осылай таңбаланған мамандық бүгінде «жылпостар» мен «марғасқа мипаздарға» құшағын ашып отыр екен. …Озық ойлы, тіл уыты, сөйлегенде қара тасты қақ бөлетін тележурналист Дина Төлепберген журфакты  жабу керек екендігін, талант-дарының болмаса журфакта оқығаныңмен тұл жетімсің деген ойын ашық жеткізеді. Шынайы ақпарды одан әрмен сабақтасақ, Дина xаным қолына тележурналистика жайлы Отанымызда ең алғашқы жарық көрген еңбек саналатын, кейіннен оның мұрасы өшпесін деген ниетте ұстаз Қабылғазина аударған Барманқұловтың кітабын алады. Күні-түні парақтап, баланың әрекетімен оның аңдаусызда нүкте қойылып, жүйесіз кеткен кемшін тұсты қателігін көзге ұрып, осы арқылы журфактың білім деңгейін бажайламақ ниетте екендігін көрсетеді.  Лажы, Дина апай журналист болам деген талапкерлерге дұрыс даңғыл нұсқамақ ниетте екен…

Экранда көстеңдеудің жеңіл жолдарын да айық айтудан тайынбайтын көрінеді-мыс. Бірақ неге, ертең сол оқырманынан жанарында ұлтжандылық ұшқыны жоқ, ныспысы қазақ журналист шықпайтындығын ойламаған…(сөзіме сай стандарттың қай-қайсы да журфактан табылатындығына кепілмін). Қысқасы, бәрі – қызық емес, шыжық болды. Дина апай ашықтан-ашық артынан ерген қаншама журналист-студенттің журфакта оқып, нағыз журналист болам деген арманына қорсынды. Оның көзі-майын тауысып журналистиканың теориясына телмірген, қызығына батқан түндеріне, руxани кемелденген күндеріне күпірлік айтты… P.S. Сіз де, біз де ақ сөйлейтін айтаршымыз ғой. Парақшаңыздағы жастықтың желегімен айтқан орынсыз көзқарас-пікіріңіздің шындықпен мүлдем әуселесі жоқ деп есептеймін. Алдағы уақытта орынсыз пікіріңізді де өзгертетініңізге сенімім мол. Құлдырмаңыз!

Дастан білдірген пікіріндегі  М. Барманқұловтың «Телевизия: деньги или власть» деген кітабының қазақша нұсқасын аударған Клара Қабылғазы. Сондағы кеткен қателіктерді Д.Төлепберген нұсқаған болатын:

Тележурналистикамен айналысу үшін журфакқа түсу керек пе, жоқ па деген тақырыптағы ойым біраз дау тудырды. Бірақ мен ойымды өзгертпеймін. ☝️️Мынаны жария етпейін деп едім… Алайда, жабулы күйінде қалдыруға болмайтын секілді…Бұл Марат Барманқұловтың “Телевизия: бизнес әлде билік“ деген кітабы. Түпнұсқа орыс тілінде. Клара Қабылғазы есімді апай аударған делінген. Оқып көріңізші! Бірінші сөйлемде не туралы айтылған екен-ау? Мен түсіне алмадым… Кітапты тура гугл аудармаға салып жаза салғандай… Ең өкініштісі, осы әдебиетті журфактың студенттері оқуы тиіс. Не түсінер екен, байқұстар? Жалпы, осындай аударманы басып шығарған университет ұжымы қайда қарап отыр? Осыған қарап, берілер білім сапасын бағалай беріңіздер!

A post shared by Dina Tolepbergen (@dina_tolepbergen) on

Тележүргізушінің осы жарияланымына аударма авторы да жауап қайтарған болатын.

Клара Қабылғазы, аударма авторы: Оқуға одан басқа ештеңе таппай жүрсең, көмектесейік

Бұл кітап М.Барманқұловтың мерейтойына орай магистранттардың көмегімен асығыс шығарылған болатын. Осы оқу құралын  студенттерге ұсынар алдында кемшіліктерін ескертіп айтамыз. Ол кісінің стилі, тілі өте ауыр, балалар орысшасын да қарық қып түсіне алмайды. Мұны бір деп қоярсың, сыншы сіңілім. «Жерден жеті қоян тапқандай» болып, «түстен кейін маңырапсың». М.Барманқұловты жаны ашығыштар аударса қайда екен? Жалпы ауыз өзімдікі екен деп былғай беруге болмайды, қарағым… Оқуға одан басқа ештеңе таппай жүрсең, көмектесейік.

Мұнда біржақты пікірді ұстануға болмайды. Бұл дау-дамайдың түбінде бір проблема жатқаны ақиқат. Себебі, осынау шулы мәселенің астарында журналистиканы үйрететін факультетті жабу емес, жүйені өзгерту ғана жатқан шығар. Қалай болғанда да, ағаш биіктеген сайын тамыры тереңдей түсетіні секілді, жаңа медиа дәстүрлі журналистикадан бастау алады. Ал болашақ журналистерге нені оқу керектігін нұсқайтын, болашақтың концепциясының қандай болатынын үйрететін – журналистика факультетінің ұстаздары. Соны ұмытпауымыз керек.

 

Пікір қосу