Күләш Байсейітова 1912 жылы 2 мамырда дүниеге келді. Ол қазақтың бұлбұл әншісі, КСРО халық әртісі.

Балалық шағы

Күләштің табиғат берген музыкалық дарыны жастайынан танылған. Әкесі Жасынның айтқан жыр-дастандары мен халық әндерін жаттап өсіп, ән айтуға келгенде алдына жан салмаған.  Ол 1928 жылы Алматы педагогикалық техникумын бітірді. Алайда, өнерге деген құштарлық оны үлкен сахнаға тартты да тұрды. 1929 жылы дарынды бойжеткен Қызылордадан жаңа астана — Алматыға көшіп келген Қазақтың драмалық театрына қабылданады.

Театрда шағын қойылым көрсетіп жүріп, опера саласындағы жетекші мамандардың сүйемелдеуімен әншілік қабілетін шыңдай түсті. Кәсіпқой әнші ретінде Күләштің ашылуына 1933 жылы Алматыда ашылған музыкалық-драмалық студияда оқуы зор мүмкіндік жасады. Арада бір-жыл өтпей-ақ Күләш Қазақ музыкалық театрының бас әншісі болып бекітілді. Алғаш рет қазақ өнерінің қара шаңырағы «Айман-Шолпан» музыкалық комедиясымен ашылғанда Айманның бейнесі арқылы ол қазақ қыздарының парасатты болмысын шабытпен тұлғалады. Өнерсүйер қауым жас әншіге тәнті болып, «қазақтың бұлбұлы» деген атағын берді. Дәлі сол жылы «Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген артисі» деген атаққа ие болады.

Күләш қандай жан болған?

Күләш сырнайға қосылып төменгі дауыспен ән салған. Дауысы әлі қалыптаспаған, нәзік, бірақ, сүйкімді болған. Бір естіген әнін табан астында үйренген. Кісіге кішіпейіл, кімді болса да іш тартып тұратын бауырмал қасиеті ерекше. Табиғатында ашы-жарқын, көңілді жүретін адам еді. Титтей нәрсеге бола қуана салатын, оны қуанту оңайды оңайы болған. Ренжи қалса, реніші ұзаққа созылмаған. Кек сақтамайтын.

Қанабек пен Күләш қалай танысты?

Күләшпен танысуыма ағасы Айтбек себеп болды. Бір қыс солардыкінде пәтерде тұрып шықтым. Күләш өте нәзік, кішкентай ғана қыз болатын. Бір үйде шешесі екеуі ғана тұрды. Әкесі Жасын ол кезде ауылда бөлек тұрып жатқан болатын. Мені алғашқы кезде аға ретінде сыйлап жүрді. Өйткен жеті жас кішілігі бар-ды. 1929 жылы Күләштің ағасы Айтбек қызмет бабымен Қарақолға ауысып кетті. Сол жылы Күләш әлдебір себептермен оқып жүрген институтытан шығып қалды. Қолы бос кездерде қазақ драма театрының ойындарын менімен бірге барып көріп жүрді. Сол жылы күзде Күләш театрға орналасты. Кей спектакльдерде бірге ойнадық.

1932 жылдары Күләштің актерлігі де бекіді, музыкалық сауаты да өсті. Тәп-тәуір ән айта бастады. Сол күндерде Күләш екеуміздің арамыз аға мен қарындастан гөрі басқалай жақындыққа ұласа бастады. Оны мен де білдім, Күләш та сезді. Ол кезде өгей шешем де өліп, әкем мен ұлым Алдабек екеуі менің қолымда тұратын. Күләш біздің үйге барып-келіп еркін араласып жүрді. Әкем Күләшті қатты ұнатты. «Шіркін-ай, мінезі қандай жайдары, үлкенді қалай сыйлайды! Басқаны қайтесің, осы Күләшті маған келін қып қолыма әкеп берсеңші»,-деп отыратын. Сөйтіп, 1933 жылдың көктемінде 23 сәуірде үйлендік. Күләш екеуміздің қосылуымызға көп адамдар таңғалып жүрді. «Аға мен қарындастай жүріп бұлары не?» деп үрікті.

Еңбек жолы

1938 жылы Қазақ КСР Жоғарғы кеңесінің депутаты болды. Қайтыс болғанға дейін депутаттық қызметін үздік жалғастырған. 1939 жылы Мәскеуде өткен эстрада әртістері байқауының сарапшылар алқасының мүшесі. 1940 жылы Мемлекеттік сыйлық жөніндегі комитеттің мүшесі болды. 1951 жылы Бейбітшілікті қорғау комитетінің мүшелігіне енді.

Күләшке қандай жала жабылды?

1957 жылы көктемде «Құрманғазы атындағы ұлт аспаптар оркестрімен бірге Күләш шетелге барады» деген әңгіме шықты. «Бір айдан кейін жүреміз» деп Күләш киімдерін, айтатын әндерін дайындап жатты. Сөйтіп жүргенде Күләш бір күні үйге көңілсіз келді, әншейін жаралы аңдай сүйретіліп есіктен әрең кірді.

-Қана,құрылым, я погибла, — деді.

-Не боп қалды?

-Қытайға бармайтын болдым. Үстімнен арыз түсіпті. Алты адам қол қойған көрінеді. «Арақ ішеді, гуляет» депті. Мұндай масқараны көргенше, өлгенім жақсы ғой, Қана.

Кейін театрдың екінші онкүндігіне дайындық болып, мен Мәскейге ұшып кеттім. Артынан Күләшті де шақыртып алдым. Қонақүйге орналастық. Ертесі Алматыға ұшуым керек болды. Күләш «мен 5-інен кейін қайтамын. Сол кезде рейстен телеграмма беремін. Мені таңертең оятпай кетіп қалшы» деді. Солай жасадым да. 5-і күні телеграмма күттім. Бір кезде қарасам, үйге Қалибек, Сәбит, Ғабит, мәдениет министрі Ә.Қанапин келе жатыр екен. Бәрін жиып алды да,Қанапин Күләштің қайтыс болғанын естіртті…(Қанабектің естелігінен)

Ваннаның қасына жетіп, жақтауына сүйенген күйі отыр дейді. Құламапты, тірі адамдай сүйеніп қана отыр екен. Отырған қалпы мәңгі ұйықтап кетіпті. Жүрек шіркін шыдамапты. Талай бақытты сәтті бастан кешкенде жарылмаған жүрек өстіп ойда жоқта жарылып кетіпті. Берерін беріп, дарыны мен талантын тауысып барып өлген жоқ Күләш. «Ең кереметімді енді көрсетемін» деп жүргенде өлді…

Отбасы

Әкесі Жасын — әжептәуір әнші, сері адам. Кезінде әйгілі Әсетпен, Балуан Шолақпен бірге жүрген. Бір ағасы Манарбек те әнші болған. Өзге ағалары да өнерсіз болмаған, тек кәсіп етпеген. Айтбек те әнді әдемі салатын, сырнайға қосылып айтқанда айызыңды қандыратын. Күләштің анасы Зибажан Айдарханқызы ажарлы, әнші, ұлттық қолөнер шебер болған кісі.

Үлкен қызы Құралай 1938 жылғы болатын. 36 жасында өмірден өтті. Құралайдан кейін 1940 жылы Қарлығаш дүниеге келді. Қаршыға 1942 жылғы болатын. Ол бес жасында балабақшада астан уланып қайтыс болды.

Пікір қосу