1 мамыр – Қазақстан Халықтарының бірлігі күні.  Жыл сайын дәстүрлі түрде тойланып келетін бұл мерекенің ұлтаралық және дінаралық келісімнің, өзара түсіністік пен сыйластықтың сақталуында маңыздылығы орасан. Juldyz.kz оқырмандарын айтулы мерекемен құттықтай отырып, мереке күніне арналған сауалнама жүргізіп, арнайы «Жұлдызды құттықтау» дайындады.

1 Бірлік күні. Осы мерекені бұрын және қазір қалай атап өтесіздер?

2 Басқа атаулы күндерден қандай ерекшелігі бар?

3 Өзге ұлттан құрбыларыңыз бар ма?

4 Қазақстан халқына тілегіңіз.

 

«АЛАШҰЛЫ» ТОБЫ:

 «Бірлігіміз жарасқан» деп Елбасымыз қалай әдемі айтқан!»

1. Бұл мереке – ыстық мереке. Мектеп кезімізде осы күнге орай дайындалатынбыз, асыға күтетінбіз. Әр түрлі ұлт өкілдерінің жарасымын көрсету үшін, түрлі халықтың ұлттық өнерін сахналайтынбыз. Қазір де осындай атаулы күндерде ұйымдастырылатын барлық шараға барынша атсалысып, өнерімізді көрсетіп, әнімізді шырқап жүрміз. Шүкір.

2. Бұл күнде қай ұлт өкілі болмасын, жасы бар, жасамысы бар, барлығы дерлік қу тіршіліктің қамытын шешіп, отбасымен орталық алаңдарға мерекені атап өтуге жиналады. Жүздеген ұлт өкілдерінің барлығы бір-біріне бауырдай болып құттықтасатын мерекенің ерекшелігі де осы болар.

3. Иә. Қарапайым мысал ретінде, өзімізбен қатар қазақ эстрадасында жүрген бауырларымыз бен қарындастарымызды айтуға болады. Аралас-құралас аға-інілердің арасында да өзге ұлт өкілдері бар. Барлығы біз үшін  өзіміздің қазақтай көрінеді, себебі бойына қазақылық сіңген олардың.

4. Барша қазақстандықтарды «Бірлік күнімен» құттықтаймыз! Достығымыз бен сыйластығымыз артып, Қазақ еліне бейбіт күнде баянды ғұмыр кешуді жазсын! Басшымыз «Бірлігіміз жарасқан Мәңгілік ел» деген тіркесті қалай әдемі айтқан?! Сол бірлікті жарастырып жүрген көреген саясаткер – Елбасымызға алғысымызды айтамыз! Еліміз, жеріміз, Көшбасшымыз аман болсын!

Мая Веронская, журналист, тележүргізуші, актриса:

«Біз осылай сен-мен демей, бөлінбей өстік»

1. Барша қазақстандықтар үшін бұл мерекенің орны бөлек. Біз – 130-дан астам ұлттың өкілдері тұратын, көпұлтты мемлекетпіз. Халықтар арасындағы достық біздер үшін үйреншікті, тіпті қалыпты жағдай. Себебі, әр ұжымда кем дегенде 5-6 ұлттың өкілі бірге жұмыс жасайды. Көршілеріміз түрлі ұлттан екенін бала кезімізден білетінбіз. Далада ойнап жүрген кезде, біреудің анасы  бауырсақ, шелпек пісіріп қойып бізге ауыз тигізетін, басқа бір ана пасха мерекесіне жұмыртқаны бояп, ауладағы балаларға таратып жіберетін. Біз осылай сен-мен демей, бөлінбей өстік.

2: Қазіргі кезде көп мемлекеттерде әртүрлі жағдайлар орын алып  жатқандықтан, адамдар бір-біріне сенімсіздікпен қарай бастады.  Сондықтан, осындай мерекелер елдер мен мəдениеттер арасындағы бейбітшілікті сақтауға, адамдардың бір-бірінің мəдениетіне, əдет-ғұрыптарына, дəстүрлеріне құрметпен қарауға көмектеседі!

3:  Қазақша оқып, қазақи ортада өскеннен кейін құрбыларымның басым бөлігі –  қазақ қыздары. Алайда, орыс, неміс, еврей, тəжік, өзбек, түрікмен халықтарынан достарым бар.

4: Барша отандастарыма «Қазақстан Халықтарының бірлігі күні» мерекесі құтты болсын деймін. Əрбір отбасына бақыт, береке-бірлік, байлық тілеймін! Бейбітшілік пен келісім бар жерде ғана жетістіктер болады. Сондықтан, достығымыз бен ынтымағымыз арта берсін! Аристотельдің осы достыққа қатысты айтқаны бар еді: «Достық – өмірдегі ең бағалы қазына. Дүниенің бар байлығына ие болса да, ешқандай адам өзінің доссыз қалуын қаламайды». Көпұлтты мемлекетіміздің халықтар арасындағы достығы ұзағынан болсын!!!

ТОМИРИС ЖАНҒАЗИНОВА, жас әнші, тележүргізуші:

«Бұл мереке жыл сайын көркейе берсін!»

1. Менің білуімше «Бірлік күні» 1996 жылдан бері тойланып келе жатыр. Ес білгелі бұл мерекені көбінесе жақын адамдарымның арасында өкіземін және осы мерекеге орай ұйымдастырылатын іс-шараларда өзімнің өнерімді көрсетіп жүремін. Лайым солай болсыншы!

2. Ынтымақ пен бірлік мерекесі болғандақтан ол өте жылы, қуанышқа, маxаббатқа толы мереке. Адамдар күнделікті күйбең тіршілігін ұмытып, бір-бірімен емен-жарқын, асықпай әңгіме өрбітеді. Себебі, бәріне демалыс беріледі ғой (күлді).

3. Иә, шет елдерде және Қазақ жерінде өзге ұлттан құрбыларым бар. Бір-бірімізді әрдайым қолдап жүреміз.

4. Мереке жыл сайын көркейе берсін!  «Бірлік болмай тірлік болмас» дейді ғой қазақ халқы, бірлігіміз әрдайым жарассын. Осы мерекеге орай іс-шаралар көбейіп, сол арқылы біз де, өзіміздің маxаббатымызды өнер арқылы xалыққа дарытайық.

Расымен, бұл  – Қазақстан азаматтары үшін ең ыстық мерекелердің бірі. Сондықтан еліміз тыныш, апаттар мен соғыстан аман болсын! Бірлік пен достық мерекесін Мәңгілік Қазақ елінде  жыл сайын атап өтуді жазсын! Мерекелеріңізбен, қадірлі оқырман!

1 пікір

Пікір қосу