Өткен жылы Ақтөбедегі Никольский кафедралық соборы маңында Хачкар (крест тасы) ескерткіші орнатылған. Бұл «Урарту» армяндар қауымдастыңының бастамасымен қойылған. Ақтөбелік белсенді Нұрлыбай Қошаманұлы бұл түрік геноцитінде қырылған армян халқына қойылған құлпытас деген пікірде. Жергілікті «Диапазон» басылымының хабарлауынша 23 сәуір күні 11-30 «Хачкарға» Осман империясында өлген армян құрбандарына арнап гүл шоғын қою рәсімі болады екен. «Азат» қозғалысының бұрыңғы мүшесі, қоғамдық белсенді Нұрлыбай Қошаманұлы осы жайтқа қатысты әлеуметтік желіде облыс басшысы Бердібек Сапарбаевқа ашық хат жолдапты.Біз өз сайтымызда жариялауды жөн көрдік!

Ақтөбе облысы әкімі Б.М.Сапарбаевқа

Құрметті С.Б.Машбекұлы! Иә, бiзде ашаршылықта қырылған қандастарымыз жайында 31 мамыр – саяси қуғын-сүргiн құрбандарын еске алу күнiмен бiрге, елеусiз ғана айтылып жүр. Саяси-қуғын сүргінде қазақ болған құрбандар үшін «Түйетөбеде» белгі тас та қойылды. Бұл жерде айқындап алатын мәселе, саяси қуғын-сүргiн құрбандары олар – өз заманының алдыңғы қатарлы бiлiм ордаларында оқыған, зиялы, көкiрегi ояу азаматтар. Халық жауы, ұлтшыл деп айыпталып, жер аударылған, ату жазасына кесiлген ақтаңдақтар.
Ал, ашаршылық құрбандары тоталитарлық жүйенiң аяусыз, асқан қатiгездiкпен жасаған реформасының құрбандары. Осы себептi өзектес болғанымен бұл екi жағдайдың ара-жiгi ажыратылып, әрқайсысы бөлек айтылғаны дұрыс. Егер 1930 жылы республикада 5 миллион 873 мың адам тұрған болса, 1933 жылы халықтың саны 2 миллион 493 мың ғана болып қалды. Мұндай өте қысқа мерзімде осыншалықты қырғынға ұшыраған халық оған дейін де, одан кейін де адамзат тарихында болған емес. 1931–1933 жылдары қазақ халқының басына төнген ең бір қасіретті «Ұлы жұт» кесірінен күні бүгінге дейін қазақ халқы өз жерінде демографиясы жағынан азшылыққа ұшырап, рухани зардабын әлі көріп келеміз. Азшылығымыздан өз ішімізде қазақты бәрі басынатын болды. Әлі де солай.
Ақтөбеде қоғам белсенділерінің көтеруімен ашаршылық құрбандарын еске алып, тағзым ететiн ескерткiш тұрғызу туралы бастама қаншама мәрте көтерiлгенiмен, ол жұмыс түрлi себептерге байланысты көп жылдар бойы орындалмай келедi. Біз КСРО кезінде аштықтан, репрессиядан қырылған 3500-40000 млн қазаққа белгі қоя алмай жүргенде Ақтөбеде армяндар «түрік геноцидінен қырылған армян халқына деп, «құлпытас белгіні» қай уақытта қойып үлгерген? Ақтөбелік «Азаттықтардың» аштықта қырылған халқымызға деп қойған орталық парктегі «ҚҰЛПЫТАСЫН» билік ысырып тастағалы қашан. Азаматтар сол белгі тасты қоятын жаңа жер таба алмай әлі күнге дейін түйе табан, қызыл өңеш боп жүр. Мыналарға не жорық? Әншейінде ұлтарақтай жерге рұқсат ала алмайсың, мына жерге кім рұқсат берген екен? Облыстық Ішкі Саяат департаментіндегі азаматтар қайда қарап отыр?
Көршiлес Армения республикасы басшылары Түріктердің қызыл қырғынын «ГЕНОЦИД» деп таныса, бiздiң елде бұл мәселе осы күнге дейiн көтерiлмей келедi. Жасыратыны жоқ мәселені көтеруде Реседің алдында дәрменсізбіз. Соның ішінде Ақтөбе облысы ұйқыда десек те болады. Қасақана қолдан аштық жасалып, қазақ ұлтын түп тамырымен жоюды мақсат тұтқан нәубатқа саяси баға берiлуi, белгі қою солтүстiктегi көршiмiзге, армян бауырларымызға айып тағу емес, тарих алдындағы адалдық болар едi.
Құрметті облыс басшылары, құзырлы мекеме жетекшілері! «Ашаршылық құрбандарына ескерткiш» монументi мүсiнiн сомдауға облыс көлемінде байқау өткізіп, iрiктелген жобаны іске асыратын уақыт келді. Ақтөбеде аштық құрбандарының рухына тағзым ететiн қастерлi орынның болуы бүгiнгi күн талабынан туып отыр. Бұл жазықсыз жазалы болып, ажал қармағына iлiнген бабалардың ұрпағы үшiн қажет.

Нұрлыбай Қошаманұлы

Пікір қосу