— Нұржамал, сіздің елімізге белгілі азамат Төлеген Мұхамеджановтың жары екеніңіз белгілі. Ол кісі өзі де өнер адамы болғандықтан, сіздің өнеріңізді қолдайтыны түсінікті шығар. Бірақ, екі жақта – екі қалада өмір сүру қиын емес пе?

— Төлегенді жақсы білесіздер деп ойлаймын. Оның негізгі мамандығы музыкант, сазгер болғанымен, көптеген қоғамдық жұмыстарды атқарып келеді. Мен үшін жанымдағы ер-азаматымның шығармашылық адам болғаны өте маңызды. Лауазымды қызметтер атқарып жүргенімен, шығармашылық адамы бо-лғаны мені қуантады. Кезінде Әкім орынбасары, Мәжіліс депутаты да болды. Қазір Сенатор қызметін атқарып жүр. Мұның бәрі, әрине, жақсы. Бірақ, өнер адамы ретінде оның мені терең түсінетіні, өнерімді қолдайтыны қуантады. Төлеген менің әнші ретінде өскенімді қалайды, сондықтан, соған лайық жағдай жасайды. Кейбір әнші әйелдер «Отбасы мен карьера арасында таңдау жасау керек болды» деп айтып жатады. Менің басымда ондай қиындық жоқ. Әрине, екі қалада өмір сүру — оңай емес. Дегенмен, біз бір-бірімізді жиі көріп тұрамыз. Ол қазір балалармен Астанада болса, мен — Алматыдамын. Жоғарыда мен үшін театрдағы жұмысымның қаншалықты қымбат екенін айттым ғой. Сондықтан, оны тастап кете алмаймын. Операсыз, сахнасыз мен тұншығамын. Одан тыс өмір сүру мүмкін емес.

қарлығаш— Төлеген ағамен қалай танысқан едіңіздер?

— Ең алғаш рет біз консерваторияда таныстық. Ол кезде бірінші курс студенті болсам, Төлеген бесінші курста оқып жүрген еді. Екеуміз де жатақханада тұрдық. Сөйтіп, консерваторияда өткен бір жиналыста таныстық. Ол студенттер кеңесінің төрағасы болды. Студент кезінен белсенділік танытып, қоғамдық жұмыстардың барлығына араласып жүретін. Менің көзіме ең алдымен оның белсенділігі түскен болатын. Пысықтық, еңбекқорлық – Төлегеннің ең жақсы қасиеттері. Өз басым, мәселен, қоғамдық жұмыстарға мүлде араласа алмаймын. Мен — таза шығармашылық адамымын. Көп адамдар маған «Неге сабақ бермейсің? Неге шәкірт тәрбиелемейсің?» деп қолқа салып жатады. Ұстаздық ету үшін де дайындық керек қой. Мен оған әлі дайын емеспін. Мен басымды тек өзімнің шығармашылығыммен ғана ауыртқым келеді. Қоғамдық жұмыс ре-тінде, тек белгілі бір байқауларға қа-зылық етуге шақырғанда ғана барамын. Мен — Қазақстанның мемлекеттік сыйлық тағайындау комиссиясының мүшесімін. Ондай сенім артылғаннан кейін, әрине, мен бас тарта алмаймын. Шақырған жиналыстарына барып тұрамын. Бірақ, жетекшілік ететін, басқаратын орындарға отыра алмаймын. Ал, бұл Төлегеннің қанында бар қасиет сияқты. Белсенді азаматтық позиция деген жақсы ғой. Алайда, мен де өзімнің өнеріммен, өзімнің еңбегіммен Қазақстанның дамуына, теңізге құйған тамшыдай болса да, үлесімді қосып жүрмін деп ойлаймын.

— Нұржамал, студенттік, жастық шағыңызға қайта оралайықшы. Төлеген ағамен қарым-қатынасыңыз әрі қарай қалай өрбіді?

— Мені Төлегеннің белсенділігі таңғалдырды, сонысымен жүрегімді жаулап алды. Еңбекқор, талантты жігітті қандай қыз ұнатпасын?! Оны бүкіл консерватория танитын. Кейін мен оның кәсіби маман ретінде де өте талапшыл екенін білдім. Танысқаннан кейін қыз-жігіт болып араласып жүрдік. Бірақ, ол кезде тағдыр бізге бірге болуды жазбады. Өмір бізді он жылдан кейін қайта табыстырды. Әрине, оған дейін біз бір-бірімізді көріп, араласып жүрдік. Бірақ, он жыл өткеннен кейін ғана біз отбасын құру жөнінде шешім қабылдадық.

13597541_1094382873959860_455677078_n— Араға он жыл салмай, сол кезде шаңырақ көтеруге не кедергі болды?

— Мен Төлегеннің өз өмірін менімен байланыстырып, отбасын құруға дайын екендігін көре де, сезе де алмадым. Басты кедергі осы болды. Әкемнің қатал адам болғанын айттым ғой. Сондықтан, отбасымда қатаң тәрбие алып өстім. Әкем кешкі сағат тоғыздан кейін бізді, яғни, балаларын ешқайда шығармайтын. «Қыдыру, киноға, би кешіне бару дегенді маған айтушы болмаңдар! Көңіл көтеремін десеңдер, үйде отырып-ақ музыка тыңдауға, кітап оқуға, ән салуға болады» дейтін. Кешкі тамақ кезінде бәрімізді түгендеп отыратын. Осындай ережелер бойынша тәрбиеленген мен жігітпен жүрудің не екенін білмедім. Кейін училищеде де, шынымды айтсам, ешкіммен жүрген емеспін. Әрине, сөз айтып, сезімдерін білдірген жігіттер аз болған жоқ. Бірақ, мен, алған тәрбиемнің әсерінен шығар, білім алып болмайынша, жігітпен жүру дұрыс емес деп есептейтінмін. Оның үстіне ол кезде көңілімнен шығатын жігіт болған жоқ. Училищедегі жатақханада бір бөлмеде төрт қыз болып тұратынбыз. Төртеуміз киноға да, дүкенге де бірге баратынбыз. Сонда бірімізді бір жігіт бір жерге шақырса, төртеуміз бірге барып, ол жігітті сынап көріп, арам ойлы емес екеніне, құрбымызға лайық, жақсы жігіт екеніне бәріміз көзімізді жеткізуіміз керек болатын. Сонда байқап қарасам, мен өз басым ешкіммен жүріп көрмеппін. Алматыда алғаш рет Төлегенді кездестіргеннен кейін шынайы сезімнің не екенін түсіндім. Біз алдымен дос ретінде араласып жүрдік. Кейін бірте-бірте арамызда сезім пайда бола бастады. Бірақ, өкініштісі сол – Төлеген ол кезде менің жүрегіме сенім ұялата білмеді. Оның менің өмірлік жарым болатынына көзім жетпеді. Ішкі сезімім арадағы қарым-қатынасымызды үзу керек екенін сездірді. Содан кейін біз екі жаққа кеттік. Бірақ, сол кезде екеуміздің шын мәнісінде бір-бірімізге жаратылғанымызды түсінбегенімізге өмір бойы өкінетінін Төлеген әлі күнге дейін айтып отырады.

— Төлеген ағаның бұл сөзіне қарағанда, екеуіңіз екі жаққа кеткендеріңізбен, бір-бірлеріңізге деген сезім сақталып қалды ғой?

— Әлбетте сезім болды. Ал, шынайы сезім бірден жоқ болып кетпейтін шығар. Сезім болмаса, он жылдан кейін біз қосылмақ түгілі, мүмкін, жай ғана амандасып өтіп кете беретін бе едік… Қалай болғанда да, Төлеген екеуміздің арамызда бір байланыс, тартылыс күші болды. Ақыры біз бірге тұруды қалайтынымызды түсіндік. Құдайға шүкір, айрандай ұйыған үлкен отбасымыз бар.

(…толық нұсқасы
Жұлдыздар отбасы журналының 

№14 (31/108). Шілде 2008 жылғы
 санында)

Сұхбаттасқан Алтын-ай Қабиденқызы

Пікір қосу