– Баян, фотосессияларыңызға қарасам, жүздеріңізден шынайы бақыттың шуағы байқалады. Жаңа өміріңіз көңіліңізге көктем әкелген сияқты. Өзіңізді бақытты әйелдердің санатына жатқызасыз ба?

– Аллаға шүкір, мен бақытты әйелмін, бақытты анамын. Тек осы бақытымызды Алла көпсінбесе екен деп тілеймін. Бала деген Алланың сыйы ғой. Қазір Ерлан екеуміздің Назарали есімді тәп-тәтті балапанымыз бар. Күнде бір қылық шығарады. Соның тәтті қылығы мен қызығына тоймай жүрміз.

– Өмірдің біраз қиындықтарын жеңдіңіз. Тағдырыңызға ризасыз ба?

– Иә, мен тағдырыма ризамын. Адам қай уақытта да бақытты болуға талпынады. Бірақ ертеңгі өмірі, тағдыры қалай болады, ол бір Алланың қалауындағы дүние. Ешкім өзін алда не күтіп тұрғанын айтып бере алмайды. Егер біз болашақты, маңдайымызға жазулы тағдырымызды білетін болсақ, барлығымыз бірдей бақытты болар едік. Пенде болғаннан кейін әр адамның басынан әр түрлі қателіктер, сынақтар өтеді. Ол өмірдің қалыпты заңдылығы. Алланың берген сынағынан да адам абыроймен өтуге тырысу керек. Сөйтіп алға қойған мақсатына ұмтылуы тиіс. «Өмірдің өзі күрес» дейді ғой. Әр сынақтан түңілмей, өмірге сүйіспеншілікпен қараған дұрыс. Қиындыққа мойымай, қолынан барлық нәрсе келетініне өзіңді сендіріп өмір сүру керек.

– Қазір өмірдің бақытын сезініп жүрсіз. Ерланмен тағдырыңызды қосқанда осындай жақсылықтардың болатынына сендіңіз бе?

– Әр қиындықтың артында бір жақсылықтың болатыны ақиқат. Мен әрдайым бір жақсылықтың келетініне іштей сенетінмін. Ең бастысы адамның ниеті дұрыс болу керек. Барлығы сол ниетке байланысты. Адам алдағы өмірін әдемі етіп сүруге талпыну керек. Сәл қиындық үшін өмірден түңілуге болмайды. Ақын Мұқағалидің: «Өмір, өмір! Болмайды түңілуге, Мәңгі сені жазбаған сүрінуге, Қайта тұрып, қақың бар жүгіруге», – деген өлең жолдарын өмірлік қағидаға айналдыру керек. Мүмкін мені өмірде бұдан да жақсы, жарқын сәттер күтіп тұрған шығар.

 – Ерлан екеуіңіз отбасын құрғалы шығармашылығыңызда біршама өзгерістер байқалады…

– Бұрын бәріне жалғыз өзім жүгіретінмін. Ал қазір жанымда Ерлан бар. Ұйымдастырушылық жұмыстары қазір соның мойнында. Ал мен тек шығармашылықпен айналысамын. Рас, Ерлан екеуміздің шығармашылығымызда біршама ілгерілеушілік, ізденіс бар. Қос дауыста ән айтқалы, жұрттың бізге деген ықыласы бұрынғыдан да арта түскен сияқты. Жұрт: «Сіздер жарасымды жұпсыздар. Әндеріңіз де әдемі. Осындай дуэттеріңіз көп болсын. Жұптарыңыз ешқашан жазылмасын» деп күн сайын әлеуметтік желідегі парақшамызға тілектерін жазып жатады. Әрине, мұның барлығы бізге шабыт сыйлайды.

Жақында жаңа баспанаға қоныс аударыпсыздар. Бұл сізге Ерланның жасаған тосынсыйы деседі. Осы рас па?

– Мұны тосынсый деп айтуға бола ма, болмай ма, білмеймін. Өйткені, бұл үйдің ішкі құрылысы бітпей тұрғанда Ерлан екеуміз таңдап, ақылдасып, сатып алғанбыз. Бірақ, құрылысы аяқталғанша Ерлан мені ол үйге қайтып жолатқан жоқ. Мен де: «Үй қашан бітеді? Қашан көшеміз?» – деп Ерланды асықтырмадым. Бір күні Ерлаш: «Баяша, бүгін саған үлкен сыйлығым бар», – деп үстелдің үстіне кілтті қойды. Сол кезде қатты қуандым. Ал үйді көргенде Ерланның талғамына риза болдым. Ол әңгіме арасында менен: «Саған мынандай түс ұнай ма? Былай болса қалай қарайсың?» деп әр нәрсені сұрап жүретін. Оның сұрақтарына жауап бергеніммен, «мұны неге сұрап отыр?» деп аса мән бермейтінмін. Негізі Ерлан сыйлық жасардың алдында маған білдірмей ішкі ойымды, көзқарасымды біліп алады. Жалпы, барша қазақ әйелдеріне осындай тосынсый тілеймін.

– Кейбіреулер «Ерлан өте қатал» деседі… жарыңыздың мінезіне қандай баға берер едіңіз?

– Ерланның бойында ер азаматқа тән мінездер жетерлік. Керек кезінде қатал да, өжет те бола алады. Әсіресе, жұмыс барысында ашуға бой алдыратынын жасырмаймын. Ал жеке өзіме қаталдық танытып, мінез көрсеткен емес. Шығармашылық адамы болғаннан кейін шығар Ерланның жүрегі жұмсақ, жаны нәзік. Кез келген нәрсені жүрекке тез қабылдайды. Ал әке ретінде мейірімді. Баласын қатты еркелетеді. Өте балажан. Біз бала күтуші де, үй күтушісін де ұстамаймыз. Менің қазір көмекшім де, қамқоршым да – Ерлан. Бір нәрсеге үлгере алмай жатсам, баланы айналдырып, маған қолғабыс жасап, көмектеседі. Екеуміз екі жақтап барлық іске үлгеріп жатамыз. Егер Ерлан болмағанда менің шығармашылық жұмысым бұлай алға баспас еді. Және ұйымдастырушылық жұмыстарға үлгере алмас едім.

– Ана, жар ретінде өзіңізге қандай баға бересіз?

– Мұны Ерланнан сұрағаныңыз дұрыс. «Мен мынандаймын» деп өзімді мақтай алмаймын. – Ерлан – өмірде жарыңыз, өнерде – продюсеріңіз. Жұмыс барысында келіспеушіліктер болып, ренжісіп қалмайсыздар ма? – Біз қандай істі болсын ақылдасып шешеміз. Сондықтан болар, осы уақытқа дейін арамызда реніш болмапты. Болмай-ақ та қойсын деп тілеймін. Қамшының сабындай қысқа ғұмырда бір-бірімізді бағалап, тату-тәтті өмір сүрсек дейміз.

– Инстаграм парақшаңызда сіздің сұлулығыңызға, қарапайымдылы­ғыңызға тамсанып, пікір жазатындар өте көп. Бұған Ерлан қызғанбай ма?

– Бұл туралы Ерлан ештеңе айтқан емес. Дегенмен кез-келген адамда қызғаныш болады ғой. Жақсы көретін адамыңды, өзіңе қымбат жанды қызғанбау мүмкін емес. Бірақ оның да шегі болуы керек. Қызғаныш сезімі отбасыңа, қарым-қатынасыңа зиянын тигізбегені жөн. – Жақында «Бенефис шоуда» әпкеңіз Гүлназ ән салды. Жарыңыздың әпкеңізге де продюсер болуы мүмкін бе?

– Кейбір тыңдармандарыңыз­ды Ерланнан екі жас үлкен­дігіңіз мазалайды екен…

– Біздің жас алшақтығымыз бар болғаны екі-ақ жас қой. Бірақ соның өзін кейбіреулер әңгіме еткенді жақсы көреді. Бұл сұраққа шамданған емеспін, бірақ жұрттың осыған қатысты алыпқашпа сөздері мені әбден мезі етті және жалықтырды.

 

(…толық нұсқасы
«Жұлдыздар отбасы» журналының 

№10 мамыр 2016 жылғы санында)

Көшіріп басуға, тақырыпты бұрмалап салуға, материалды қысқартып өзгертуге, арасынан сөз немесе сөйлемдерді алуға қатаң тыйым салынады!

Пікір қосу