Құпия болмаса, Әлшермен қалай танысқандарыңызды айтып беріңізші…

«Біз бір-бірлерімізді гастрольдік сапарларда жиі көретінбіз.  Бірақ мен оны танымайтынмын. Ол мені сыртымнан біледі екен. Тіпті мен туралы өзгелдерден сұрап ақпарат жинап алыпты. Өтірік айтқаным емес, бір жыл бойы маған белгісіз біреу гүл жіберіп жүрді. Гүл келген сайын «бұл кім екен?» деп басым қататын. Адамның ойы жүйрік қой, «мүмкін, маньяк шығар немесе мені алып қашайын деп жүрген біреу болар» деп жаман ойлап, тіпті жалғыз жүруге қорқатынмын. Сөйтсем, ол Әлішер екен. Мұнын барлығын кейін білдім ғой. Қазір «неге ең болмағанда сол кезде атыңды жазып жібермедің?» деп сұрасам, «Мұның барлығы саған қол жеткізу үшін құрылған жоспар болатын», — дейді күліп.

Содан әрі қарай не болды? Гүл жіберген жігіт сіздің ханзадаңыз екенін қайдан білдіңіз?

Тағдыр шығар бір күні екеуміз қалада бір ғимараттың алдында кездесіп қалдық. Одан кейін ол маған телефон шалып, хат жазатынды шығарды. Бірақ бір жыл бойы оның ұсынысын қабылдамай жүрдім. Оның үстіне сол кездері жұмыс өте қарбалас еді. Оған көңіл бөлуге уақытым болмады.

Сізге жүрегін ұсынып, көңілін білдірген жігіттер көп болған шығар, солардың арасында Әлішер сізді қандай мінезімен тәнті етті?

Әкем маған үнемі «Жігіттердің түр-келбетіне емес, жан дүниесіне, адамгершілігіне қара» деп жиі ақыл айтатын. Бірақ кез келген адамның сыртқы келбетіне алдымен көзің түсетіні сөзсіз ғой. Алғаш танысқанда оның сымбаттылығы ұнады. Уақыт өте келе оның өте салмақты, сабырлы жігіт екеніне көзім жетті. Ол ешқашан түкке тұрмайтын, болар-болмас нәрсеге ашуланбайды. Өзіндік көзқарасы, ұстанымы бар. Көп жігіттер мақтанып бос сөйлеп жатады ғой, ал Әлішер айтқан уәдесінде тұрады. Ол жақындарына, туған-туыстарына әрдайым көмектесіп жүреді. Ешқашан дауыс көтеріп сөйлемейді. Міне, мені осындай қасиеттерімен баурап алды.

Жоғарыда гүл жібергенін айттыңыз, кейін де бұл «дәстүр» жалғасын тапты ма?

Әрине. Ол әрдайым маған көңіл бөліп, қамқорлық танытып жүреді. Тек мейрамдарда ғана емес, жай күндерің өзінде гүл сыйлап, тосын сыйлар тарту етіп, мені таңғалдырады. «Мейрам емес қой, не үшін гүл сыйладың ?» — десем, «Сенің көңіл-күйіңді көтеру үшін», — дейді. Ал мейрамдарда ешқашан сыйлықсыз қалдырған емес.

 

(«Жұлдыздар отбасы», №14, 2015 жыл)

Пікір қосу