10-11 сыныпты бір жылда бітірдім

Мен Алматы қаласында дүниеге келдім. Қазір Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінің І курс студентімін. Бұған дейін №66 мектебінде оқыдым. Бірақ, дарынды балаларға арналған «Зерде»мектебінің түлегімін. Әкем — мемлекет қызметкері, ал анам біздің тәртібімізді қадағалап үйде отырады. Үйде төрт ағайындымыз. Әпкем, ағам және інім бар. Өзім 10-11 сыныпты бір жылда бітірдім. Ол экстернат деп аталады. Бұл сабақ үлгерімің жақсы болған жағдайда жүзеге асырылады. Бір күнде түске дейін, сосын түстен кейін оқи отырып екі сыныпты 1 жылда оқып  шықтым.

Мен 1-сыныптан қазақ тілінде оқыдым. Қазақ тілінде еркін сөйлеймін.

Білетіндеріңіздей, жақында өткен «Қазақ аруы — 2017» атты жобасында жүргізуші болдым. Бұл менің үлкен сахнадағы алғашқы қадамым. Жалпы, мектеп кезінен бастап кішігірім кештерді жүргізіп тұратынмын. Нұрлан Әлімжан ағаммен тойды да жүргізген кездерім болды.

Бұл салада тәжірбием жоқ

«Қазақ аруы» киносына кастингіне 500-дей қыздар қатысты. Факультетімнен құрбы қыздарым барған. Солардан естіп, мен де бағымды сынауға барған едім. Бағым ашылып, киноға түсу маған бұйырды. Кинодағы алғашқы қадамым болғаннан кейін көп тұсы қиынға соқты. Қазір 17 жастамын. Бірақ киноға 16 жасымда түстім. Көптеген кәсіби, өнер адамдарымен жұмыс жасау қиын болды. Менің бұл салада тәжірбием жоқ. Режиссердің барлық айтқандарын орындауға тырыстым. Қанша қиын болса да, өзімді ұстап, қиындықтарды жеңіп шықтым деп айта аламын. Халықтың қошеметіне, махаббатына бөленудің өзі бір бақыт. Қазіргі уақытта жаман пікірге қарағанда, Аллаға шүкір, жақсы пікір көптеп жазылуда. Әрине, оған қуаныштымын.

Көрермендер «неге көп сөйлемейді?» деп жазып жатады. Мен мәтін бойынша өз рөлімді сомдап шықтым. Кинода менің рөлім тұйық болу керек болды. Барынша жақсы ойнауға тырыстым. Көріп отырып «мына жерде былай ойнауым керек еді,эмоция жетпей қалыпты» деген ойлар болды. Қателіктерімді байқап қаламын. Алдағы уақытта киноға түсіп жатсам осы қателіктерімді түзеуге тырысамын. Кастингте өзімнің шығармашылығымнан өлең оқыдым. Кішігірім өлеңдерім жазылған кітапшам бар. Соны көрсеттім. Киноға түсірілім уақытында 1 ай сабаққа келмедім. Кинода күннің суықтығы, жеміс сату маған қиын болған жоқ. Қыздар жеміс сатудан ұялып жатты.  Мен одан намыстанбаймын. Жалпы, мен 1 ай бойы Әсел болып өмір сүрдім. Ол кино шынайы шығу үшін қажет.

Көпшілігі: «16 жастағы қыздың Тәуекелмен сүйіскеніне ата-анасы қалай қарады?»- деп сұрап жатады. Бұл кино менің алғашқы түсірілімім болғандықтан ешқандай кадрға қарсы шыққан жоқпын. Мен басынан қарсы шықсам, ешқандай мақсатыма жете алмаймын ғой. Мінезімді көрсетіп, түспеймін десем ұят болар еді. Өйткені, маған сенім артқандар болды. Баян Мақсатқызы талап қойды, мен оны орындадым. Ата-анам менің бұл рөліме қарсылық танытқан жоқ. Ата-анам «бұл — өз өмірің» деп қайта қолдау көрсетті.

Моделдік бизнеспен айналысамын

Мектепте 10 -жасымнан бастап өлең жаздым. Бірақ, оны елге жариялағым келмейді. Оның үстіне ақын деген деңгейге әлі жетпедім. Кішкентай кезімнен бимен айналысып келемін. Мектеп уақытында «Абай оқулары», «Есенқұл Жақыпбек оқуларына»  қатыстым. Есенқұл Жақыпбектің шығармаларын ұнатамын. Өлеңдерін жаттап, оқып тұрамын. Журналистика саласына келу менің бала күнімнен бергі арманым. Құдайға шүкір, арманым орындалды. Киноға түсер алдында Лермонтов театрына барып актерлық сабақтар алдым. Одан басқа, дұрыс сөйлеу мәнері бойынша Гүлнара Ералиевадан сабақ алдым. Мен моделдік бизнеспен кішкентай кезімнен бері айналысамын.Оған ешқандай ақша төленбейді. Бұл менің хоббиым ғана.

Түсірілім кезінде мынадай қызық болған. Мені киноның алғашқы бөлімінде «Алтын белгі» алып қуанып тұрған сәтте телефоннан жаман хабар естіп жылауым керек болды. Соны сомдағанымда қасымдағы қосымша рөлдегі жігіттер таң қалды. Осы эпизодты қайта-қайта дубль жасадық.

Мақсаттарым өте көп

Өмірдегі басты мақсатым — ата-анамның үмітін ақтау, оларды қуанту. Мақсаттарым өте көп. Бірақ, мен болашағым жайында айтқым келмейді. Болған кезде айтқанды ғана дұрыс санаймын. Егер ұсыныс түссе, тағы киноға түскім келеді. Болашақта өзімнің таңдаған мамандығым бойынша жұмыс жасағым келеді. Менің өнерде танысым жоқ. Ата –анамның мүлде өнерге қатысы жоқ. Тағы бір нәрсе, менің өмірім актирсалыққа дейін және кейін деп бөлінбейді. Бұрын қандай болсам, қазір де солаймын. Қарапайымдылығымды жоғалтқан жоқпын. Достарыммен, курстастарыммен жақсы араласамын.Тек инстаграм парақшамда оқырмандарым көбейіп жатыр. Олар суреттеріме түрлі пікір қалдырады. Кейде жаман пікірлер жазып қалса, көңілім түсіп анама хабарласамын. Бірақ, шүкір, жақсы пікірлер көп. Пікірлерді оқығаныммен,  жауап беруге уақыт жетпей жатады. Бәріне рахмет айтқым келеді.

Мені «адамға менсінбей қарайды» деп жатады. Бірақ, менің бар көзқарасым сол. Бұл — менің Алла берген табиғи ерекшелігім.

Сұхбаттасқан Мейірім Бақытбекқызы

4 пікір

  1. Гүлзада, кинода алғаш рет басты рөлді сомдап шыксанда, өз рөлінді көрерменге жеткізе білдің. Әсіресе, сөйлеу мәнерін ерекше!?

Пікір қосу