Өнердегі ұстазым — Арман Дүйсенов

Мені өнерге баулыған алғашқы ұстазым — әкем. Әкем өмірден өткен соң Шымкентте асаба болып жүрдім. 2012 жылы Алматыға келдім. Одан кейінгі ұстазым — Арман Дүйсенов. Ол кісі мені үлкен деңгейге өсірді. Той-бизнестен барынша аластатты десем де болады. Кез келген музыка жанрын, тіпті ортада өзімді қалай ұстауды, сөйлеу мәдениетін, бәрін Арман ағам үйретті. 

«Хабар start»  бағдарламасына дауылпазда отыратын Айболат деген ағамыз келмейтін болып, студияға отырған жерімнен бір күні сол жерге бардым. Артынан  гитарда ойнадым. Негізі, солай таныла бастадым. Үйдегілер,достарым сол кезде гитарада мені көріп қалса риза болатын.

Арнайы дипломым жоқ

Отбасымда әкем ән, терме айтатын. Дзюдо, қазақша күреспен де жақсы айналысты. Әкем оқуын бітірген соң ауылда жасөспірім ұл-қыздарды жинап, цирк өнеріне үйреткен. Тіпті, «Балауса » деген топпен Мəскеуде байқауға қатысып, жүлделі оралған. Бұл 1987-1992 жылдардың кезі болатын. Содан бері әкем өмірден өткенінше Оңтүстік Қазақстан облысында сол цирк өнерін дамытуға бар күш-жігерін салды. Бұрын әкем оңтүстік өңірде үлкен цирк ғимаратын ашуды армандайтын. Алла сәтін салып, 2012 жылы сол ғимарат ашылды. Әкемді жақсы танитын біраз жандар сол ғимаратқа менің әкемнің атын беруді ұсынып жүр. Алла қаласа, ол күн де жетер. Анам қарапайым отбасынан шыққан. Өнерге қатысы жоқ. Қайта өнерге қызығып өскен мені және інім Абылайханды, қарындасым Салтанатты еш бетін қайтармай өсірді. Қазір інім әкемнің жолын қуған аты шулы цирк майталманы. Ал қарындасым тұрмыста. Осындай отбасымыз барына Аллаға шүкіршілік етемін.

Домбырада ойнауды анамнан, гитараны нағашы ағамнан үйрендім. Шымкент қаласындағы музыкалық саз коледжінде білім алдым. Бірақ, оқуды аяқтамадым. Арнайы дипломым жоқ. Осы жағы ұяттау болып тұр (жымиды).

Менің өз тарихым бар

Негізінде, мен Қайрат Нұртаспен ән айтпас бұрын «Арман» дуэтінде ән айттым. Оның алдында 2015 жылы сазгер ретіндегі өзімнің кешімді берген едім. Сол концертке Қайрат бауырым да, Мақпал Жүнісова апай, Еркін Нұржанов, «Заман»тобы, Төреғали Төреәлі т.б көптеген әншілер  қатысты. Менің әндерімді орындады. Досым Индира Елемес көп көмегін тигізді. Ұстазым Арман Дүйсеновтің қасында жүріп, сазгерліктің біраз қиындықтарын көрдім. Қанша дегенмен де, сазгерлік екінші жоспарда тұрады екен. Осы кештен соң Қайрат бауырыма дуэт айтуға ұсыныс жасадым. Ол келісіп, қазір дуэт боп орындаған екі әніміз бар. Қайратпен бірге ән шырқағаннан соң танығандар да бар. Оны мойындаймын. Бірақ, менің өз тарихым бар. Дегенмен, Қайрат үлкен себепкер болды деп айта аламын.

Төреғалимен араласа келе дос болып кеттік. Сосын шығармашылық жайында әңгіме қозғап отырып, дуэт жазуға келістік. Екеуміз бір-бірімізге шын тілекші екенімізді сезгендей болдық. Сөйтіп, «Жолың болсын»  деген әнді осылай өмірге әкелдік. Концерттерде бірге айтуға тырысамыз. Ол менің шын тілектес досым.

Сахнадан жиі көрінгім келеді

Сахнадан жиі көрінгім келеді. Жаңа әндер жазып жатырмыз. Бірақ, оны енді бір Алла біледі. Жиі көрінбесем де, дұрыс дүниемен сирек сахнаға шыққым келеді. Қазір мектеп кезінен араласатын досым Ерлан маған көп көмек беріп жүр. Осыған дейінде әндерімді қаржы керек болып, сатып жіберетінмін. Сонда досым ақылын айтып, менің де өнермен айналысуыма септігін тигізді.

Мені «Сəлем, Қазақстан!» жобасына Салтанат Аякен деген досым шақырды. Кештің өтуіне үлкен ықпал еткен Лəйлə Сұлтанқызы мен Жан Мұханов ағаларымызға алғысым шексіз. Үлкен шоу болмағанымен, шынайы кеш болды. Кеште мені қолдап, ұстазым Арман Дүйсенов, Ақбота Керімбекова, Төреғали Төреәлі, Ернар Айдар келіп мәртебемді асырды. Тіпті, өз үлестерін қосып тамаша өнер көрсетті. Бұйырса, осы жобаны «Қазақстан» ұлттық арнасынан  мамыр айының басында көріп қаласыздар.

Жақында «Көріктім» деген әнге бейнебаян түсірдік. Қазіргі уақытта телеарналардан көрсетілуде. Алдағы уақытта «Қайдан ғана жолықтың?» деген әніме бейнебаян түсіруді ойлап жүрмін. Бірақ, «Еркекпін» деген әнім достарыма  ұнап жатыр. Көпшілігі осы әнге бейнебаян түсіруге ұсыныс білдіріп жатыр. Құдай қаласа, осы екі әнімнің біреуіне алдағы уақытта бейнебаян түсіремін.

Сұхбаттасқан Мейірім Бақытбекқызы

1 пікір

Пікір қосу