«Мейлі», «Іздеймін» әндерінің орындаушысы, актёр, бұрынғы «Аршат» тобының әншісі Ғалым Сүлеймен «бүгінгі күні өзімнің жеке шығармашылығымды дамытудамын» — дейді juldyz.kz порталына берген сұхбатында.

Қарапайым ауылдың жігітімін

Мен 1988 жылы 19 қаңтарда Оңтүстік Қазақстан облысы, Қаратаудың етегі, Шаян өңірі, Майбұлақ деген ауылда дүниеге келдім. Ұлы жүз руынан шыққан, қарапайым ауылдың жігітімін. Дегенмен, ес білгелі Шымкент қаласына көшіп келідік. Қазіргі уақытта ата-анам, бауырларым Шымкентте, ал мен Алматыда тұрамын. Өзім жақсылап жайғасып алғаннан кейін, Алла қаласа, ата-анамды да осы жаққа әкелу ойда бар. Оқуымды бітіріп осы жаққа келдім. Осында «Аршат» деген топтың құрамында болдым. Қазір ол топ тарап кетті. Бірақ, топтағы жігіттермен араласамын. Топтың ғұмыры қысқа болса да, жарығы біраз жерге жетті деп айта аламын. «Махаббат», «Ғашығым», «Көбелектің әні» деген сияқты әндермен тыңдарманға танылды.

Мамандығым -дизайнер

Мен өнер саласы бойынша білім алған жоқпын. Әбілхан Қастеев атындағы колледжінде дизайн мамандығы бойынша білім алдым. Алдағы уақытта мамандық бойынша жұмыс жасау ойымда жоқ. Сурет салу адамның мінезіне әсер етеді,көпшіліктен алыстатады. Сурет салып жүріп, айнаға қарап сия бетімді көріп шошыған кездерім болды.Әрине, мамандығымды жек көрмеймін. Бірақ, өнер саласында жұмыс жасаған ұнайды.

Әнді бала күнімнен айтамын.Ал, актёрлық шеберлікке келсек, мектеп кезінде сабақтан қашу үшін өтірік талып қалу сияқты рөлдерді ойнау арқылы өнердің бойда бар екенін білдім (күлді). Бірақ, актёрлық саласында оқымадым деп өкінбеймін. Себебі, Шәкен Аймановтың актёрларының көбі оқымаған. Кімді мықты ойнай алады деп ойлайды, бойындағы дарынын көреді солардан актёр жасаған. Иә, оқыған дұрыс. Бірақ, бойыңдағы құдай берген талантпен, ізденіспен де жетуге болады деп ойлаймын. Бойыңда 1 пайыз талантың болса, жан-жағыңа қарап ізденіп, жұмыс жасауға болады.

Тойда жеңіл әндер айтамын

Жеке ән қоржынымда «Іздеймін», «Мейлі», бәрін қосқанда оншақты ән бар. Репертуарымда ағамыз, бауырымыз, көк туды желбіретіп жүрген Қанат Исламға арналған  «Қазақ Қанаты» деген ән бар. Бұл әннің идея авторы — өзім. Өзімнің көңілім мен махаббатымнан туылып отырған ән. «Болар үйдің балаларым бір бірін батыр дейді» деген бар ғой. Мен де батырымызды қолдау үшін осы әнді шығардым. «Қазақ Қанатының» әнін Ербол Нариман, сөзін Қажымұқан Абзалов деген айтыскер ақын бауырларым жазды. Бұрынғы әндерімнен басқа бағытта.Бұл бағыттағы әнді бірінші рет айтып тұрмын.Тойға шығып, ақша табу мақсат емес. Мақсатым — біздің мәдениетімізді, өнерімізді жоғарылатуға, жақсартуға үлес қосу. Әнді тыңдап отырған жастар — біздің болашағымыз. Сол үшін де оларға жақсы ән тыңдату — біздің міндетіміз.

Айтып жүрген әндерімнің мағынасына мән беремін. Тойда мағынасы терең болмаса да, мәнсіз емес, бірақ ұйқасы келген, жеңіл әндерді айтамын. Өйткені,халықтың бәрі бірдей емес, сондықтан жүрекке қонымды, жеңіл әндерді орындаймын.Біз енді халық үшін жүргеннен соң, халық түсінетін, жүректеріне жететін әндерді орындаймыз.

Инстаграмм парқшамда басты суретте өзімнің логотипім бар. Онда менің бет-пішінім келтіріп, аты-жөнім жазылған. Логотипті маған Руслан деген інім жасап берді.

Кино түсіргім келеді

«Өмірдің өзі новелла» киносына шақыртумен келдім. Ешқандай кастингке қатыспадым. Шаршап жүрген кезімде, телефонымды өшіріп қойған болатынмын. Телефонымды қосқанда қайта-қайта әншілер қоңырау соққан. Артынан сұрастырсам, мені «Қазақстан» ұлттық арнасы арнайы шақыртқан екен. Менің түрім, келбетім сол рөлге келетінін айтып мені іздеткен. Үлкен сенім артқаннан кейін,сенімді ақтауға барынша тырыстым. Кино Шардара қаласында түсірілді. Мүгедек жігіттің рөлін ойнадым.Бір-екі күнде киноны түсіріп бітірдік. Ешқандай қиындық болған жоқ. Құдай қаласа, тағы киноға түсу ойда бар.Басты мақсаттарымның бірі. Шынымды айтсам, өзім кино түсіргім келіп жүр. Түсіретін киномның сценарийін де құрып қойдым. Бірақ, бұл аяқтанып кеткеннен кейінгі жоспарлар.

Қазіргі уақытта шығармашылығымды дамыту үстіндемін. Бірнеше әндер жазылуда. Жақын арада «Қазақ қанаты» атты әніме бейнебаян түсіру ойда бар.

Сұхбаттасқан Мейірім Бақытбекқызы

1 пікір

  1. Бақытбекқызы Мейырым,жургізген сұхбаттарын кобейе берсін.Енбегін еленіп кәсібі маман болуыңа тілектеспін.Шығармашылық табыстар тілеймін.

Пікір қосу