Иманғали Тасмағамбетов 1956 жылы 9 желтоқсанда Атырау облысы, Махамбет ауданы, Новобогат ауылында дүниеге келген. Ол  Қазақстан Республикасының мемлекет және қоғам қайраткері.

Бала Иманғали

Иманғалидың бала кезіндегі жаратылыс ғылымдарына деген қызығушылығы болашақ мамандығын таңдауына жол ашады. 1979 жылы А.С. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтының жаратылыстану-география факультетін, география және биология мамандығы бойынша тәмамдаған.

Еңбек жолы

Иманғали Тасмағамбетов 1979 жылы Орал қаласының А. С. Пушкин атындағы педагогикалық институтының география мен биология пәндерінің мұғалімі мамандығы бойынша бітірген. Ол 1990 жылы «Дүниетану аспектілерінің экологиялык проблемасы» тақырыбы бойынша диссертациясын қорғап, философия ғылымдарының кандидаты атағына ие болды. 7 жылдан кейін ол «Транзиттік саяси жүйелеріндегі әлеуметтік саясат» ғылыми зерттеу жұмысын таңдап, саясаттану ғылымдарының докторы болып атанды.

Иманғали 1981 жылдан 1991 жылға дейін КОКП ОК-ң мүшесі, 1990—91 жылдарда Қазақстан компартиясының ОК Политбюро мүшесі, кейін Қазақстан Реcпубликасының 12 шақырылған Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланды. 1993 жылы Қазақстан Республикасының президентінің көмекшісі болып тағайындалған ол 1995 жылдан бастап ел басқарушы қызметінде жоғарғы орындарды атқарып, Қазақстанның вице-премьері, білім және мәдениет вице-премьер-министрі болады. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының Президенті әкімшілігінің жетекшісінің орынбасары, Қазақстан Президентінің бірінші көмекшісі, Атырау облысының әкімі, Қазақстан премьер-министрі, Мемлекеттік хатшы, Қазақстан Президенті әкімшілігінің жетекшісі қызметтерін атқарады. 2004—2008 жылдары 1,5 млн тұрғыны бар Қазақстанның ең ірі қаласы Алматының әкімі қызметіне тағайындалса,  2008 жылы сәуірде Қазақстанның елордасы — Астана қаласына әкімі боп тағайындалған.

Иманғали Тасмағанбетов ҚР Қауіпсіздік Кеңесінің мүшесі, «Мәдени мұра» атты Мемлекеттік бағдарламаның қоғамдық кеңесінің төрағасы, ЮНЕСКО ісі жөніндегі ҚР Ұлттық комиссясының төрағасы, Қазақстан Республикасының оқпен ату Федерациясының құрметті президенті және академик А.Х. Марғұлан атындағы Халықаралық қор басқармасының төрағасы болады. Қазақ мәдениеті мен тарихының мұраларын жаңғыртып, көпшілікке жеткізуге тағы басқа көп жұмыс атқарған қайраткер.

Болмысы қандай?

«Ол өте шапшаң, ашуланшақ, кешірімі жоқ, менмен, мінезі бірде көл, бірде шөл; жұрттың бәрінен мақтау-мадақтау күтеді; сабырлы шешімге жоқ. Бұл – алдыңғы топтың, Елбасына жақынырақ болып кетті деп қызғанатын, оның аман-сау жер басып жүргенін көре алмайтын топтың пікірі. Әдебиет пен өнерді жаңғақша шағады, өзі де өнерлі – дауысы қандай! Гитарада, пианинода өзі ойнап, қазақша, орысша салатын әндерін естісеңіз ғой! Ауылда жалаңаяқ, табанына шөңге кіріп, бұзау айдап, тайға мініп жылқы қайырып өскен бала; қазақтың тарихын, тілін, дәстүрін бұл күнде одан артық білетін шенеунік жоқ. Моңғолдың даласында ұмыт қалған Күлтегінді салып ұрып барып елге алып келуінің өзі ерлік қой! Көп балалы отбасында, әженің әлдиі жанына сіңген, ертегі мен мақал-мәтелді сәби кезінен түсініп өскен. Кісі танитын қасиеті бар әрі өте қарапайым, кішіпейіл; өзім деген кісіні басы жерге жеткенше сыйлайды, сөзге жүйрік, тілі шешен; жақсылық жасайын десе, бас-көзге қарамай жасап тастайды; қазақты жүзге бөлмейді, топ құрмайды, маңайына жерлестерін жинамайды» (Фариза Оңғарсынованың сұхбатынан).

 Отбасы

Иманғалидың әкесінің есімі — Тасмағамбетов Нұрғали. Ол 1997 жылы қайтыс болған. Анасы Ділдә Қоқанова талай қайырымдылық істермен айналысқан. Кітаптары шыққан. Жұбайы Клара Дауымқызы Бекқұллова мұғалім. Екі қыз, бір ұлы бар. Үлкен қызы Әсел Тасмағамбетова танымал кәсіпкер Кеңес Рақышовқа тұрмысқа шыққан. Бұл күнде екі ұл тәрбиелеп отыр. Мамандығы – заңгер.  «Сəби» атты жеке қоры бар. Кіші қызы София Тасмағамбетова – суретші. Павел Драгуновтің шәкірті. Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясын және Лондондағы өнер колледжін бітірген. «Petroglyf studio» атты сәулет-дизайнерлікке қатысты компанияға басшылық етеді. Ұлы Нұрсұлтан 1994 жылы дүниеге келген. Жеке кәсіпкер.

Жетістіктері

Қоғам қайраткері Иманғали Тасмағамбетов 1998 жылы «Парасат» және 2004 жылы «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев» орденімен марапатталған. Сондай-ақ, Орыс Православиелік Шіркеуінің «Мәскеулік Даниил қасиетті патшасы» және Ресей Федерациясының «Дружба народов» орденімен және көптеген алқалармен марапатталған.Оншақты кітаптардың және көптеген ғылыми еңбектердің авторы. Мәдениеттану, мемлекеттік басқару, әлеуметтік-экономикалық өркендеу проблемалары және саясаттануға байланысты мақалалардың авторы.

Пікір қосу