Ресейлік танымал футбол агенті Дмитрий Селюк Гранаткин мемориалының үздік шабуылшысы Еркебұлан Сейдахмет жайлы пікір білдірді, — деп хабарлайды prosportkz.kz.

 Дмитрий Селюк «Спорт Экспресс» басылымына берген сұxбатында Ресей футболындағы басты мәселелерді атап, ТМД елдерінен жас таланттарды тарту мәселесі жайлы әңгіме өрбітті. СЭ тілшісінің «Қай жас таланттар жайлы айтып тұрсыз» деген сұрағына Селюк былай деп жауап берді:

«Мен 17 жасар қазақстандық шабуылшыны айтып тұрмын. Ол Гранаткин мемориалында өзін мықты қырынан көрсетті. Оның есімі ұзақ. Оның лақап аты — Еркош. «Зениттің» жастарымен жаттығып, төрт гол соқты. Қазір ол испаниялық клубтардың назарына ілінді. Неге оны ресейлік командаларға тартып, азаматтық бермеске?», — деді агент.

Дмитрий Селюктің айтып отырғаны қазақтың жас таланты Еркебұлан Сейдахмет екені анық. Ол соңғы кездері өзінің үздік ойынымен көзге түсіп Қазақстан құрамасы бапкерінің де тізіміне ілінген болатын. Ресейлік «Зенит» клубында қаралымда болып, Италия жеріндегі турнирге де барып қайтқан.

Жасының он сегізге толмағандығына байланысты «Зенит» клубы оны өз қатарына қоса алмады. Қазіргі таңда Еркебұлан Тараздың аттас командасымен бір жылдық келісім-шарт жасасқан.

Айта кетейік, Дмитрий Селюк танымал футбол агенті. Ол Яя Туре, Бакойоко және тағы да басқа футбол жұлдыздарымен қызмет етеді.

Пікір қосу