Соңғы уақыттарда ережесіз жекпе-жек өнерінің майталманының ел-жер туралы желідегі жазбалары қазақ қоғамында қызу пікірталас тудырып жүр. Естеріңізге сала кетсек, жақында спортшы Головкин мен Джейкобстың сайысына байланысты Instagram парақшасында GGG-ді жеңісімен құттықтап, бұл жұдырықтасудың тең түскенін және Головкинге рингті босату қажет екені жайында пікір білдірген болатын. Осы орайда Панкратионнан әлем чемпионы Мырза Еркенбеков «Найманды» жекпе-жекке шақырып та үлгерген еді. Ендеше juldyz.kz Қуат «Найман» Хамитовтың Prosports.kz порталына берген сұхбатын (ықшамдалған) назарларыңызға ұсынады.

— Головкин – Джейкобс нәтижесі жайлы жазғанда, қазақстандық ұтылды деп пікір білдіріпсіз. CompuBox жүйесі Головкиннің жеңісін айқындады. Сіз енді GGG-дің жеңісін мойындайсыз ба?

— Мен кәсіпқой спортшымын және раундтағы жеңісті қалай және не үшін беретінін білемін. Басында Головкин басымырақ болып, 6 раундтың  4-ін алды. Екінші жартысында бәсеңдеп, соққы жібере бастады. Егер жерлес емес, спортшы ретінде қарасақ, есеп – 7:5, Джейкобстың пайдасына. Нокдаун болды, сондықтан тең нәтиже тіркелуі керек. Статистикаға келсек, соққы бар және таза соққы бар. Соңғысы жеңіске жетуге көмектеседі. Оған дәлел, Гонсалестің таиландтыққа, Уордтың Ковалевке қарсы жекпе-жегін айтуға болады. Бұл кездесуде ешкім жеңілмеді деп ойлаймын. Бұл менің пікірім.

Сіздің жазбаңыз шу шығарды. Әсіресе, Головкиннің бокстан кетуі керек деген сөзіңіз талқыға түсті. Осы сөзіңізді түсіндіріп бере аласыз ба?

— Адамдар шындықты айтқанды ұнатпайды. Өмірде де, саясатта да, спортта да, барлық жерде солай. Шындығы сол, кез-келген спортшы 30-дан асқан соң бәсеңдейді. Бұл табиғат және бұған қарсы ештеңе істей алмайсың. Неге спорттан кету керек дедім? Себебі, жерлесімнің жеңілісін көргім келмейді. Оны болашақта Уорд және «Канело» сияқты боксшылар күтіп тұр. Ал, олар Джейкобс емес. Спортта уақытында кете білу керек. Тікелей эфирден көргенімде, «Біз жеңілдік пе?» — деп ойлап, «Ең болмаса тең нәтиже беріңдер», — деп сиындым. Жеңісті бізге бергенде, спортшы ретінде Джейкобсқа жаным ашыды. Ол өз жұмысын «беске» жасады, ал оған «екі» қойды.

Көбі Головкин әдейі бар күшін салмай, өз раундтарын санап жүрді деп санайды. Кәсіпқой спортшы ретінде бұған не дейсіз?

— Бұның бәрі ертегі. Головкин – ұлы чемпион. Кәсіпқой ретінде айтайын, оның соңғы қарсыластары әлсіз болды. Ал, оңай қарсыласқа үйренгеннен кейін нағыз жекпе-жектен алыстай бастайсың. Бұл осы жолы көзге көрініп қалды. Нокдауннан тұрып, жұдырықтасуды жалғастырғанда, Головкин не істерін білмеді. Бұл тек спортшыларға көрінеді. Бірақ, бәрі жақсы өтіп, біз жеңіске жеттік. Енді Головкин бұдан да мықты болып оралады деп сенемін. Қарымта кездесу бәріне нүкте қояды.

Қарымта кездесу? Головкинның Сондерс пен «Канелоға» қарсы кездесуін көргіңіз келмей ме?

— Америкада Головкинге жеңісті сыйлады деп айтып жүр. Сондықтан, ешқандай Сондерс жайлы әңгіме болмауы керек. Тек Джейкобспен қарымта кездесу болуы қажет. Чемпиондар осылай істейді. Қарымта кездесу бәрін өз орнына қояды деп санаймын.

Қазақстандық аралас жекпе-жек шебері Қуат «Найман» Хамитов 21 сәуір күні өтетін Fight Nights Global 64 турнирінде ресейлік жеңілмеген чемпион Магомедсайгид Алибековпен кездесу өткізеді.

— Мырза Еркенбеков сізді жекпе-жекке шығарды. Сіздердің кездесулеріңізді көре аламыз ба?

— Осыдан 3-4 жыл бұрын, мені бір бизнесменнің күзетшісі мен оққағары жекпе-жекке шақырды. Ол үшін маған 100 мың АҚШ долларын ұсынды. Мен оларға халықаралық ареналарда өз елімнің туын көтеріп жүргенімді айттым. Мен элиталы спортшылармен жұдырықтасамын. Көшедегілермен төбелеспеймін. Қазақстанда менің салмағымда айтарлықтай спортшы жоқ және олар мені кездесуге шақыра алмайды. Маған сенбесеңдер, Дамир Исмагуловтан сұраңыз. Ол біздің үздіктерді бірінші раундта сұлатты. Қателеспесем, солардың ішінде мені жекпе-жекке шақырған жігіт те бар.   21 сәуірден кейін, 70 келіде чемпион болып, 66 келіде чемпиондық белбеу үшін жекпе-жек өткіземін. Ол кездесу Алматыдағы «Алматы Аренада» өтеді.

 

Пікір қосу