Наурыздан бастап коммуналды қызмет төлемдерінің қатарына “Жылжымайтын мүлікті сақтандыру” деген санат енді. Оған әр жылжымайтын мүлік иесі 95 немесе 295 теңге көлемінде төлем төлейді, — деп хабарлайды ҚазАқпарат.

“Сақтандыру компанияларының бірі бізге келіп осындай төлем түрін енгізуді ұсынды. Бұл туралы барлық мәліметтер квитанцияда жазылған. Біздің ойымызша, бұл төлем түрі қазір тұрғындарға қажет. Мәселен, көршілердің бірінен аққан су екіншісінің төбесіне немесе қабырғасына зақым келтіргенде пәтер иелері соттасып жатады. Ал жаңа қызмет түрлері арқылы сақтандыру компаниялары келген зақымды жауып бермек”, – дейді “ИВЦ” ЖШС директоры Валентина Резникова.

Бұл төлем түрі мәжбүрлі емес, ерікті. Ай сайын осы сақтандыруға 95 теңге төлеген меншік иесі су аққан кезде немесе өрт болғанда сақтандыру компаниясынан 50 мың, ал 295 мың теңге төлегендер 150 мың теңге өтемақы ала алады.

Бір ескерерлігі, өрт пен судың төгілуіне кімнің кінәлі екені бұл жерде маңызды емес. Бастысы, оқиға болғаннан кейін үш күн ішінде сақтандыру компаниясына үйдің құжаттарын алып барып, арыз жазу керек. Одан кейін келтірілген зақымның құны есептеледі. Мұнда тек үйдің төбесі, қабырға мен еденге келтірілген шығын есепке алынады. Жиһаз бен техника шығыны есептелмейді. Сақтандыру компаниясы одан кейін он күн ішінде өтемақыны аударады. Мұндай сақтандыру тек Алматы қаласына ғана енгізілді.

Пікір қосу