Асыл апа, Қасым ата екеуіңіз қай жылы бас қостыңыздар?
– Қасымның менімен бастауышта бірге оқыған қарындасы бар еді. Сол қарындасы екеуміз Өскемендегі техникумға да бірге түстік. Ол кезде Қасым үшінші курста оқиды екен. Бірде анам елден әдемі дорбаға азық-түлік салып жіберіпті. Құрбыма: «Ағаларыңды, басқа да танитын достарымызды шақырайық, барлығы дәм татсын», – дедім. Қасыммен сол кезде таныстым. Ол дорбаны көріп: «Мына дорба қандай әдемі, ал иесі қандай екен?!» – деп қалжыңдап, тиісіңкірей сөйледі. Мен үндеген жоқпын. Ол қарындасына келіп жүрді. Оны киноға апарғанда, билетті маған да алады. Үшеуміз солай жиі қыдырып жүрдік. Ойымда ештеңе жоқ, қарындасына ере беріппін. Бір күні қарындасы ауырып, елге қайтып кетті. Қасымға маған келетін сылтау қалмады. Бір күні ілулі тұрған киімімнің қалтасына хат салып кетіпті. Қайта-қайта келіп жүріп, көңілімді өзіне қаратты ғой. Қасым техникумда үшінші курста, мен бірінші курста оқып жүргенде бас қостық.

– Сол кездегі Қасымның қандай қасиетін бағаладыңыз?

– Менің көзіме өте бір таза, өтірік сөйлемейтін адам болып елестеді. Мені үйіне апарғанда сегіз бала бар екен, мен тоғызыншысы болдым. Әке-шешесі жылы қабылдады. Сол үйдің көп баласының бірі болып кеттім. Думандатып шығарып салған ата-анам болмады. Олар елде болатын. Тұрмыс құрып кеткенімді естігенде әке-шешем қатты ренжіпті. Өйткені, әкем­нің ұл орнына еркекшора етіп өсірген қызы едім. Кейін Қасымның әкесі барып, алдарынан өткен соң татуласып кеттік. Бұл 1937 жыл болатын. Ол кезде мен 16 жаста едім. Ата-енем сабырлы адамдар болатын. Сонша баланы асырау оңай емес қой, бірақ, мен ол кісілердің «анау жоқ, мынау жоқ» деп кейіп, ренжігенін көрген емеспін. Тұрмыс құрғаннан кейін оқуым жайына қалды. Техникум бітіргеннен кейін Қасым жолдамамен Павлодарға қызметке баратын болды. Мен де еріп кете бердім. Сол жақтан 1939 жылы Қасымды азаматтық борышын өтеуге алып кетті. Мен қайтадан Өскемендегі ата-енемнің қолына келдім. Ол жақта маған жақсы жұмыс табыла қоймады. Обком комсомолында істейін деп едім, іссапарлары көп екен. Қасымның ауылындағы жеті жылдық мектепте орын бар дегенді естіп, ата-енем, бәріміз сол жаққа көшіп бардық. Онда бір ағайындардың үйінде тұрдық. Мен мектепте тарих, география пәндерінен сабақ бердім. Қасым енді қайтады-ау деп жүргенде соғыс басталып кетті. Арадағы хат үзілді. Өйткені, ол Украина шекарасындағы Камнец-Подольск деген қалада болатын. Ол қаланы немістер басып алғаннан кейін хат қайдан болсын? Қасым хабарсыз кетті. Біз тірлігімізді жасап, ауылда тұрып жаттық. Мен Қасым қайтып оралғанша ата-енеммен тұрдым. Керемет адамдар еді. Мен алғаш келін болып түскенде атам: «Асылдың басына орамал салып, әуре қылмаңдар, өзі қалай жүргісі келсе солай жүрсін», – деген еді. Күндердің күнінде мен ұстаздық етіп жүрген мектеп жабылып қалып, ересек балалардың барлығы жұмысқа кірісті. Жұмыссыз қалдым. Содан Өскеменге келіп, облыстық газетте әдеби қызметкер болып жұмыс істедім, қайынсіңлім корректор болды. Бір күні газет редакторы «Асыл, облыстық газеттерге бөлім редакторларын дайындайтын үш айлық оқу бар екен. Соған сен Алматыға барсаң қайтеді?» – деді. Техникумнан басқа білімім жоқ, бір оқу оқысам деп жүретінмін. Ата-енеммен ақылдасып едім, «үш ай деген немене, барып кел» деп жіберді. Алматыда оқи жүріп, «Социалистік Қазақстанда» тәжірибеден де өтіп жаттым. Әлиманов деген бөлім бастығы мені әр жаққа жұмсап жүрді. Бір күні мені Абай атындағы Опера және балет театрында өтетін малшылардың жиналысына жіберді. Мен бір жылқышыдан жылқы ауруы туралы, оны халық емімен қалай емдейтіні жөнінде әңгімелесіп, жазып келдім. Оны Әлиманов көріп: «Асыл-ау, керемет нәрсе жазып келіпсің ғой, мынау табылмайтын дүние! Сен осында жұмысқа қалсаң қайтеді?» – деді. Мен ата-енемнің, отбасымның бар екенін айтып едім, оларды осында алдырып, «Социалистік Қазақстанның» қызметкерлері тұратын үйден бір бөлме беретін болды. Өскеменге келіп, ата-енеме айтып едім, олар қарсы болмады. Жүк дейтін жүгіміз де жоқ, барымызды артып, Алматыға келдік. Бізге үлкен бір бөлме берді. Онда ата-енем, Қадылбек, Қайырбек деген екі қайным, Гүлзапыран атты қайынсіңлім – бәріміз бірге тұрып жаттық. Бір күні редакцияда жұмыс істеп отыр едік, бір арық қара кісі келді. Жұмағали Саин екен. Содан біраз уақыт бұрын Қасымнан адресі жоқ «Аманмын» деген хат келген болатын. Жұмағали аға бастығымызбен сөйлесіп отырып: «Украинаға бара жатырмын, алатын құжаттарым бар», – деді. Осыны ести сала «Қасым да Украинада жүрмін деп еді. Мүмкін, мына кісі кездестіріп қалар» деген оймен, аға шығып бара жатқанда: «Ағай, менің күйеуім Украинада, «жау тылынан шықтым» деп хат жазып еді, содан кейін хабарсыз кетті. Сіз Украинаға бара жатыр екенсіз ғой», – деп едім, адресін сұрады. Адресін білмейтінімді айтып едім: «Ойбой, қарағым-ау, Украина деген үлкен ел ғой, мен оны қайдан табамын?» – деп әлгі кісі жымиып күлді де: «Мейлі, хат жазып қой, келіп алып кетермін», – деді. Бір-екі күннен кейін газетке «Партизан Жұмағали Саин Украинаға жүріп кетті» деген хабарлама шықты. «Хатты алып кетейін» деп, менің көңілімді қимай айтқан болу керек деген ойда қалдым.

Содан 1945 жылдың екінші қаңтары күні жұмысқа келсем, Әбу Сәрсенбаевтың жары Ләзиза апай ғана жүр екен. Екеуміз сөйлесіп тұрғанда қабылдау бөлмесінің телефоны шырылдады. Ләзиза апай телефонды алып сөйлесті де: «Саған Жұмағали Саин келіп кетсін деп жатыр», – деді. Мен таңғалып, «Қасымнан бір хабар әкелді ме?» деген оймен, адресін алып, сол кісінің үйіне қарай беттедім. Аяғымда жаман пимам бар, үстімдегі киімім де оңып тұрған жоқ. Үйді тауып, есігін қақсам, бір орыстың кемпірі ашты. Сөйтсем, ол кісі Жұмекеңнің енесі екен де, әйелі перзентханада жатыр екен. Жұмекеңді сұрап едім, «Олар моншаға кетті» деді. «Мені шақырып алып, моншаға кетіп қалғаны несі?!» деп, далада біраз жүрдім. Бір айналып келіп, есігін ашсам, Қасым теріс қарап пальтосын іліп жатыр! Кіріп келген маған жалт қарады да, пальтосын тастай сала, бет-аузымнан бас салып сүйе бастады. Ондайды көрмеген мен ұялып кеттім. Бір уақытта Қасым аяғыма қарап: «Ей, мына пима өзіңдікі ме?» – деді. «Өзімдікі» деп, мен де күлдім. Қанша уақыттан кейін кездескендегі бірінші айтқан әңгімесі сол болды. Біраз отырғаннан кейін үйге келдік. Солай отбасы болып тұрып кеттік.

– Асыл апа, Қасым атаға украин қыздары көп ғашық болған деседі ғой…
– Қайдан білейін?! (күліп) Менімен бірге Украинаға барғанда қыздар онша жолай қойған жоқ. Өзі әдемі, көңілді, көрікті жігіт болған соң, мен жоқта жабысқан қыздар болса, болған шығар. Көңіл көтеріп, ішіп отырып, кей әйелдер менен: «Можно Васю поцеловать?» – деп сұрайды. Ондайда мен: «Целуйте сколько хотите», – деп жауап беремін. Қасым маған: «Бұлар сүй десең, сүйе береді, мені керек қылмай қалдың ғой», – дейтін.
Асыл апа, Қасым ата екеуіңіздің 70 жылдан астам уақыт бір шаңырақтың астында тату-тәтті өмір сүрулеріңіздің, береке-бірліктеріңіздің сақталуының қандай да бір құпиясы бар ма?
– Оның ешқандай да құпиясы жоқ. Біздің талай жыл тату-тәтті өмір сүруіміз балалық алғашқы махаббаттың әсерінен шығар. Екеумізді екі жаққа сол махаббат жібермеген шығар. Мен кейде «Қасым соғыстан қайтпай қалса не істеймін?» деп ойлағанда: «Қасымның інілерінің бірін бала қылып асырап алып, осы отбасының босағасында өлуім керек» деген шешімге келетінмін. Әжемнің төрт қыз, бір ұлы болған екен. Сол кісі «Қыз үйден кеткеннен кейін, барған жерінде, сол босағада өлуі керек. Екінші босағаны аттамауы керек» деп отыратын. Сол сөздер де әсер еткен шығар…
– Қасым атаның мінезі қандай еді?
– Қасымның қызық мінездері көп болатын. Өзі үйге жиі қонақ ертіп келетін. Ондайда жұмыста отырған маған келіп терезеден: «Әй, Асыл-ау, неғып отырсың? Үйге қонақ келді ғой», – дейтін. Жұмыстағылар күліп, алыстан Қасым көрінсе: «Қасекең келе жатыр, үйіңе қонақ келген болу керек, киініңіз», – дейтін. Мен жұмыстан сұранып үйге кетемін. Бір күні тағы да қонақ ертіп келді. Үйде отыратын орындық жетпеді де, Қасымды көршінікіне жібердім. Біраз уақыт өтті, қонақтар отыр, Қасым жоқ. Артынан көршінікіне барсам, Қасымым карта ойнап отыр. «Үйде кісі отыр ғой, мынауың не? Тез қайт», – деп үйге қайтып келдім. Қасым әлі жоқ. Бір уақытта: «Қонақтар кетуге айналды», – деп қайта бардым. «А, жарайды онда, содан кейін жалғастырамыз», – деп әрең қайтып келген.
Бірде екеуміз қой сатып алуға базарға бардық. Мен саудаласамын, ол қарап тұрады. Бір адамнан қойының бағасын сұрап: «Қымбат екен, кішкене арзандатсаңызшы», – деп едім, Қасым алыстан: «Ей, алсаң – ал, алмасаң қой, неменеге саудаласып тұрсың?» – деп айғай салды. «Сен саудаласып жатқан жоқсың ғой», – деп мен де қоймаймын. Қойды алып, базардан шықтық. Ол жетектеп келеді, мен артынан айдап келемін. Біраз жер жүргеннен кейін қой жүрмей қойды. Ары сүйредік, бері сүйредік, еш нәтиже шықпады. Бір уақытта Қасым қойдың жанына келіп, аяғымен теуіп-теуіп жіберіп, кетіп қалды. Мен қойдың жанында қалдым. Артынан қанша айғайласам да бұрылмады. Қойды сүйреп жүріп, әрең дегенде үйге жеттім. Келсем: «Қойды алып келдің бе?» – деп, Қасымым үйде отыр. «Сатып алған қойды тас­тап кетіп маған жын көрініп пе? Алып келдім», – дедім. Қасымның сондай тентек мінездері көп еді. Кейде қонақ шақырғанда қонақ келместен бұрын өзі ішіп алады. «Қонақ келмес­тен бұрын ішіп алғаның не?» – деп ұрыссам: «Қайдан білейін, қонақта отыр екенмін деп ойлап қалыппын ғой», – дейтін.  Ондайда Қасымның мінезіне күлетінмін де қоятынмын.
– Қасым атаның өмірінің соңғы уақыттары қалай өтті?
– Ол Қасымның өз-өзіне келіп, ақылды қарияға айналған кезі болатын. Өмірін жақсы өткізді, қадірі кеткен жоқ. Ауырып жатқанында: «Мен өзімнің туған жерімде қалуым керек еді, сүйегім өз жерімде қалмайтын болды-ау!» деген өкінішін білдірді.
– Жарыңызды сағынып жүрген шығарсыз?
– Қатты жабырқаймын. Жанымда жүргенде қадірін білмеппін, жүре беретін сияқты көрінді ғой. Ауырып жатқанда «Тарағым қайда, көзәйнегім қайда?» деп сылтауратып шақырып алып: «Қоянның сирағын жеген екенсің, отырмайсың ба кішкене», – деп жанына отырғызып қоятын. Сол күндердің бәрі сағыныш…

 

(«АҢЫЗ АДАМ» журанлы,

№9 (117) Мамыр 2015 жылғы саны)

Көшіріп басуға, тақырыпты бұрмалап салуға, материалды қысқартып өзгертуге, арасынан сөз немесе сөйлемдерді алуға қатаң тыйым салынады!

Пікір қосу