Қазақстанда бензиннің бағасы біртіндеп көтеріліп келеді, — деп juldyz.kz порталы ҚазАқпаратқа сілтеме жасай отырып хабарлайды.

Мәселен, «Sinoil»  жанар-жағар май құю стансаларында АИ-92 маркалы бензиннің бір литрі 140 теңгеден 143 теңгеге көтерілді. Ал АИ-95 пен АИ-96-ның бір литрі 155 теңгеден сатылып жатыр. Бұрын осы санаттағы бензин 152 теңге тұрған болатын.

«Helios»-тің жанар майы да қымбаттады. Атап айтқанда, АИ-92 бензині 143 теңгеден сатылса, АИ-95-тің құны 154-ке дейін көтерілді. Ал «Prime»-да АИ-95 пен АИ-98-дің бензині 164-165 теңге болып тұр.

Энергетика министрі Қанат Бозымбаевтың айтуынша, Қазақстандағы үш мұнай өңдеу зауытын жаңғыртқаннан кейін бензиннің бағасы арзандайды. Алайда, бәрібір Ресейдегі бағалар негізге алынады. Жоспарға сәйкес, ағымдағы жылдың екінші жартыжылдығында Атырау мен Павлодар зауыттарында жаңғырту жұмыстары аяқталса, 2018 жылдың алғашқы алты айында Шымкент зауыты толығымен жаңғыртылып болады.

Айта кетсек, соңғы рет бензин ақпанның орта шенінде қымбаттаған болатын. 2015 жылы қыркүйек айында Қазақстанда АИ-92 мен АИ-93 маркалы бензинге қатысты мемлекеттік реттеуді алып тастаған. Ондай реттеу тек АИ-80 маркалы бензиннің бөлшек саудасына тарайды.

Пікір қосу