PARTNER FISH компаниясының бас директоры

– Гүлмира ханым, балық шаруашылығына қалай келдіңіз, бұл кәсіп қыз баласына қиын емес пе?
– 12 жасымнан бастап түске дейін мектепте сабақ оқысам, түстен кейін «Саламат» базарында көтерме бағамен шемішке саттым. Шындығында, ол уақыттарда өмір сүру қиын, халықтың басым бөлігі күнкөріс қамымен таңертеңнен кешке дейін базарды жағалап жүретін. Еңбегімнің арқасында біраз уақыт өткен соң базардан заңды түрде орын алдым. Сөйтіп, құрылыс заттарын сатып, жеке кәсібімді бастадым. Одан кейін асхана, донер асханасы, шаруашылық тауарлар сататын дүкен сияқты кәсіп түрлерімен айналыстым. Содан жеке бизнес ашу туралы кеңестер айтып, Қызылорда, Атырау т.б секілді өңірлерді аралап тренингтер өткізіп, адамдардың бизнеспен айналысуына көмектестім. Уақыт өте келе кірісім де артты. Міне, осылайша тынбай еңбек етіп жүріп, бір мекемеге бухгалтер болып орналастым. Кейін директордың ұсынысымен мекеменің Алматыдағы бөлімшесіне директордың орынбасары қызметіне көтерілдім. Бірақ жеке бизнеспен айналысып үйреніп қалғандықтан болар, ЖШС ашып, бұл жұмысымнан шығып кеттім. Ары қарай балық шаруашылығына бет бұрып, Қазақстан бойынша балық сатумен айналыстым. Ең алғаш Германиямен келісімшартқа отырдым. Шыны керек, бұл бағытта жұмыс істеу аса бір қиындық туғызған жоқ. Осы бизнес саласында жүргендермен тез тіл табысып, бірлесе жұмыс істеп кеттім.

– Компанияңызды таныстырып, балық шаруашылығының қыр-сырын айтып берсеңіз?
– Компаниямыздың атауы – «PARTNER FISH». Мекемеде 20-ға жуық қызметкер, ал кәсіпорында өнімді өңдеуші, әртүрлі қызметтер атқарушы 110-ға жуық жұмысшы бар. Басым бөлігі ер адамдар. Олар әр өңірдің қабылдау бөлімдерінде істейді. Айына бір рет Алматыға жиналысқа келіп, есеп беріп тұрады.
Біз Атырау, Арал, Балқаш, Зайсан сияқты еліміздің әр өңірімен тығыз байланыстамыз. Сол елдімекендердегі қабылдау бөлімдеріміз жергілікті балықшылардан сатып алған балықты кәсіпорынға жеткізеді. Ол жердегі жұмысшылар балықты тазалап, етін кесіп, мұз ғып қатырып, орап, маркасын жапсырады. Бір қорапқа 600 граммнан, яғни тоңазытқыш көлікке 18 тонна балық тиеледі. Ары қарай құжаттары дайындалған соң Германия, Гамбург, Латвия, Рига, Норвегия, Әзірбайжан, Өзбекстан, Тәжікстан мен Қытай секілді елдерге экспорттаймыз. Өнімнің 65%-ы экспортқа кетсе, қалғаны елімізде қалады.

БІЗДІҢ АНЫҚТАМА

Жылы: Сиыр (1985 жыл)
Жұлдызы: Шаян (6 шілде)
Әншісі: Д.Құдайбергенов
Кітабы: «Я и деньги» С.Давлатов
Актері: Брэд Питт
Тағамы: Балықтан жасалынған тағамдар

– Көбіне балықтың қай түрі экспортталады?
– Көбіне көксеркенің етін (судак) экспорттаймыз. Әзірбайжан – ақтабан, Өзбекстан – тұқы (сазан), ал Қытай балықтың барлық түрін алады. Біз олардан майшабақ (селедка), скумбрия, форель, қызыл балықты импорттаймыз.

– Еуропа теңіз аймағы болған соң, ол жерде балықтың неше түрін кездестіруге болады. Бірақ неге еліміздің көксерке балығына деген сұраныс жоғары?
– Көксерке – алабұға тұқымдасына жататын жыртқыш балық. Қазақстанда Жайық – Каспий, Сырдария – Арал, Сарысу, Балқаш – Алакөл, Талас, Ертіс, Нұра су алаптарында тіршілік етеді. Көксеркенің еті дәмді, қылтанақсыз, кәсіптік маңызы бар. Сондай-ақ олар сулардың тиімді биомелиораторы болып саналады. Оларды жасанды түрде тамақтандыра алмайсың. ГМО-сыз, таза, ақ балық. Тіпті кез келген өңдеуден өтсе де, барлық қоректік, пайдалы дәрумендерін сақтайды. Осыған байланысты көксеркеге деген сұраныс жоғары.
– Сіздерге мемлекет тарапынан қандай да бір көмек көрсетіле ме?
– Иә, әрине. Ауыл шаруашылығы министрі квота бөледі. Одан өзге жаңа шет мемлекеттермен келісімге отыру үшін ветеринарлық сертификатқа сай келісімді түрде көмектеседі. Яғни, өнімді шетелге экспорттауға жағдай жасалған.

– Білуімізше, 9 айдың ішінде нарықтың 10 па­йызын жаулап үлгеріпсіздер. Аз уақытта мұндай жетістікке жетуіңіздің сыры неде?
– Ең бірінші алға қойған мақсат айқын: Қазақстан бойынша балық шаруашылығы саласының үздігі атану, осы жолда аянбай еңбек ету; өнімді шетелге экспорттау арқылы елімізді таныту; әлемдік нарықты жаулау. Міне, осы аталған мақсаттар бойынша жұмыс істеп келеміз. Нәтижесі, көріп тұрғаныңыздай жаман емес. Құдай қаласа, айына 300 тонна өнім өндіріп, балық өңдейтін кәсіпорын салу ойымызда бар.

Қыздары Изабель, Виктория және ұлы Әділетпен

– Сұхбат соңында өзіңіз туралы айтып өтсеңіз?
– 1985 жылы 6 шілдеде Жамбыл облысы Сарысу ауданының орталығы Жаңатас қаласында дүниеге келдім. Бала кезімде отбасымызбен Алматыға қоныс аударып, осы жерде мектепке бардым, жоғары білім алдым. Ата-анамның бизнеске қатысы жоқ. Әкем Әбдукерім – филолог, анам Айсұлу – мал дәрігері. Отбасында бес бауырмыз. Мен –үлкенімін. Қазір Мәскеу мемлекеттік техникалық университетінің магистратурасында оқып жатырмын. Мамандығым – қаржыгер. Үш баланың анасымын. Жолдасым шаруашылықпен айналысады. Үлкен қызым Изабель мен ортаншы қызым Виктория жуырда таэквондодан әлем чемпионы атанып, алтын алды. Былтыр Еуразиялық чемпионатта бірінші орын иегерлері атанған. Ұлым Әділет балабақшада. Демалыс күндерімді толығымен балаларыма, отбасыма арнаймын.

 

Сұхбаттасқан Ақбота Ерболқызы

Пікір қосу