Баха-Фестиваль (Бақыткелді Баясов) 1963 жылы Алматы облысы, Райымбек ауданы, Қарасаз ауылында дүниеге келген.

Балалық шағы

Баханың кіндігі қазақтың ақиық ақыны Мұқағалидың жырларына арқау болған әйгілі Қарасаздың топырағында кесілген. Ол Райымбек батырдың тікелей ұрпағы. Бала Бақыткелді Қарасаздан ата-анасымен 3-4 жасында көшіп, қазіргі Еңбекшіқазақ ауданына келіп тұрақтайды.  

Бақыткелдінің әкесі Қаматай ақиық ақын Мұқағалидың досы болған. Екі отбасы аралас-құралас болыпты. 1966 жылы Қарасаздан Шелекке көшіп келген соң, Бақыткелдінің балалық шағы қазіргі Еңбекшіқазақ ауданының Сөгеті ауылында өткен. Бақыткелді өте алғыр бала болып өседі. 1-сыныпты Сөгетіде оқып, одан кейін оқуын Шелек ауылында жалғастырады. Математика мен физика пәндеріне деген қызығушылығының арқасында Алматыдағы О.Жәутіков атындағы физика-математика мектебіне қабылданады. 8-сыныптан бастап, бір жарым жылдай сол мектепте оқиды. Бақыткелдінің білімі өз алдына, спорттық қабілеті де жоғары деңгейде болды. Ол спорттық сайыстарда көзге түсіп, артынша өз қалауымен спорттық мектепке ауысып кетеді.

Бақыткелді 17 жасында мектепті тәмамдап, қазіргі Т.Рысқұлов атындағы Жаңа экономикалық университетіне (Нархоз) оқуға түсті. 1-курсында әскер қатарына шақырылып, борышын өтеу үшін Ауғанстанға аттанды. 1981 жылы алғашқы лекпен Ауғанстандағы соғысқа қатысады.

Бақыткелді қалайша қылмыс әлемінің серкесі болды?

Бақыткелдінің батыр болып қалыптасуына соғыстың ықпалы зор болды. Қылмыс әлемінің серкесіне айналуына да сол Ауғанстанда көрген тағдыры әсер етсе керек. Өзгелер бейбіт өмір сүріп жатқан кезде ол Ауғанстанда қан кешіп жүрді. Мұның бәрі Бақыттың санасына әсер еткен. Ауғанстаннан келе салып, Бақыткелді қайтадан оқуына қабылданды. Бірақ түрлі жағдайларға байланысты оқуын бітіре алмай, баспаханада жұмыс істеп көреді. Сөйтіп жүргенде Одақ ыдырап, жатжұрттықтар елімізде тайраңдай бастады. Сол тұста қазақтың жүректі жігіттері саясат сахнасына көтерілді.

Бақыткелдінің ағасы Амангелді Баясов інісі жайлы сұхбат бергенде:

«Мен сізге бір мысал айтайын. Қазақтың белгілі боксшысы Бекзат Сатарханов жиырма жасында өмірден озды. Сөйте тұра, ол өмірге келгендегі миссиясын толық атқарып, Сидней Олимпиадасында қазақтың туын көкке желбіретті. Меніңше, Бақыткелдінің де өмірге келгенде атқаруы тиіс өзіндік миссиясы болды. Ол сол миссияны адал атқарып, өз заманының батырына айналды. Көп азаматтарға көмек қолын созды. Күштілердің бәрі Бақыттан ығатын-ды. Оның жаны әділдікті қалайтын, тәртіпті жақсы көретін, айтқанын орындайтын, орындатқызатын. Мұның бәрі өнер. Бір ғана мысал, Бақыткелді Өскемендегі шешендер мен қазақтар арасындағы түйткілді мәселелерді шешті. Осы оқиғадан кейін оның абыройы қатты өсті» депті.

Бақыт немен айналысты?

Сол тұста Бақыткелдінің абыройы қатты асқақтаған. Грозныйдан қылмыс әлемінің жігіттері келіп Бақытқа: «Алматы бай қала екен. Осы қаладан бізге жұмыс істейтін бір аудан бер», – деп өтініш айтады. Олар өте үлкен дайындықпен келіпті-міс. «Жоқ» деп айтса, атыс болып, көп адамның өміріне қауіп төнеді. «Иә» дейін десе, «Қазақстандағы барлық мәселені өзіміз шешеміз» деген қағидасына қарсы болады. Бақыткелді әлгі жігіттерге: «Жарайды, Алматыдан бір аудан алыңдар. Бірақ бізге Грозныйдан дәл сондай аудан бересіңдер», – депті. Осы сөзден кейін астамсыған жатжұрттықтар не дерлерін білмей сасып қалады. Бақыткелдінің осы бір сөзі қанатты сөзге айналып кетті. Бақыткелдінің жолдастары оның адал адамның бәрімен дос болатынын айтады. «Талай жігітке жәрдемдесіп, қолынан келген көмекті аяған жоқ» дейді олар. Баха-Фестиваль қазақтың белгілі қайраткер ұлы Асанбай Асқаровтың басына іс түскенде де қол ұшын созған. Түрмеден шыққан соң Асанбай ағаға «Волга» мінгізді. Асанбай Асқаров Бақыттың осы жақсылығына риза болып, әке-шешесіне алғыс айтып, арнайы келіп, қонақ болған көрінеді.

Бақыттардың қызметіне шенеуніктердің де жүгінген кездері болды. Бір күні Бақытқа бір жақсы танысы келіп, туысының әлдекімнен алданып қалғанын айтыпты. Бақыт дереу екі жақты да шақыртып сөйлеседі. Бақыттың танысы арқылы келген адам асқақтап, ал екінші тараптағы жігіт қобалжып отырады. Бақыт екеуін беттестіріп, әділдік танысы жақта емес екенін біледі де, істі қобалжып отырған жігіттің пайдасына шешіп береді. Сонда ол таңғалып: «Бұл өмірде дәл осындай әділ адам бар деп ойламаппын», – депті.

Өмірінің соңы

Бақыткелді 1993 жылы 7 қазанда Алматыдағы Жандосов көшесінің бойында орналасқан №12 емханада көз жұмды. Қастандық Кеңсай жақтағы Асқар деген досының үйінде жасалған. Амал не, ауыр жараланған Бақыткелді 11 қазан күні, яғни 30 жасқа толған туған күнінде жер қойнына тапсырылды.

Баха-Фестиваль қайтыс боларынан бір жыл бұрын достарына мешіт салу туралы ойын айтқан. Сол ойын іске асыру үшін Алмарасанға барар жолдан жер де алады. Бірақ, бұл мешіт салынып бітпей жатып, Бақыткелді қаза тапты. Кейіннен бауырлары бірігіп, аталған мешіт бой түзеді. Қазір Бақыткелді Қаматайұлы Райымбектегі атындағы мешіт өзі ойлағандай рухани орталыққа айналып, жұмыс істеп тұр.

3 пікір

  1. Қазаққа осындай жігіттер керек-ақ болып тұр қазіргі таңда. Иманы жолдас болсын. Жатқан жері жайлы болсын.

  2. Дұрыс айтасыз. Дәл қазіргі уақытта жер мәселесі ушығып тұрғанда, Бақыткелді секілді азамат керек боп тұр қазаққа! Дәуір тудырады деуші еді. Алла Тағала мына зымияндардың жолын кесіп, жерімізді өзімізде қалдырса екен!

  3. Заманның ағымына орай туған НАҒЫЗ БАТЫРЛАР
    ғой, бұлар туралы әлі талай тарихтар мен естеліктер айтылады, ескерткіш те қойылар!!!

Пікір қосу