Алтынбек Сәрсенбайұлы Алматы облысы, Райымбек ауданы, Қайнар ауылында 1962 жылы 12 қыркүйек күні дүниеге келген. Ол Қазақстанның мемлекет және қоғам қайраткері, дипломат, журналист.

Бала Алтынбек

Бала Алтынбек тіл алғыш, ұқыпты болған. Отын жару, су тасу, қора тазалау сияқты үйдегі жұмыстардың бәрін тыңғылықты атқарған. Сабақты жақсы оқыған. Мінезі ұяң болған. Артық сөзі жоқ, турашылдықтан таймайтын бала болған. Әкесі Сәрсенбай Тәпиұлы соғысқа дейін сушы, мұрап, бригадир, колхоз басқармасының төрағасы болып жұмыс істеген. Анасы Күліхан Жұманқызы үй шаруасымен айналысқан. Алтынбек мектепте оқып жүрген кезінде фельетон, сықақ, сатира жазатын. Балалардың сұрауымен қыздарға арнап кейде өлең де құрастырып беретін болған. Алтынбектің журналист болғысы келген. Мектепте оқып жүрген кезінде қабырға газетін шығарған. Жазғандары аудандық газетке де жарияланған. Алтынбек ҚазМУ-ге 80-жылдардың басында оқуға түсті. ҚазМУ-де оқып жүріп, Мәскеудің мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне ауысты.

Еңбек жолы

Алтынбек 1985 жылы журналистика мамандығы бойынша М.С. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетін тамамдады. Университетті аяқтағаннан кейін Қазақ телеграф агеттігінде, «Арай-Заря» журналының редакторы, «Өркен-Горизонт» газетінің бас редакторы болып қызмет етті. 1992 жылдан бастап А. Сәрсенбайұлы Президент аппаратында, Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінде жауапты қызметтер атқарды. Кейін он жыл бойы баспа, ақпарат және мәдениет саласының мемлекеттік органдарын басқарған. 1993 жылдан Баспа және ақпарат министрі, 1995 жылдан Баспа және ақпарат жөніндегі Ұлттық агенттіктің төрағасы, 1997 жылдан Қоғамдық келісім және ақпарат министрі, 1999 жылдан Қазақстан Республикасы қоғамдық келісім, ақпарат және мәдениет министрі болған. Ол 2001 жылдың мамырынан желтоқсанына дейін Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы — Қазақстан Республикасы Президентінің Ұлттық Қауіпсіздік жөніндегі көмекшісі, 2002 жылдың қаңтарынан дипломатиялық қызметте, Ресей Федерациясындағы Қазақстан Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметін атқарған. 2003 жылдан бастап А.Сәрсенбайұлы өз еркімен Президентке отставкаға шығуға арыз беріп, қоғамдық-саяси қызметпен айналысқан. Осы жылдың қараша айында «Ақ жол» Демократиялық партиясының ІІІ съезінде бірауыздан тең төраға етіп сайланды. 2005 жылдың сәуірінен «Нағыз Ақ Жол» Қазақстан Демократиялық партиясының тең төрағасы болған Алтынбек Сәрсенбайұлы — бірнеше кітаптар мен монографиялар авторы, саяси ғылымдар докторы.

Жарымен қалай танысқан?

«Алтынбек Мәскеу университетінің журналистика факультетінде оқыды. Мен тарих факультетінде оқыдым. Біздің ортақ достарымыз болатын. Олар мені бір студенттік кешке шақырды. Сөйтіп, сол күнгі кеште Алтекеңді кездестірдім. Бір көргеннен ғашық болдым дей алмаймын. Алғашында жай ғана дос едік, жақсы достар болдық. Байланысымыз үзіліп қалған кездер де болды. Кейінірек қатынасымыз өзге деңгейге көтерілді. Ол құрдастарының, студенттердің ортасында үнемі дараланып тұратын жан еді. Үлкендеу, байыптылау көрінетін. Алтекең университетті менен бұрын тәмамадады, мен одан кейін 1988 жылы бітіріп шықтым. Сол жылы көктемде шаңырақ құрдық». (жары Салтанат Атушеваның сұхбатынан)

Отбасы

Алтынбек Сәрсенбайұлы он ағайынды болған. Үлкені Рая, қазір зейнеткер, бұрын ұстаздық қызмет атқарған. Одан кейінгі Әйкен де зейнеткер, қаржы саласында жұмыс істеген. Содан кейін Рысбек Сәрсенбайұлы журналист. Қайнарбек атты ағасы — ауылшаруашылық саласының маманы. Әпкесі Бақытжан білім, тәрбие саласында қызмет еткен. Алтынбектің інісі Рымбек, кенжесі Жеңісбек қара шаңырақтың иелері. Бәрінің бала-шағасы бар.

Алтынбектің жары Салтанаттың мамандығы — тарихшы. Мәскеуден келген соң Алматыда жұмысқа орналасты, институтта дәріс берді, ғылымен шұғылданды, кандидаттығын қорғады. Қызы Шолпан оқуын бітіріп, жұмыс істеп жүр. Ұлы Бекжан Кембридж университетінде оқиды.

Алтынбектің өлімі

Белгілі саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның екі көмекшісі – Бауыржан Байбосын және Василий Журавлев кісі қолынан қаза тапты. Олардың денелері Алматы облысының Талғар ауданы аумағынан табылған еді. 2006 жылғы ақпанның 13-і күні жергілікті уақыт бойынша 11 сағат 35 минутта Алматы облыстық ішкі істер басқармасының басқару пультіне «жол жағасынан зорлықпен өлтірілген үш адамның мәйіті табылды» деген хабар келіп түскен. Үш адамның үшеуі де желкесінен тиген оқтан өлген.

Кісі қолынан өлген белгілі саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның екі көмекшісі – Бауыржан Байбосын және Василий Журавлевтің денелері. Алматы маңы, 13 ақпан 2006 жыл. (Сурет Рахат Әлиевтің «Өкіл қайын ата» кітабынан алынды).

Бұл қылмыс ешкімді бей-жай қалдырмады. Біреулер оны ескерту деп, ендігілері билік өзіне қауіпті қарсыласының көзін жойды деп бағалады.

Алтынбек Сәрсенбайұлының өліміне қатысты түрлі болжамдар айтылды. Билік жария түрде өткізген сот процесі арқылы «кінәлілерді жазалағанымен», саясаттанушылар мен жекелеген қайраткерлер бұл өлім Қазақстан оппозициясының жүрегін шайлықтырып тастады деген пікірде.

Пікір қосу