– Сұхбатымыздың алғашқы сауалын шығармашылығыңыздан бастағым келіп отыр. Аманхан аға, сізді халық ең бірінші ақын ретінде таниды ғой. Ал бүгінде жас ақындар көп. Бірі білсе, бірі танымайды. Аға буын өкілі ретінде айтыңызшы, ақын өзін таныту үшін не істеу керек?
– Ақын мен поэзия деген ұғымдар – жұмбақ әлем. Жүре келе немесе, білім алып, оқу арқылы ешкім де ақын бола алмайды. Ақындық – туа бітті қасиет. Ал туа бітті қасиет ешқандай көлденең жолдан қосылған әртүрлі ағымдарға көнбейді. Жастардың поэзияларын оқып, қарап отырамын. Басым бөлігі өлең жазуды үйреніп, машықтанып алғандар. Бүгінде кім көп, өзі композитор, өзі орындаушы, сол әндеріне мәтін жазушы әнші көп. Осыларға қарап отырып, образбен айтқанда «Осылар үйректер емес пе» деп ойланамын. Үйрек – суда жүзеді, жерде жүреді, аспанға ұшқысы келеді. Бірақ соның барлығын үш деген бағаға істейді. Яғни, жарытып жасамайды. Сол сияқты қазір бізде де үйрек секілді адамдар пайда болды. Өзі композитор, өзі ақын, өзі орындау­шы болғысы келетіндердің қатары көбейді. Бірақ, бәрін үш деген бағаға істейді. Ол өнердің соры. Ол музыканы, поэзияны, орындаушылықты қорлаушы. Олай өмір сүруге болмайды. Сондықтан мен жастарға  «екі кеменің басын ұстаған суға кетеді» деп айтар едім. Алдымен, біреуін жарытып ал. Ал ақындарымызға келсек, «ұялмаған өлеңші болады» дегеннің кебін кигендер. Тіпті, арыдан алсақ, «қазақ – ақын халық» дегеннен өрілген. Болмаса, ет пен терісінің арасындағы бала кездегі максимализммен ақын боламын дегенді ұстанымға алып, жазып жүргендер бар. Өлеңдері шала-жансар, ең ары кеткенде өлеңнің техникалық орындалуының өзі дұрыс емес. Ұйқасқа, буын ырғағына қарамайды. Әрине, жақсы ақындар бар. Бірақ, көбісі кәсіпқойлықпен айна­лы­сушылар, поэзияға жолдан қосылғандар.
– Қазір жаһандану заманы деп айтып жатамыз. Ақпараттың толассыз ағынында поэзия көмескеленіп, ақындардың кітабы мен өлеңі тірі болса да, оқырман өлуі мүмкін бе?
– Жоқ, ешуақытта. Ұлт тірі тұрғанда, әдеби процесс даму барысы жүріп жатқан уақытта оқырман да, ақын да өлмейді. Өлуі мүмкін емес те. Әрине, ол егер нағыз ақын болса ғана. Ал енді поэзияға жолдан қосылғандар мен жолай машықтанғандар қалуы мүмкін. Мүмкін емес, қалады. Нағыз ақындар қалмайды. Өлең оқылмайды деген бос сөз. Евгений Винокуров деген орыстың ақыны айтқан «Поэзия бар кезде біз оны аңғармаймыз. Ал ол жоқ кезде ауа жетпей, тынысымыз тарылады» деп. Шындығында, поэзия бар кезде оны аңғармаймыз. Бір күнде өлеңнің бәрін жер бетінен құртып жіберсінші, оқырман іздейді. Өйткені, Адам ата мен Хауа анадан бүгінге дейін поэзиялық құндылық өз өлшемін жоғалтқан емес және өлмеген, өлмейді де.
– Шыны керек, ақындарға өмір сүріп отырған қоғамының мәселелерін жарыққа шығару жауапкершілігі артылған. Ал бүгінгі ақындар қоғам алдындағы жүктемені қалай атқарып жүр деп ойлайсыз?
– Атқара алып жүр және атқарып жүр де. Бірақ қалай атқарып жүр? Мысалы, поэзия қоғамдық тақырыптарды көтере алмайды. Бірақ, соны өлеңге түсіргісі келеді. Ал ол газеттің мақаласынан аспай қалады. Мәселеге осы тұрғыдан келу керек. Мысалы, мен өз басым поэзияма, өлеңіме сыймайтын мәселелерге қалам тартқанда мақала жазамын. Өйткені, өлеңнің жүгі емес ол. Мысалы, «Мас әйел» туралы біреулер өлең жазады. Ал мен оны лириканың, жалпы поэзияның тақырыбы деп есептемеймін. Бұл публицистиканың көтеретін мәселесі. «Қазақ әйелдері кім болып бара жатырсыңдар?», «Қазақ әйелінің ішімдікке салынуы қайдан келген?» деген тақырып төңірегінде мәселе көтеру керек. Ал бұл тақырыпқа 4-5 шумақпен өлең жазуды мен қабылдай алмаймын. Сондықтан ақын белсенділігі тек қана поэзиясымен ғана емес, өзінің азаматтық позициясынан көрініп отыру керек. Менің жиі айтатыным бар. Андре Моруа деген француз жазушы болған. Кезінде соған Черчилль II Дүниежүзілік соғыс басталар қарсаңында «Сіз ұлы, ірі жазушысыз. Енді көркем дүниені қоя тұрып, фашизмның бой көтеріп келе жатқандығы туралы, солардың техникасын, қарулы күштерін жазыңыз. Халық білсін, оқысын. Өйткені, сіздің халыққа деген ықпалыңыз күшті ғой» деп айтқан. Сонда Моруа «Жоқ, мен оны жаза алмаймын. Мен художник-жазушымын. Оны жаза алмаймын» дейді. Бұл 1932-1935 жылдары фашизм жаңадан бой көтеріп келе жатқан кезде болған әңгімелер. Кейін 1938 жылы Еуропаны фашизм жаулап алған кезде, Моруа «Шындығында неге жазбадым. Сонда халық фашизмнің қаншалықты күшті екенін, қаншалықты күшпен келе жатқандығын түсінер еді ғой» деп өкінеді. Дәл сол секілді, ақындар да, жазушылар да бір уақыт өзінің көркем дүниесін қоя тұрып, қоғамдағы ең келеңсіз, етек алып жатқан мәселелерді қозғауы, жазуы керек. Поэзиямен емес, мақаламен. Осы жерде жанр мәселесіне келген кезде ақын осыны таңдай, әрі талғай білуі керек.
– Аманхан аға, ақындығыңыздан бөлек, қарымды қаламгер, журналиссіз. Ұлттық қоғамдық-саяси «Ақиқат» журналының бас редакторысыз. Аты атап тұрғандай «Ақиқат» қаншалықты ақиқат айтып жүр деп ойлайсыз? Сөз бостандығы деген сөзді қалай түсінесіз?
– Ақиқат – жалқы, шындық – жалпы. Ақиқат – жалғыз, шындық – көп. Алланың біреулігі, бірлігі ақиқат. Ажалдың келетіні ақиқат. Жалпы ақиқатқа қол жеткізу қиын. Ақиқатқа «генийлер» қол жеткізуі мүмкін. Соған қарамай, шындыққа қол жеткізуге болады. Мәселен осы тұрғыда келгенде, «Ақиқат» журналы өзінің ұстанымын, бағыт-бағдарын сол ақиқатқа қол жеткізуге ұмтылу арқылы шындықты жазып жүр. Бізде ауылда жарықтың жоқтығы, айлықтың берілмей жатқандығы туралы біркүндік проблемалар жазылмайды. Олардың миссиясын орындайтын күнделікті шығатын газеттер мен телеарна-радиолар бар. Егер айына бір рет шығатын журнал жарықтың өшіп қалғандығы туралы жазатын болса, мақаланың маңыздылығы жоғалады. Біз мәңгілік тақырыптарды жазамыз. «Ақиқат» журналына шыққан мақала 50 жылдан кейін де оқылуы керек. Өзінің құндылығын жоғалтпауы тиіс. Мысалы, қазір біз А.Байтұрсынов, М.Шоқай, Ә.Бөкейхановтардың мақалаларын оқып жатырмыз ғой. Олар өзінің маңыздылығын жоғалтпаған. Сондықтан біздің журналда да қазақ қоғамына байланысты мәңгілік тақырыптар қозғалады. Біз кейде экономикалық қиындықтарды алға тарта береміз. Экономиканы жөндеп алу оңай. Жалпы экономика біресе көтеріліп, біресе түсіп жататын құбылыс. Ал халықтың рухын өлтіріп алатын болсақ, халықтың мәдениеті мен дәстүрін жойып алсақ, оны жөндеу қиын. Бұлар мәңгілік тақырыптар мен құндылықтар. Сондықтан біздің «Ақиқат» журналы мәңгілік құндылықтарға жұмыс істейді.
Ал сөз бостандығына келер болсақ, кез келген нәрсе шартты. Мен 1992-1993 жылдары «Тәуелсіздік терісін жамылған тәуелді газеттер» деген мақала жазғанмын. Кез келген өзін тәуелсізбін дейтін газеттің артында қаржыландыратын адам тұр. Яғни, ол тәуелсіз емес. Сондықтан оның бәрі шартты. Алланың билігінде, сөзінде, тәуелсіздігінде шек жоқ. Қалғанның барлығында шек бар. Сөз бостандығының да шегі бар. Белгілі бір деңгейден аспау керек. Сөз бостандығы екен деп, ұлттық, мемлекеттік қауіпсіздігімізге зиян ти­гізбеуіміз керек. Кез келгеннің шегі бар. Сол шектен асқаннан кейін қылмыс басталады. Сондықтан бізге керегі – тәуелсіздігіміз бен мемлекетіміз. Бізге керегі – ұлтымыз. Олай болса, осы құндылықтарымызға кері әсерін тигізуші кез келген факторды тоқта­тып отыру керек.

– Бүгінде журналистика саласында дәстүрлі БАҚ пен электронды БАҚ ұғымдары бір-бірімен бәсекелес. Салдарынан, жаңа медиа дәуірінде газеттің дәурені өтіп бара жатыр деген сөздерді де естудеміз. Бұған не дейсіз?
– Алғаш телевидение, радио шыққан кезде газеттің күні өтіп бара жатыр, кітап оқылмай қалуы мүмкін деген. Бұл осыдан қаншама жыл бұрын айтылған. Бірақ соның бәрі бекер болып шықты. Қазір де солай. Әр заманның қозғалып тұратын синдромы, дерті болады. Жаңа нәрсе келсе болды, соны игеріп алады да, соңында жүреді түлкінің құйрығын қуғаны секілді. Ал соны ұстап алғаннан кейін, әбден қызығына тойғаннан соң жалығады. Сосын өзімнің қолымдағы барым жақсы екен ғой дейді. Сол сияқты, әлі әлеуметтік желілердің дәурені өтеді. Бәріне көз, құлақ, қол үйренеді. Үйренгеннен кейін, көз талғаннан кейін оңаша қалып оқитын газет пен кітап жақсы екен ғой дейді. Әрине, уақыт талабына сай екеуін қатар алып жүру керек. Бір-бірін жоққа шығармау керек. Алайда, сол әлеуметтік желіні игеру мәдениетін үйренуіміз керек. Ал қазір бізде әлеуметтік желі мәдениеті жоқ. Дегенмен, уақыт өте келе бәрі қалыпқа түседі.

Ақбота Ерболқызы

Пікір қосу