16 ақпан күні қазақ футболының ардагері, КСРО спорт шебері Сейітжан Берікбайұлы Байшақов 72-ге қараған шағында дүниеден озды.  60-жылдардағы әйгілі футболшы, қазақ аяқдобының ардагері ұзақ аурудан кейін қайтыс болды, — деп жазады ҚазАқпарат.

«Егде буын Сейітжан Берікбайұлының шеберлігіне, соққан голдарына тәнті болатын. Футбол жанкүйерлері оны тіпті КСРО-ның атақты футболшысы Эдуард Стрельцовпен салыстырды. Өкінішке қарай, Сейітжан Берікбайұлы өз бойындағы талантын толықтай жүзеге асыра алмаған секілді. Бұл тұрғыда, қазақ спорт журналистикасының ардагері Сайын Тұрсынов ағамыз «әр түрлі себептермен Сейітжан өз қабілеті мен әлеуетінің жартысын да жүзеге асыра алмады» деп өкініп отыратын. КСРО құрамасы сапына шақыртылғанын да талай рет жырлап берген… Әрі Сейітжан Байшақовтың Алматының Орталық стадионда Мәскеу клубтары сапында ойнайтын КСРО құрамасының қорғаушыларын қалай алдап өткендерін сүйсіне айтып отыратын. 60-жылдардағы жанкүйерлердің біразына Сейтжан Байшақовтай шабуылшы жоқ болатын», — деп жазады Астана футбол федерациясы.

Қазіргі Қазақстан футбол федерациясының президенті, 1978 жылғы әлем чемпионатының електік додасында КСРО құрамасы сапында екі ойын өткізген, даңқты қорғаушымыз Сейілдә Байшақов та немере ағасының Жамбыл жастары үлгі тұтар тұлға болғанын айтады.

«Ағам Сейітжан Жамбылдың «Металлист» командасы сапында ойнап, шабуыл шебінде өнер көрсетті. Ал 1967 жылы оны «Қайрат» шақырды. Сол жылдары Сейітжан Байшақов жалғыз менің ғана емес, мыңдаған жамбылдық жеткіншектер үлгі тұтар футболшысы болды. Осыдан кейін менің де арманым —  «Қайраттың» жейдесін кию болды», — дейді ол.

Қазақстан футбол федерациясының ұжымы КСРО спорт шебері, қазақ футболының ардагері Сейітжан Берікбайұлы Байшақовтың қайтыс болуына байланысты оның туыстары мен жақындарына көңіл айтты.

Пікір қосу