Қаршыға Ахмедияров 1946 жылы 25 наурызда Атырау облысы, Махамбет ауданы, Таңдай ауылында дүниеге келген. Ол күйші-домбырашы, Қазақстанның халық әртісі.

Балалық шағы

Өзі күйші, саятшы, қисса-термелерді төгіп айтатын Ахмедияр ақсақал жанұясын да өнер-ғұмырлық жолмен тәрбиелейді. 4 жасынан ермегі де, еңбегі де домбыра болған Қаршыға «Өнерің үстем болсын, өркенің өссін» деген ата тілеуін, ауыл батасын алып, бала күннен әншілік-күйшілік өнерімен көзге түседі. Анасы 3 жасында қайтыс болады. Кішкене кезінен әкесінің қасында жүріп, зергерлікпен де айналысқан. Жас кезінен Ғарифолла Құрманғалиевті үлгі тұтқан. Соған еліктеп, ауылда ән де салған.

Болмысы қандай?

«Қаршыға көзі жарқылдаған, ашық мінезді адам еді. Тез ашуланатын. Күйге қиянат жасалса, оған көндіге алмай кететін. Адамды бір көргеннен жақсы танитын. Өте сезімтал, өмірге өз көзқарасымен қарайтын еді. Бір концертте Әлібек Дінішев «Айттым сәлем, қаламқасты» шырқаған болатын. Көзіне көзім түскенде ағайға қарасам, ол жылап отыр екен. Сұрауға ыңғайсыздандым. «Не болды?» деп бәрі біткесін сұрасам, «Абайдың өлеңдерін тыңдасам, жылағым келеді» деп жауап берді. Осыншалықты сезімтал еді». (Біләл Ысқақовтың естелігінен)

Еңбек жолы

Қаршыға 1972 жылы Алматы мемлекеттік консерваториясын бітіргеннен соң 1967-1991 жылдар аралығында Құрманғазы атындағы қазақ академиялық халық аспаптар оркестрінде домбырашы, кейіннен концертмейстер, жеке домбырашы және дирижер қызметтерін атқарады. Ахмедияровтың репертуарында отандық композиторлардың күйлері, сондай-ақ шетел композиторларының шығармалары да бар. 1974 жылдан Алматы мемлекеттік консерваториясында педагогтық қызметпен шұғылданып, ғылыми зерттеу жұмыстарымен айналысады. Қаршыға Ахмедияров гастрольдік сапармен АҚШ, Франция, Италия, Үндістан, Венгрия т.б. көптеген елдерде болды.

Отбасы

Жұбайының есімі — Нұрбике Жұмағалиқызы. Ұл-қыздары – Раушан, Ерлан мен Ерболат және немерелері бар.

Қаршығаны қинаған ауру…

«1978 жылы кешкілік концерттен үйге келе жатқанымда көшенің бұзақы балалары есіктің алдында соққыға жығып, сабап кетті. Түннің бір уағында есімді жиып үйге келдім. Сол жақ бүйректі теуіп зақым келтіргеннен дәретімнен қан жүріп, үш күн жатып қалдым. Кішкене тәуір болғанда Индияға гастрольдік сапармен кеттім. Ол кезде қайда, жас кезіміз, жанға батып ауырмаған соң мән бермей жүре бердік. Оның үстіне бұл сырқаттың созылмалы түрі көбіне білдіртпейді, шаншып қатты да ауырмайды.  Сөйтіп, 1983 жылы дәрігерлер пиелонефрит деген диагноз қойды. Ол дегеніңіз адам ағзасы зәрден, тамақтан бөлініп шығатын артық улы заттармен уланып, қанға қажетті элементтер бүйрек өз жұмысын атқара алмағандықтан дәретпен сыртқа шығып кетеді. Мұның ақыры бүйректі семуге әкеледі. Содан жылына екі рет ауруханаға жатып шығамын, дәрігерлер күтіну керек деді. Ауруым меңдей бастады. Ол кезде бүгінгі Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағанбетов Үкіметте мәдениет саласын басқаратын. 1994 жылы Қытайға қағаз жібердік. Олардан “Сізге осы ауруыңызбен әлі жүре тұруға болады, өте қатты асқынған кезде, қанға түскен креатинин 400-ден асқанда хабар жібересіз” деген хат алдық. Содан 2000 жылы жаз айында креатинин көбейіп, 600- ге жетті. Бұл өлімнің бер жағы. Бірден Сызғанов атындағы хирургиялық ғылыми орталықтың жасанды бүйрек ауыстыратын бөліміне бардым. Ондағылар бүйректің тек 15 пайызы ғана жұмыс істеп тұрғанын, операциядан басқа жол жоқ екенін айтты. Бірінші кезеңде күре тамыр (артерия) мен тамырды қосып бүйректі жасанды аппаратқа жалғап, аптасына екі-үш рет қанды тазарту, яғни гемодиализ жасау керектігін, ал алты айдан кейін екінші кезең, басқа ауруыңыз жоқ болса, анализдеріңіз дұрыс шықса, донор бүйрек салу қажеттігін айтты. Ол үшін алдымен бүйрек іздеу керек, болмаса шетелге барып салдыруыңызға да болады. Өйткені оларда бұл тәжірибе отыз жылдан бері қолданылуда деп кеңес берді. Енді амал жоқ: не өлім, не бүйрек салдыру. Сөйтіп, қанымды тазалай бастады. Қарашаның 29-ы күні жұбайым Нұрбике екеуміз домбырамызды көтеріп Қытайға ұштық. Бұл екі арада біздің дәрігерлер 1500 креатининді 500-ге түсірді. Қаражат керек, күтініп арасында жұмысқа да барып жүрдім. Жалпы Қытайға баруым жөнінде тікелей айналысқан Иманғали болды. Мен Атырау облысының құрметті азаматымын ғой. Халыққа дереу хабарлап, маған арнайы есепшот ашты. Бүкіл халық хал-қадерінше көмектесті. әрине, мұның бәрі оңай жұмыс емес еді.

Сөйтіп, 29 наурыз күні төрт ай сарылып күткен операцияға жаттым-ау. Олар екі бүйрегіме тиіспей, донор бүйректің зәр шығаратын түтікшесін (мочеточник), бүйректің қан тамырларын алып мендегі түтікше мен қан тамырларына жалғап қойды. Ал өзімнің екі бүйрегіме тимеді, олар өз қызметін тоқтатқан соң етке, болмаса шандырға айналып кететін көрінеді». (Күйшінің сұхбатынан)

Алайда, дәулескер күйшінің жүрегі 2010 жылы 65 жасына қараған шағында тоқтады. Қаршыға ағаның соңғы демі туған жері Атырауда шығыпты. Бойында Сейтектің сынығы, Махаббеттің өрлігі бар Қаршыға ағаны әркез халқы тамсана тыңдайтын. Өнерсүйер қауым оны «Күй қаршығасы», «Саңлық күйші», «Күй аспанының Қаршығасы», «Ғасырдың күйшісі» деп мадақтайтын. 1981 жылы АҚШ-қа барып күй тартқанда, американдықтар қазақтың Қаршығасын сахнадан жібермей тұрып алғаны да есте. Қаршыға Ахмедияровпен қоштасу Мұхтар Әуезов атындағы академиялық театрында өтті.

Жетістіктері

Қаршыға Ахмедияровтың «Шашақты найза, шалқар күй» атты кітабы, «Нарын», «Қуаныш», «Сағыныш», «Нұрғиса», «Қыз-ғұмыр», «Аққайың», «Желдірме», «Алтын ұя», т.б. күйлері бар. Сонымен қатар, Құрманғазы, Дәулеткерей, Дина сында атақты күйшілердің күйлерін жинап, «Атырау» деген күйлер жинағын жарыққа шығарды. «Сарыарқа», «Жігер», «Әсем қоңыр», «Шынар», «Табыну» атты күйлер жинағы жарық көрді. 500-ден аса күйлері радио, теледидар мұрағаттарында сақтаулы.

Талантты музыкант гастрольді сапармен дүние жүзінің көптеген елдерінде болып, қазақтың қара домбырасының әсем сазын танытты. Қазақ музыка өнерін дамытудағы жоғары шығармашылық жетістіктері үшін Қ.Ахмедьяровқа 1982 жылы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығы, 1992 жылы Қазақстан Республикасының халық әртісі атақтары берілді. 2000 жылы «Парасат» ордені мен марапатталды.

Пікір қосу