Дәмеш Ермекова-Жүргенова (1905–1990)

Жиын-кеште кездесе жүріп, бір-бірімізді ұнаттық

…Мен Темірбекпен 1924 жылы Ташкентте таныс­тым. Қарқаралыдан келіп, Орта Азия мемлекеттік университетінің медицина факультетіне оқуға түскен кезім. Заң факультетінің жоғарғы курсында оқитын кең маңдайлы, сұлу жігіт жолында кездескен қай-қай бойжеткеннің де ұрлана қарамасына қоймайтын. Сонау күйіп тұрған 16-шы жылы-ақ жап-жас басымен Түркістанның генерал-губернаторы Куропаткиннің алдына тайсалмай барып, Перовск училищесінде шәкірттерді қорлайтын қатыгез оқыту­шыны жазалаттырғанын студенттер қауымы аңыз қып айтар еді. Сол өткірлігі мен табанды күрескерлігінің куәсі ғой, Темірбек ол кезде әрі оқиды, әрі Қазақ АКСР-інің Түркістан Республикасындағы толық праволы өкілі қызметін атқарады. Қазақстан және Түркістан Орталық Атқару комитеттерінің мүшесі.

Жиын-кеште жиі-жиі кездесе жүріп, бір-бірімізді ұнаттық. Сегіз жас үлкен жігіттің алдында мен ерке шәкірт сияқты едім. Ал оның айтатыны ылғи саяси әңгімелер: өзі жинап, баспадан шығарған халық ақындарының «Терме» жинағы жайында, көршілес республикалардың шекарасын қалай белгілеу туралы, жазып жатқан жаңа еңбектері хақында… «Шіркін-ай», – деп армандайтын ол. Қазақтың өз университеті қашан құрылар екен, шаруашылығымыз бен мәдениетімізді өркендетудің нағыз ғылыми орталығы сонда жасалар еді». Темірбектің осы арманының алғашқы өтеуіндей және соның тікелей араласуымен 1926 жылы Ташкентте қазақтың тұңғыш жоғары педагогикалық оқу орны ашылды. Оған университеттің соңғы курсында оқып жүрген Темірбектің өзі ректор болып тағайындалды. Кейін «Қазақ педагогикалық институтының бір жылғы жұмысы» деген кітапшасы да жарияланды. Алдын ала айта кетейін, оның әр жылдарда жарияланған еңбектерін бүгінгі күні жинап бастырар болсақ, өлкеміздің 20-30 жылдардағы саяси-әлеуметтік дамуынан толық мәліметтер беретін құнды анықтамалық жасалар еді. «Мені бәрінен босатып, ғылымға отырғызса ғой» деп армандайтын ол кейде. Бірақ партия ісіне берілген білікті мамандар жетіспейтін жылдарда тәжірибелі ұйымдастырушыны қалай босата қойсын. Және тапсырылған жұмысқа зор жауапкершілікпен қарап, жан-тәнімен орындайтын Темірбектің өзі де жер-жерде жүргізіліп жатқан советтендіру ісінің нағыз күрделі шағында саяси күрестен бас тарта алмас еді.

Сонымен ол 1929 жылы ВКП(б) Орталық Комитеті Ортаазиялық бюросының қаулысымен сол кездегі ең қиын участок – Тәжік АКСР-іне Қаржы комиссары болып тағайындалды. Менің оқуым әлі бітпеген, сондықтан бірге кете алған жоқпын. Жасында Тұрмағамбет Ізтілеуовтен дәріс алып, өзбек, тәжік тілдерін еркін меңгерген Темірбектің көрші республиканың шаруашылығы мен мәдениетін дамытуға да біраз еңбек сіңіргені анық, бірақ өз көзіммен көрмеген соң және бұл туралы жазылған зерттеулер жоқ, қазір ештеңе айта алмаймын. Менің білетінім: бір жылдан соң оны ВКП(б) Орталық Комитеті Тәжікстаннан шақырып алып, Өзбек КСР-інің Халық ағарту комиссары етіп тағайындады. Тап жауларының қолынан қаза тапқан Хамза Хаким-заде Ниязидің орнына. Бірге тұрдық. Шоратай есімді баламыз болды. Темірбектің інісінің ұлы Жұманазарды да бауырымызға салдық.

Ерімнен 2 тамыз күні айырылып қалдым

Сол жылы ол Қырымға демалысқа жүріп кеткен. Қайтар жолында Одесса қаласына соғып, жаңадан ашылған опера театрының 40 шақты суреттері мен жобасын алып келіпті. Осы жоба бойынша Темірбек көрсеткен орынға жаңа театрдың іргетасы құйылған. Бірақ шаңырақ көтергенін көре алмай кетті. Бүгінгі Абай атындағы Академиялық опера және балет театрының жанынан өткен сайын сол бір серуенге шыққан жаймашуақ кешті еске аламын. 1937 жылдың июнь айында Қазақстан Коммунистік (большевиктер) партиясының бірінші съезі болып, Темірбек Жүргенов Орталық Комитетке, ал ұйымдастыру пленумында бюроға мүшелікке сайланды. Семей сайлау округі бойынша КСРО Жоғарғы Советінің депутаттығына кандидат болып ұсынылған… Бірақ, амал нешік, көп ұзамай, дәлірек айтсам, 2 тамыз күні қапыда көз жазып қалдым.

Қазақстанға да жеткен «күмәнді қырағылыққа» түсіне бермегенімен, партия ісіне адал берілген азамат дәл сол күні өз басынан қауіптене қойған жоқ-ты. Келесі жиналысқа баян­дама дайындамақ еді. Ал мен, Жұманазар, шешем – үшеумізді (Шоратай қайтыс болған) машинасымен саяжайға жеткізіп тас­тауын өтіндім. Темірбек керекті қағаздарын алу үшін жолда кеңсесіне соқты. Біз машинада күтіп отырғанбыз. Бір кезде бейтаныс жігіт мені шақырды. Бардым. Ол Халық ағарту комиссариатының акт залына ертіп барды да, «осында отыра тұрыңыз» деп өзі шығып кетті. «Темірбектің айтқаны шығар» деп, отыра беріппін. Біраз уақыт өтті. Кенет… есіктен оның көмекшісін көріп қалғаным:
– Темірбек қайда?!
– Білмеймін, әлгіде шығып кеткен…
Жүрегім зу ете қалды. Жүгіріп сыртқа шықтым. Машина ішінде шешем жылап отыр.
– Әлгіде, – дейді ол, – екі жігіт Темірбекті екі жағынан ұстап басқа көлікпен алып кетті. Сірә, сені іздеп, бірнәрсе айтқысы келді-ау деймін, қайта-қайта мойнын бұрып қараумен болды…
Қазір ашық айтылып жатқан, ал сол кезде төбеңнен жай түскендей әсер ететін оқиға ғой бұл енді. Сасып қалдым. Содан ба, үйге оралғанда Темірбектің қағаздарын қаттауға келген адамдардан не алғандарының тізімін де сұрамаппын. Есімді жиғандағы ең алғаш өкінгенім – еріммен қоштаса да алмай қалғаным болды. «Не айтқысы келді екен? Кейінгі ұрпақтарға жеткізер аманатын да тыңдай алмай қалдым-ау!» Осы өкініш мені әлі күнге мазалайды. Кейін «кездесу береді» дегенді естіп, НКВД-ға бардым. Рұқсат алдым. Бірақ қажет болар-ау деген заттарды дайындаймын деп жүріп, уақытынан бес минут кешігіппін. Соның сылтауымен кездесе алмадым. «Темірбекке тапсырыңдар» деген хатымды әзер өткіздім. Ертеңіне тағы барсам, маған жауап бар екен. Хат шығар деп қуана ашсам, екі айлық ақшасын алуға сенім білдірген қолхат қана. Әрі қараймын, бері қараймын – басқа ештеңе жоқ. Ол ақшаны алуға бармадым да…

Темірбек «халық жауы» болып танылып, партия қатарынан шығарылған соң, бізге үйді босатуға тура келді. Суық күзде қолымда қалған жас бала мен кәрі шешенің жағдайын түсініп, Ораз аға – Ораз Исаев жәрдем берген-ді. Кейін оның өзі де ұзақ сапарға кетті. Мен де тергеуден тыс қалмадым. «Күйеуіңнің тап жауы екенін әшкереле, безін одан» дейді. Менің жауабым біреу: «Ашық сот болсын, кінәсі мойнына қойылсын, содан соң ғана безінемін». Бәрінен бұрын балам Жұманазардың болашақ тағдыры қинады. Бауыр басып қалған оның менен айырылғысы жоқ. Көндірдім ақыры. Жолсерік адам тауып, Темірбектің інісіне жібердім. Асыл азаматтың туған ұлындай өсірген тұяғы кейін «әкем мен шешемді ақтап алам» деп жасы толмаса да, өз еркімен майданға сұранып, басқыншыларға қарсы ұрыста қаза табады. Ал ол кезде мен де алыста едім…
«Айыпталатынымды» Темірбектердің қазасы туралы хабарды оқыған сәтте-ақ білгенмін. Қалалық «Социалды Алматы» газетінің версткасынан оқыдым. Көшеде естіп, құлап қалмасын деп таныстарым беріп жіберіпті. Хабарды оқып болған соң «кетіңіз қазір» дедім қаралы хабар алып келген жанашырыма. Айтқандай-ақ, бір жарым сағаттан соң мені алып кетуге адамдар келді…

Әңгімені жазып алған Т.Дүйісбеков
«Мәдениет және
тұрмыс». №2, 1987 (Ықшамдалып дайындалды)

Пікір қосу