Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаевты қабылдады, — деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі. 

Кездесу барысында әкім мемлекет басшысына облыстың биылғы перспективалары, сондай-ақ өңірдің 2021 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық даму жоспары туралы баяндады. Елбасы өңірдің салық түсімдері көрсеткішінің төмен екенін, өңірдің республика бойынша мейлінше дотациялы болып отырғанын атап өтті. Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев еңбек нарығын реттеу саласындағы жұмыссыздық мәселелеріне назар аударды.

«Өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтардың үлесі жоғары. Оңтүстік Қазақстан үшін жұмыссыздық пен халықтың көші-қон мәселесі әрқашан өзекті болып қала бермек. Бұл мәселелерді шешу үшін шағын және орта бизнесті одан әрі дамыту қажет», – деді президент.

Бұдан бөлек, мемлекет басшысы Шымкенттің таяу келешекте тұрғындарының саны 1 миллион адамнан асатын қалаға айналатынын атап өтті.

Облыс әкімі елбасыға «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты жолдауда белгіленген мақсаттар мен міндеттерді аймақ тұрғындары жан-жақты қолдап отырғаны туралы мәлімдеді. Соңында Нұрсұлтан Назарбаев облыс өнеркәсібін, ауыл шаруашылығы мен мал шаруашылығы салаларын дамыту, инвестициялық тартымдылығын арттыру жөнінде міндеттерді орындауға бағытталған бірқатар нақты тапсырма берді.

Пікір қосу