Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, әнші-композитор Ескендір Хасанғалиевтің жары Дарико ханымға махаббаты ерекше.

Өнерде жүрген Ескендір аға ғашығын 1970 жылы Қарағанды облысына концерт беруге барған кезінде жолықтырған.  Бұл туралы композитор: «Менің 1970 жылдары рес­публикалық ком­со­мол комите­ті­нің жолдамасымен Қа­ра­ғанды қа­ласына қызметке бар­ға­ным бар. Бұл – менің Қарағандыға ал­ғаш баруым. Сол жылы кеншілер қа­ла­сында «Гәкку» деген ансамбльді ұйым­дас­тыр­дым. Бірде үстімде ақ костюмім бар, әндетіп тұрғанмын. Зал­ға көз жү­гіртсем, кілең орыс ұлты­ның өкілдері. Содан олардың ара­сын­да «қазақ ұлтының өкілдері жоқ па?» деген сыңай­мен залды барладым. Сөйтсем, тура сахнаның алдында көзі тос­тағандай қазақтың бір қызы отыр екен. Денемнен құдды бір электр тоғы жүріп өткендей болды, әлгі қыздың сұлулығынан. Өйткені бұл менің сүр бойдақ кезім болатын (күледі…). Ол кезде концертті ұйымдастыратын адамды «бригадир» деп атайды. Сол бригадир жігітті шақырып алып: «бауырым, анау көрерменнің арасын­да, сахнаның тура алдында бота көз бір қыз отыр. Менің сол қызбен та­ныс­қым келеді» дедім. Ол да бір пы­сы­қай жігіт екен. Бұйымтайымды екі етпей орындайтынын айтты. Содан бір кезде «сіз сұраған қыз Қарағанды облысына ғана емес, республикаға та­нымал сыйлы да құрметті Әшляевтар әулетінің үлкен қызы, есімі Дарико екен» деген ақпарды маған желдей есіп жеткізді. Жүрек шіркін қойсын ба, танысып-біліскенше алқынып-жұл­қынып барады. Содан сол күні әлгі қыз­бен танысудың реті келді. Сөйт­сем, Дарико Мәскеудің медицина инс­титуында оқиды екен. Ол өзінің жа­қын­да Мәскеуге сабаққа аттанаты­нын айтып қалды. Ақыры ол Мәс­кеу­ге, мен Алматыға оралдым. Кім бі­ле­ді,.. егер менің Алматыдағы Уро­логия институтын басқаратын досым болмағанда, Дарико жеңгең маған бұйырар ма еді, бұйырмас па еді? Бір күні әлгі досыма бара қалсам, әңгіме арасында Мәскеуден бір студент қыздың Урология институтына тәжірибе өткізуге келгенін айтып қал­ғаны. Сипаттауына қарасам, құдды Дариконың өзі сияқты. Мұны естіген жүрек шіркінде маза болсын ба, тәйірі?! Алабұртып тыным тап­пады. Ақыры мен досыма әлгі студент қызды көргім келетінін, оны тани­тынымды айттым… Бір кезде аузын ақ дәкемен тұмшалаған бір қыз келді, директордың қабылдау бөлмесіне. Менің екі көзім әлгі қызда. Дауысы баяғы қызға ұқсайтын сияқты. Бірақ өзіме-өзім сенбей тұрмын. Содан көз жеткізу үшін «қарындас, мына дәкеңіз­ді алыңызшы», – дедім ұят атау­­лыны жинап қойып. Маған кез­дес­ке­ніне ол да қуанды ма, қайдам, (әйтеуір менің жүрегім солай деп со­ғып тұр…) әлде, көңілімді қал­дыр­ғы­сы келмеді ме, бір кезде аузын көм­кер­ген дәкені шешіп алды. Осылай­ша, студент қыз­дың баяғы Дарико екеніне көзім жетті. Сөйтіп, менің Дарикоға деген ма­хаббатым артқан үстіне арта түсті. Міне, мен Дарико жеңгеңмен осылай та­нысып, үзіліп қала жаздаған ма­хаб­бат жібін қайта жалғадым», — деп «Айқын»газетіне берген сұхбатында еске алады.

Шындығында, «Әдемі-ау» әнінен бастау алған ма­ха­б­баттың жалғасын «Ескірмеген махаббат», «Айналайын», «Алғаш­қы танго», т.б деген әндер қатары толықтырып, бүгінде Ескендір ағамыз бен Дарико жең­геміздің махаббаты өскелең ұрпаққа өнеге.

Пікір қосу