– Есенқұл аға, оқырман қауымға туып-өскен ауылыңыз жайында айтып берсеңіз…
– Алматы облысы Жамбыл ауданындағы шағын ғана қырық үйлі Бірлік деген ауылда дүниеге келіппін. Ауылымыздың адамдары ақынжанды болатын. Шетінен домбырашы, шетінен ақын, екі-үш шумақ өлең айтпайтын жан кемде-кем еді. Әкем ғажап домбырашы және ақын кісі еді. Соғыстың алдында опера театрында қызмет еткен екен. Соғыс басталғанда әкеден қалған жалғыз ұл болғасын, әкесінің ағасы тракторшы деп бронь алып беріпті. Ағасы ол кезде НКВД-да қызмет еткен екен. Содан театр жайына қалып, ауылда тракторшы болып қара жұмысқа кіріседі.
– Әкеңіздің өнерпаздығы сізге қонған екен ғой…
– Ол Арқа, Жетісу, Кіші жүз әндерінің барлығын дерлік білетін. Әнші ретінде керемет еді. Өнерпаздардың басын қосып, ауылдың театрын ұйымдастырған. «Серікбай ақын айтыпты» деген сөздері ел аузында әлі жүр. Қайтыс боларының алдында Мұхтар Әуезов Жетісуды зерттемек оймен материал жинап жүрген кезінде әкемді ауылға іздеп келіп сөйлесіпті. Ол кісі әкемді қайтадан театрға шақырған екен, қарайып қалғанын сылтау қылып бармай қойыпты. Мұхтар Әуезов Жетісудың тарихын сұрап, әкеме екі рет хат жазған. Соған қарағанда әкем тегін адам болмаған-ау деп ойлаймын. Кешке жақын пештің түбінде отырып алып балаларының әрқайсысына бір-бір шумақтан өлең шығаратын. Арасында шешеме де қалжыңдап қоятын. Абайдың әндерін ғажап орындайтын. Соның бәрі тәрбие болды ғой бізге. Осының әсерімен ептеп өлең жаза бастадық.
– Өлеңді қай уақыттан бастап жаза бастадыңыз?
– Алтыншы сыныптан бастап өлеңдерім баспасөзде жарық көре бастады. Әскерден келгеннен кейін совхозда құрылысшы болдым. Балшық илеп, қара жұмыс істедім. Бір күні малшылардың қорасын жөндеп жатсақ, бір көлік кеп тоқтады да, ішінен шыққан адам: «Есенқұл деген кім?» – деп сұрады. «Мен», – дедім. «Аудандық газеттен келіп тұрмын. Сені бас редактор шақырып жатыр». «Мені не істейді?» – десем, «Сен үнемі жазып тұрасың, өлеңдерің жақсы. Бізге бір келген емессің. Сені журналист ретінде жұмысқа шақырамыз, келесің бе?» – деді. Бұл менің арманым емес пе, бірден келістім. Шынында да, 6-сыныптан бастап өлеңдерім шығып жатқанымен, редакцияға бір бармағанмын, тек хат жазып жіберетінмін. Сол бетте көлікпен ауданға тартып кеттік, ауылдағылар «Есенқұлды өкімет алып кетті» деп даурығып қала берді.
– Сол кеткеннен мол кеттіңіз бе журналистикаға?
– Содан бастап ұрылып-соғылып, «Атамекен» аудандық газетінің қазанында, осы қара шаңырақта қайнап өстік. Аты аудандық газет болғанымен, Алматы жақын ғой. Редакциямызда күнде танымал ақын-жазушылар отырады. Бір күні Сейдахмет Бердіқұлов ағам келсе, басқа күні Оспанхан Әубәкіров отыратын. Осы кісілерден үлкен сабақ алып, тәрбиеленіп шықтық қой. Әдебиеттің иісі осы кісілермен бірге келе бастады. Ақын ағаларымыз: «Сен өз мүмкіндігіңнен де жоғары жазып жүрсің, саған Алматыға кету керек, аудан көлемінде қалып қойсаң болмайды», – дейтін. Бірақ менің Алматыға барғым келмеді.
– Мәдениеттің нағыз ордасына барғыңыз келмегені қызық екен?..
– Алматыға барып та көрдім. Бірақ ол жақта шабытым болмай, өлең жаза алмай қалдым. Неге екенін білмеймін, Алматы аса ұнамады. Жұматай Жақыпбаев ағамыздың айналасында қазақтың кілең талантты жігіттері жүрді. Қайрат Әлімбек, Бауыржан Жақып, Бауыржан Үсенов, Есжан Айнабеков т.б. Ол кісі – қаған, біз нояндары болдық.
– Журналистика факультетінде сырттай оқыған екенсіз…
– Е-е-е, оқуды да мандытпадық қой (күліп), бұл оқуды да он бір жыл оқып әзер бітірдім. Оқуға барған соң Жұмабай Шаштайұлын жағалап кетеміз. Сессия жайына қалады. Жазушылар одағы мен ҚазМУ-дың ортасындағы сыраханада өстік қой. Ол кездері сыраханаға оңай ақын бармайды. Отырып алып жалындатып өлең оқитынбыз. Сөйтіп жүргенде ақындар айтысы қайта қолға алынып, соғыстан кейінгі тұңғыш ақындар айтысы біздің ауылда өте бастады. Айтысқа қатысам деген ойым болмаған. Газеттен мені сол жерге «сұхбат алып кел» деп жіберді. Барсам, ақындар қағазға қарап айтысып отыр. «Мұндай айтысқа мен де қатысам» дедім. «Қағазға қарамай-ақ айтысам» десем, «болмайды» дейді. «Айтатыныңды қағазға жазып алып, аудандық партия комитеті үгіт-насихат бөлімінің мөрін басып алып кел» деді.
– Шынымен солай дей ме?
– Иә. Ол кезде әр сөзіңді тексеретін. Бірақ аупарткомның үгіт-насихат бөлімін басқаратын Дүйсенғалиев деген кісі мүлде қазақша білмейтін. Әйтеуір, өлең жолдарында коммунистік партия деген сөздер бар болса, мөр басып жібере беретін. Мен де өлеңдеріме мөр бастырып алып келдім. Бірақ айтысқа шыққанда қағазымды жауып қойып, суырып салып соға бердім. Оным бәріне бір керемет көрініп, бас жүлдені жеңіп алдым. Айтыс деген өзі бір ауру сияқты. Бармайын десең сағынып тұрасың. Оның үстіне Алматы облысының атынан үнемі мені шақыратын. Сөйтіп, айтыстың шырмауына іліндік те кеттік. Сейдахмет Бердіқұлов ағам: «Сенен Николай Рубцов секілді жақсы лирик ақын шығатын еді, өзіңді құртып алдың. Айтысқа неге кеттің?» – деп бұл қылығыма аса қуана қоймады. Айтысқа баруымды сонда да қоймадым. Сөйтіп, айтыстың айналасында отыз жылдай жүрдім. Бірақ айтыс пен жазба поэзияны қатар ұстап жүрдім. Он шақты өлеңдер жинағым шықты. 1995 жылы Семейде өткен Абайдың тойынан кейін айтысты біржола қойдым.
– Айтысқа сізді шақырмайтын болды ма, әлде өзіңіз бас тарттыңыз ба?
– Өзім бас тарттым.
– Бұған не себеп болды?
– Жазба өлеңге біржола ден қоймақ болып шештім. Айтыс көп уақытымды алып қойды. Айтысты қойғаннан кейін енді соның қарымтасын қайтарып жатырмын. Бүгінде өлеңді бұрқырата жазып, кітаптан кейін кітап шығарып жатқан жайым бар.
– Сізді қыздарға жуықтау болды дейді жұрт…
– Солай дей ме (жымиды)? Әсершілдеу болған шығармын. Жақсы дүниелер әсершілдіктен туады ғой. Бұл өзі ұзақ әңгіме. Қайсыбірін айтамын.
– «Тұманды күн» әні осындай әсерден туған деседі. Кім себеп болған еді?
– Алғашқы махаббатыма арналған ән бұл. Оны ЖенПИ-де оқып жүрген кезінде Семейге алып қашып кетті ғой. Солай айырылысып қалдық. Төрт жыл өткен соң хабарласып, біз жаққа келе жатқанын айтты. Жүрегім алып ұшып, күзгі тұманда кетіп бара жатқанымда, мотордың гуілімен бірге сағыныштың әсерімен жол-жөнекей шыққан ән еді. Бұл әнім осылай танымал болып кетеді деп ойламағанмын.
– Жүректен шыққан ән жүрекке жеткен болар?
– «Шын жыласаң соқыр көзден жас шығар» деген секілді, шынайы сағыныштан туған ән көптің көңіліне жаққан шығар.
– Ол қыздан қазір хабарыңыз бар ма?
– Иә, аты – Ақмарал, бүгінде балалы-шағалы, хабарласып тұрамыз. Көптеген өлеңдерімнің тууына тікелей себеп болған сол қыз еді кезінде.
– Мұныңызға жарыңыз қалай қарады?
– Бар бұзықтығымды кешіп, бағып-қағып, осы күнге жеткізген – жарым Меңсұлу. Мен елуге келгенше үй-күйді ойлаған адам емеспін. Тек елуден кейін ғана бала-шағама қарайлай бастадым. Оған дейін ән деп, өлең деп, айтыс деп желдей есіп жүрдік қой. Домбырамызды құшақтап, шапанымызды жамылып алып, ана пойыздан мына пойызға секіріп жүре беріппіз. Қазақстанда бармаған жерім жоқ. Қала берді Қырғызстан, Өзбекстанның біраз жерін шарлап шықтық. Солай серілік құрып жүрген кезімізде бала-шағаны өсірген – Меңсұлу жеңгелерің. Бүкіл өмірім еркіндікте өтті. Ешкімге мұқтаж, ешкімге тәуелді болған жоқпын.
– Жамбылдың ақ қалпағын да біраз киіп жүрмедіңіз бе?
– Ол кезде Жамбыл мұражайында істейтінмін. Мұражай әлі ашылмаған. Экспонаттардың ішінде тұрған қалпақты айтысқа киіп кеткенмін ғой. Оны «Жамбылдың қалпағы» дейтін. Қалпақты мұражайға Өзбекәлі ағамыз алып келген. Айтыста ол кісі қалпақты танып қойып, қызық болған. Жалпы, Өзбекәлі ағамның маған өте көп көмегі тиген. Аудандық газеттен қуылып кеткен соң жұмыс таба алмай, сонау Қапшағайда телеграф бағанына сым тартатын жұмысқа орналастым. Бір күні бағана басында қалқиып отырғанымды жанымыздан өтіп бара жатқан Өзбекәлі ағам көріп қалып, ауданға хабарласыпты. «Облыстың намысын қорғап жүрген азаматты тентіретіп қара жұмысшы қылып жібергендерің не?» – деп ұрсыпты. Содан мені аудан басшысы шақырып алып: «Бағананың басында не істеп жүрсің?» – деп сұрады. «Бағананың басында жел соғып тұрады, таза ауа, ешкімнің өсек-аяңын естімейсің. Жақсы емес пе?» – деп қоямын мен де қайтпай. «Қой, ол әңгімеңді, мына жақта Өзбекәлі ағаң ұрсып жатыр, не жұмыс істегің келеді, бұрынғы істеген жерің газетке барасың ба?» – деді. Мен газетке қайта бармайтынымды айттым. «Мәдениет бөліміне жіберсеңіздер барамын», – дедім. Ол ойымды Өзбекәлі ағам тағы құптамады. Одан да мұражайға барсын депті. Сөйтіп, сол кісінің қамқорлығымен қызметке қайта оралғанмын.
– Газеттен не себепті қуылдыңыз?
– Бір фельетон үшін. Бір адамды сынағанмын, сөйтсем ол аупарткомның бюро мүшесі екен. Бюро мүшесін сынауға қандай қақың бар деп, жұмыстан қуып жіберді.
– Алдына кешірім сұрап бармадыңыз ба?
– Барған жоқпын. Факт бойынша барлығы дұрыс. Тек партияға қарсы шықтың деп бастығыма сөгіс беріп, мені жұмыстан қуып жіберді. Фельетон жазғанда оңдырмайтынмын. Менің фельетонымнан кейін сотталып кеткендер де болған. Колхоз-совхоздарға іссапарға барғанымда, басшылар ауданға хабарласып: «Мынаны бізге қандай пиғылмен жіберіп отырсыңдар? Ол сынап жазғанда оңдырмайды», – деп өздерінен-өздері қуыстанып жататын. Сөйтіп жүргенде айтысқа ойысып кеттім де, фельетонның тәсілін айтыста ұтымды пайдалана бастадым. Жалпы, фельетон деген жақсы жанр еді, кейінгі кезде бұл жанрда жазып жүргендер жоқтың қасы. Ол кезде фельетон шыққан газет жақсы қабылданатын, бағаланатын.

– Айтыс өнерінде немен ерекшелендім деп ойлайсыз?
– Ол кезде домбыраны дұрыс шерте де алмаймын. Әйтеуір бір әуенге салып алдым да, айтысқа шығып кеттім. Ол халыққа ұнады. Осы мақаммен сахнада отыз жыл жүріп айтыстым. Айтыспаған адамымыз қалмады. Жасы-кәрісімен, қазақ, қырғыз, өзбектермен де айтыстық. Қазір сол айтыстарымның көпшілігінің қайда қалғанын да білмеймін. Дегенмен Әселхан Қалыбекова, Әсия Беркенова, Әшірәлі Айталиевпен айтыстарым классикалық айтыс деп бағаланып, елдің аузында жүр. Көп сөзіміз асабалардың наны болып кетті.
– Айтыстан жеткен жетістігім деп баса айтарыңыз не?
– Айтыстың алғашқы қарлығаштарының бірі бола тұра, жұрт секілді Халық ақыны болған жоқпын, «Еңбек сіңірген» деген атақты да алмадым. Бірақ айтыс менің даңқымды асырды, елге сөзім жетті. Айтыс арқылы оқырман жазба өлеңдерімді де оқи бастады. Елге, жұртқа танымал болдым. Айтысқа алғыстан басқа айтарым жоқ. Сүйінбай, Үмбетәлі, Жамбылдың рухын көтердім. Осы айтулы ақындардың елінен бір ақын шықпаса ұят болар еді. Мен сол парызымды орындадым деп есептеймін.
– Анаңыздың өзге ұлт өкілі екендігі талай айтыстарда тілге тиек болыпты. Ақын болуыңызға анаңыздың да ықпалы тиді ме?
– Кім біледі?! Ол да украиндық ұлы кобзарьларының тұқымы ғой. Солардан анам арқылы бір қасиет дарыса, дарыған болар.

– Ата-анаңыз қалай табысып жүр?
– Шешем – украин қызы. Соғыс басталғанда 11 жаста екен. Ұлы Отан соғысы басталғаннан кейін үш күннен соң немістер олардың хуторларын бомбалайды. Бірақ шешем ол кезде өз анасымен аудан орталығында жүрген. Әкесі полковник шеніндегі әскери адам болғандықтан, оларды отбасымен шығысқа эвакуациялайды. Стансадан қазақтар күтіп алыпты. «Алғаш түйені көргенде шошып жыладық» деп отыратын анам. Содан олардың әрқайсыларын қазақ отбасылары бөліп-бөліп алып кеткен. Мектепте орыс пен қазақ сыныбы бір бөлмеде отырады, тақтаны екіге бөліп, бір жағына орысша, екінші жағына қазақша жазады екен. Менің анам орысшадан гөрі қазақшаға қызығып, оқып үйреніп кетіпті. Мен ол кісінің қазақ емес екенін кейін бір-ақ білдім.
– Осы тұсты анығырақ айта кетсеңіз…
– Ауылдағы мектептің 8-сыныбын бітірген соң Ұзынағаштағы кәсіптік-техникалық училищеге түскім келді. Сөйтіп, құжат толтырып жатқанымда туу туралы куәлікте: әкесі Серікбай Жақыпбекұлы – қазақ, шешесі Елизавета Яковлевна Свечкарева – орыс деген жерге келгенде көзім бағжаң ете қалды. Осы кезге дейін анамның ұлтына, көзінің көктігіне мән бермеген екенмін. Жұрттың бәрі Лиза тәте дейді. Өзі өмірі орысша сөйлеген емес. Бір кездері түйреуіштің орысшасын білмеген соң сұрауға ұялып, аудан орталығынан ауылға қайтып кеткен кезі де болыпты. Анам қазақтың анасы болды. Барлығы он бір құрсақ көтерген, содан қалғанымыз жетеу. 35 немере, 32 шөбере сүйіп, 83 жасында дүниеден өтті.
– Ақындық беделіңізді қызметке тұру немесе дүние жинау үшін пайдаланған кезіңіз болды ма?
– Менде ешқашан көп дүние болған емес. «Жүйрік атты өзінің беделі асырайды» демекші, мені сол абырой-беделім асырап келе жатыр. Аудан орталығында үш бөлмелі үйім, 40 тауығым бар. Жекеменшік көлігім немесе банкте жатқан ақшам жоқ. Маған артық дүние керек емес. Нәсібіміз Алладан, ешкімнен артық, ешкімнен кем болмай жүрген жайымыз бар. Қызмет қусам өсіп те кетер едім, бірақ қумадым. Қазірдің өзінде талпынсам, талай беделді қызметтің құлағын ұстауға қауқарым жетеді. Бірақ ол маған керек емес. Алла тағала мені дүниеге ақын болсын деп әкелді, ақын болып өтуім керек. Әркім әкім бола алады, бірақ әркім ақын бола алмайды. Құдай осы таланттан айырмасын.

Сұхбаттасқан Данияр ЖАНЫСОВ

(…толық нұсқасы
«Жұлдыздар отбасы» журналының 

№15, 2012 жылғы санында)

Көшіріп басуға, тақырыпты бұрмалап салуға, материалды қысқартып өзгертуге, арасынан сөз немесе сөйлемдерді алуға қатаң тыйым салынады!

 

Пікір қосу