Сәкен Сейфуллин 1894 жылы 15 қазан күні Қарағанды облысы, Шет ауданы, Қарашілік қыстағында дүниеге келген. Ол ақын, жазушы, коммунистік мемлекет қайраткері.

Бала Сәкен

Сәкен үйінің тұңғышы болады. Табиғатынан дарынды, сұлу бейнесі ішкі жан дүниесіне сай болып өскен өнегелі ұлдарын Сейфолла мен Жамал азан айтып қойған Сәдуақас деген есімінің орнына еркелетіп Сәкен деп атап кеткен. Сәкен анасын жақсы көрген. Шынында да, баласының азамат, ерекше тұлға, ақын болып қалыптасуына шеше тәрбиесінің ықпалы зор болған. Інісі Мәжиттің сөзіне қарағанда, кейін Сәкеннің өзі: «Мені адам еткен де, ақын еткен де анам ғой», — деп мақтанып жүреді екен. Сәкеннің әкесі Сейфолла саятшы, сал-сері, әнші-күйші болған. Ал анасы оған ел аузындағы батырлар жырын, даналық сөздерді, қызықты әңгіме мен ертегілерді үнемі айтып, құлағына құйып отырған. Сәкен бала кезінде бір айтқанды қағып алатын, тез түсініп, ұғып алғыш, зейін тоқтатқыш тиянақты болып көзге түскен.

Әкесі Сәкенді мұсылманша сауат ашсын деп Бармұхамед молдаға береді. Ауыл молдасынан 3 жыл оқып, тіл сындырып, арабша хат танып, қисса-хикаяны өзі оқып-білетін дәрежеге жетеді. Кейін 1905 жылдан бастап Нілдідегі орыс-қазақ мектебінде оқиды.Содан соң Ақмоланың бастауыш приход мектебіне ауысып, үш класты қалалық училищенің бірінші бөлімін тәмамдайды. Оқып жүріп, шәкірттерге дәріс оқиды.

Сәкеннің болмысы қандай болған?

Сәкеннің адамды сыйлау әдеті қызық болатын. Оны дәреже емес, тек адамның басы ғана билейтін. Өзіне ірілік көрсетпек болған адам Сәкеннің сый-құрметінен құр алақан қалатын. Ал өзін тең көргендерге, жолым, жасым үлкен деп маңғазданбағандарға Сәкеннің жүзі де жылы, инабаты да мол болатын. Арысымның тағы бір мінезі мен үшін ыстық. Ол менің сөзімнен, не ісімнен бір нәрсені ұнатпай қалса, соның терістігін көбіне әзілмен ескертіп отыратын. Сәкеннің енді бір ерекше мінезі әсемдікке, сұлулыққа құштарлығы еді. Ол өз бойының сәні мен тазалығын қатты қадірлейтін. Оның кербездігі ақ жанының сыртқы айнасы еді. Олпы-солпы жүруді мейлінше ұнатпайтын, үй ішінде мұнтаздай тазалық пен тәртіптілік, әсемдік пен жарасымдылық болуын талап ететін (Жары Гүлбахрамның естелігінен).

Сәкен өсек айтуды білмейтін кісі еді. Оның біреуді біреуге шағыстырғанын немесе біреуді сырттан кінәлағанын естіген де, көрген де кісі жоқ. Не айтқысы келсе де, бетке айтатын. Бір көрген кісіге Сәкен тәкаппар сияқтанатын еді. Үлкенсуді ұнатпайтын. Ұнатпайтын адамымен сөйлеспейтін, қыдыруды жек көретін. Ол музыканы, әнді өте сүюші еді. Домбыраны бір сыдырғы әдемі, ықылас қоя тартатын. Сәкен ешкіммен лезде достаса қоймайтын. Достаса қалғандай болса, біржола берілетін.

Сәкен аса балажанды адам еді. Үлкендерге «кісі киіктеу» ол, бала көрсе жанаса, жұғыса кететін. Туған інісі Мәжиттің жирен шашты балаларын емірене құшақтап отырғанын талай көрдік. 1937 жылы көктемінде туған ұлымның атын мен Ботажан деп қойдым. Содан кейін біздің үйге бір келгенінде, жас нәрестені алдына алып отырып: «Аты кім?» деді Сәкен. Мен «Ботажан» дегенде Сәкен күліп: «Бұзаужан» деп неге қоймадың?» деді…Баланы Сәкен иіскеуші еді де, сүймеуші еді. «Неге?» десең, «Өмірде кісіні сүйіп көрген жоқпын» ,- дейтін. «Әйелді ше?» «Оны да»…(Сәбит Мұқановтың естелігінен)

Еңбек жолы

Сәкен Сейфуллин 21 тамыз 1913 жылы Сейфуллин Омбы педагогикалық семинариясына келеді. Онда ол Мағжан Жұмабаевпен оқыған. «Айқап» журналында қарашадағы санында (№ 21) Сәкен Сейфуллин өзінің алғашқы мақаласын жариялайды. Сол уақыттан бастап, ол Омбы қаласының охранкасының назарына ілігеді. 1914 жылы Сәкен Омбыда «Бірлік» («Единство») қазақ жастарының тұңғыш мәдени және білім беру қоғамның көшбасшыларының бірі болады. 1914 жылы ол өзінің «Өткен күндер» атты өлеңдер жинағын жариялайды. Кейін 1916 жылы Сәкен сырттай мүлікті заңдастыру комиссиясының Ақмола уезі бойынша 12 елді мекенде жұмыс істейді. Сонда 1916 жылы ол қазақ халқының Амангелді Иманов бастаған көтеріліске арналған дастан «Толқулар» деген өлең жазды.

1916 жылдан 1 қыркүйектен бастап Сейфуллин негізі қалануына өзі тікелей қатысқан, Бұғылы мектебінде оқытушы болып қызмет атқарады. 1917 жылы 9 наурызда ол Ақмола, көшіп келіп, онда Ақпан төңкерісі туралы «Біз асығыс жиналдық» атты өлең жазған. 1917 жылдың сәуір айында, Сәкен Сейфуллин, «Жас қазақ» («Жас қазақ») саяси және әлеуметтік-мәдени қоғамын құрады. 1917 жылғы шілдеде Сәкен газетін «Тіршілік» шығаруға қатысады. Қыркүйек айынан бастап Сейфуллин Ақмоладағы жаңа орыс-қазақ мектебінде үш айлық мұғалімдерді оқыту курстарын жүргізеді.

Сәкен қашан ұсталды?

1937 жылдың 24 қыркүйегінде абақтыға қамалады. КСРО Жоғары сотының көшпелі әскери коллегиясы Алматыда, 1938 жылдың 28 ақпанында 16 сағат 40 минутта оның қылмыстық ісін қарады. Сот істі 20 минуттың ішінде қарап, Сәкен Сейфуллинді ату жазасына кесті. Сәкен қамауға алынысымен оның әкесі Сейфолла ұсталып, КарЛАГ-та атылған. Інісі Мәлік бір түнде жоғалып кетеді, күні бүгінге дейін оның тағдырын ешкім білмейді. Екінші інісі Мәжит тап сол уақытта сүзекпен ауырып, қудалаудан аман қалады.

Пікір қосу