Бүгін Үкіметте соңғы уақыттары қазақстандықтарды алаңдатып отырған ҚР Конституциясының 26-бабы 1-тармағына қатысты түсініктеме берді, — деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазақстан республикасының азаматы» деп басталатын тармақ «әркім» деген сөзге ауыстырылған соң, халық арасында түсініспеушілік туындаған. Бұдан кейін «Қазақстанның жерін әркім жеке меншігіне алуға құқылы» деп ұққандар көп. Алайда Ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаев бұл теріс пікір екенін түсіндіріп берді.

«Алдын ала талдау көрсетіп отыр, бұл баптың Жер Кодексімен қарама-қайшылығы жоқ. Өздеріңіз білесіздер, Жер туралы Кодексте шетелдік азаматтарға жер сату және жалға беруге мораторий жарияланған», — деді министр Үкімет отырысынан соң өткен баспасөз мәслихатында.

Оның сөзінше, аталмыш норма меншік құқығын сақтауға және оны мемлекет тарапынан кепілдік етуге бағытталған, бұл құқықтық мемлекеттің ең негізгі постулаттарының бірі. «Егер шетел азаматты Қазақстанға келіп, көлік сатып алған болса, бұл меншік тиісті деңгейде қорғалуы тиіс. Бұл біздің құқықтық және ауыл шаруашылығы жерлерінен басқа меншік иелігіне кепілдік беретін мемлекет екенімізді көрсетеді. Қазір арнайы комиссия жұмысы жүріп жатыр, қоғамдық тыңдаулар мен талқылаулардың соңын күтейік», — деп атап өтті ол.

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ерлан Нысанбаев, өз кезегінде жердің шетелдіктерге сатылуы мүлдем мүмкін емес екендігін атап көрсетті. Айта кетейік, ҚР Президентінің тапсырмасымен Жер туралы Кодекстің шетелдік азаматтарға ауыл шаруашылығы жерлерін сатып алуға және оны жалға беруге қатысты кейбір баптарына мораторий жариялаған болатын.

 

Пікір қосу