Шәкен Айманов 1914 жылы 15 ақпанда Павлодар облысы, Баянауыл ауданы, айманбұлақ ауылында дүниеге келген. Ол КСРО халық әртісі, актер, режиссер.

Бала Шәкен

Шәкеннің әкесі Кенжетай саятшылығымен аты шыққан, өнерге құмар жан болған. Кенжетай балаларына жастайынан дрмбыра үйретіп, ән-күйге, өнерге баулып өсіреді. Әкесі Кенжетай мен жездесі Қали Байжановтан тәрбие ала отырып, ол өзінің әртістік дарынын ерте байқатады. Жастайынан ойын-сауық, жиын-той өткен жерден табылып, ән салып, өлең оқып, жұрт аузына ілігеді. Қара жұмысқа онша бейімі жоқ ерке Шәкен анасы әлдебір шаруаға жұмсаса, аяқастынан ауыра қалады. Ал қаттырақ ұрысса, ауылдың жанындағы Серектастың басына шығып алып, қараптан-қарап отырып жылайтын көрінеді. Бұл қылығын ерсі көріп, баланы тыйып тастамақ болғандарды Кенжетайдың ағасы Аббас: «Тимеңдер оған…Тегін жылап отырған жоқ. Өнер қысып жылап отыр», -деп тоқтатады екен.

Студент Шәкен

Шәкенді ағасы Қажымұрат 1924 жылы Семейге оқуға алып кетеді. Алғашында Қазкоммунаға. кейіннен Халық ағарту институтына түсірген. Осы институтта оқып жүрген кезінде Шәкеннің қолынан домбыра мен мандолин түсінбей, неше түрлі көркемөнер үйірмелеріне қатысып жүреді. Өнерпаз ретінде жарқырай көрініп, Алматыдан арнайы келген жазушы, драматург Ғабит Мүсіреповтің көзіне түседі. Сөйтіп, институттың 3-курсынан оқуын тастап, Алматыдағы кәсіби театрға жол тартады.

Алғашқы түскен киносы қандай?

Шәкеннің ең алғашқы түскен киносы — «Амангелді». Фильмнің Алматы түбіндегі Қаракестек ауылында түсіріле бастағанын естіген бойда өз қалауымен барып, эпизодқа түседі және сол фильмге кеңесші болады. Киноға келгеннен кейінгі мезгілде Шәкен Кенжетайұлы 20-дан астам рөлде ойнап, 14 фильм түсірген. Ал Шәкен Кенжетайұлының ең мықты фильмі «Атаманның ақыры» — өкінішке қарай, соңғы жұмысы. Шәкен Айманов 1970 жылы 23 желтоқсанда, 56 жасында Мәскеуде машина қағып қайтыс болды.

Шәкен өмірде қандай болған?

Шәкен Кенжетайұлы өмірде де ешкімге ұқсамайтын, ашық-жарқын, ерекше жомарт болған. Осы қасиетіне орай достары оны «бүгінгі заманның серісі» деп білген. Дүниенің бетіне қарамайтын ол жұртпен араласқанды, достарымен әңгіме-дүкен құрғанды ұнатқан. Кез келген жиналыстың аяғын кішігірім тойға, ойын-сауыққа айналдырып жіберетін Шәкеннің жалғыз жүретін, үйінде оңаша қалатын кезі сирек екен.

Отбасы

Шәкен Айманов өмірде екі некелі болған. Алғашқы жары — атақты биші Шара Жиенқұлованың сіңлісі Хадишадан Мұрат атты ұл сүйген. Ол сондай-ақ Хадишаның алғашқы күйеуінен көрген қызы Майраны да туған перзентіндей қабылдап, бауырына басқан. Күйеу баласы белгілі актер, режиссер Асанәлі Әшімов бұл жөнінде: «Майра Шәкеңе еркін еді, кейде «дядя Шакен», кейде «папа», енді бірде «Шакен Кенжетаевич» дейтін. Шәкең көп мәселеде Майрамен ақылдасатын. Халық қадірлеген Шәкеңнен ұрпақ қалмады. Ұлы Мұраттан бір ғана қыз бар. Әрине, қазақ жиенді ұрпаққа санай бермейді. Дегенмен, ол кісі Майра екеуміздің ұлдарымыз Мәди мен Сағиды «нағыз ұрпағым» деп санайтын», — дейді.

Пікір қосу