– Сұхбатымызды дәстүрлі сұрақтан бастасақ. Қай жылы, қай өлкеде дүниеге келдіңіз?
– Оңтүстік Қазақстан облысы, Бәйдібек ауданы, Боралдай ауылында 1978 жылы қарапайым отбасында дүниеге келдім. Анам Гүлсара Сейітқадырқызының мамандығы – мұғалім. Әкем Өмірзақ – мемлекеттік қызметкер. Көп жыл агроном, ұжымшар директоры болған. Қазір әкемнің жасы 64-те, зейнеткер. Үйде алты ағайындымыз. Оның үшеуі – қыз бала, үшеуі – ұл бала. Жартымыз орыс сыныбында, жартымыз қазақ сыныбында оқыдық.
Отбасымызда менен басқа ешкім ән айтпайды. Тіпті, мамам да, папам да ырғақ дегенді білмейді. Ойнап жатқан әуенге мүлдем қарама-қарсы билейді, сол кезде күлкіден өлеміз (күлді). “Ойпырмай, алты баламыз. Папамда да, мамамда да ритм жоқ. Қалайша мен әнші болдым?” деп ойлап қоямын кейде. Бірақ әкемнің “әу” деп қоятыны да бар. Әншілік маған анамның анасынан жұққан қасиет болса керек. Нағашы әжеміз жас кезінде төңірегіне танымал әнші болған. Атамыз қызғанып, әжемнің ән айтуына тыйым салған екен. Апамыз болса, балаларының ішінен де әнші шықпағанына ренжігендей болып, “тым құрығанда немерелерімнің біреуінің бойына осы қабілетім дарыса екен” деп армандапты. Әжем Ұлман, Құдайға шүкір, 87 жаста. Осы жерде отыр­сам, “Әй, мен келдім!” деп өзі келе салуы да мүмкін! (Күлді.) Тың. Әлі күнге дейін өтінсең ән айтып бере алады. Даусы сондай жағымды, қоңыр дауыс. Тембрі, өзіндік бояуы бар. Осыны айтсам, әкемнің туыстары қызғанып: “Неге анамның анасы деп айта бересің? Сенің Арапбай атаң да әнші болған ғой”, – дейді. “Сұхбат берген кезде осыны айт, қарағым! Әйтпесе ұят болады”, –
деп жүреді.
– Сіз орысша оқыдыңыз ғой?
– Иә. Ата-анам орыс сыныбына береміз деп арнайы жоспарламаған. Бірақ солай болды. Екі үйден кейін орыс көршіміз бар еді. Сол үйдің Виктория деген қызы менің жан құрбым болды. Виканың әжесі мені өз немересіндей жақсы көріп, екеумізге бірдей қарайтын. Үнемі күйтабақтардан ертегі тыңдатып, кітап оқып беріп, алфавитті жаттатқызатын. Мен үйге барып алып, кітапты қолыма алып, үйренгенімді қайталайды екенмін. Соны байқаған анам: “Қызым орысшаны үйреніп келеді, Вика екеуін бір сыныпқа берейік”, – деп шешеді. “Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте” демекші, орыс тілін еркін меңгергенім үшін анама ризамын. Құрбыма келер болсам, қазір Вика Германияда тұрады. Бизнесі өрге домалаған іскер әйел.
Мектепішілік ансамбліміз концерттер, кештер ұйымдастырғанда сондай қатысқым келетін. Өкінішке қарай, мені үнемі кері қайтарып жіберетін. Неге екенін қайдам?!
Мектепті бітіріп, қолыма аттестатымды алғаннан кейін анам: “Қызым, Алматыға барып оқы. Болашағы бар қала. Туысқандарымыз да бар”, – деп Қыздар педагогикалық институтына жіберді. “Мама, Алматыңыз не? Шымкентте оқысам, соған да тәуба!” – дедім. Әйтеуір не керек, анамның айтқан ақылын тыңдап, оқуға түсу үшін емтиханға дайындалдым. Жаз кезі. Қолымда кітап. “А, Құдай! Менің арманым өнер саласына оқуға түсу еді. Сол тілегімді қабыл етші!” – деп тілек тілейтінмін. Аллаға шүкір, арманым орындалды! Сол жылы Алматы педагогикалық институтының музыка факультеті жабылып қалғандықтан, ең аз балмен Қыздар педагогикалық институтының “музыка және ән салу” факультетіне қабылдандым. Бір қызығы, институттарда да ансамбльдер болады ғой, сол ансамбльдің жетекшісіне барып: “Кешіріңіз, менің ән айтқым келеді. Ансамбльдеріңізге мені де алыңызшы”, – деймін. Ән айтып беруімді сұрайды. “Ммм… жаман емес! Бір айналып кел не болмаса өзім хабарласамын”, – дейді де қояды. “Е, менен әнші шықпайтын шығар. Не мектепте алмады, не институтта алмайды” деп ойлап мен жүрем.
Институтта оқып жүрген кезімде алғаш көзге түсуіме өзіміз құрған “Шығыстың бұзық қыздары” КВН командасының септігі көп тиді. Өзім сол команданың капитаны болдым. Ол кезде бізді ешқандай аты да, атағы да жоқ жай ғана Нұрлан Қоянбаев дайындайтын (күлді). Ылғи бірінші орын алып, республикалық ойындарға қатысатынбыз. Онда мен ән де айттым, пародия да жасадым.
Институтқа түскен жылдары үйді қатты сағынатынмын. “Мама, егер сіздер мені шын мәнінде жақсы көрсеңіздер, Шымкентке ауыстырып алыңыздаршы. Мен сендерді сағындым”, – деп хат жазатынмын. Бір семестр бітіп, ауылға барғанымда анам мені шақырып алып, жақсылап тұрып әңгімелескені есімде. “Қызым, сенің бізді сағынатыныңды білемін. Біз де сені сағынбайды емес, сағынамыз. Бірақ сен сабыр сақтап, шыдауың керек! Алматыдағы зор мүмкіндік мұнда жоқ! Бағың ашылып кетуі мүмкін! Ертең уақыт өте келе сен әлі маған рахмет айтасың. Ойлан!” – деді.
Анамның жарық дүниеден озғанына бір жыл болды. “Маржаным менің ғана қызым болмай, халықтың қызы болса екен” деп армандайтын. Анамның сол арманын орындауға тырыстым деп ойлаймын. “Мынау біздің қызымыз” деп мақтанып, балалары үшін ұялмай жүрсе болғаны. Оларға ешқандай дүниенің де, киімнің де қажеті жоқ. Бір сөзбен айтқанда, аттарына кір келтірмеуге тырысып бақтық.

ЖЕТІСТІКТЕРІ:
2002 жыл – Республикалық “Жас қанат” байқауының дипломанты;
2003 жыл – Халықаралық “Азия дауысы” фестивалінің ІІІ орын иегері;
2003 жыл – Шанхайдағы Халықаралық Азия музыка фестивалінің ІІІ орын иегері;
2004 жыл – Халықаралық “Славян базары” фестивалінің ІІ орын иегері;
2004 жыл – Чехияда өткен Халықаралық “Юниверсталант-Прага” фестивалінде І орын алып, “Ең үздік ән”, “Ең үздік әнші” номинацияларын жеңіп алған;
2004 жыл – “Жыл адамы” фестивалінің “Эстрада саласындағы жеткен жетістіктері үшін” номинациясында “Алтын адам” иегері;
2006 жыл – Халықаралық “Чешме-2006” фестивалінің дипломанты.

– Анаңызды сағынып жүрген боларсыз?
– Анам өте жан-жақты, ешкімге ұқсамайтын ерекше жан болатын. Шымкентте, ауылда тұрса да, заманауи әйел еді. Барған сайын: “Маржан, бері кел. Отыр. Сонымен, институтта не болып жатыр? Қандай мәселе мазалап жүр? Менен ештеңені жасырма. Сен үндемей қалсаң, одан жақсы болмайсың. Одан гөрі маған мазалап жүрген нәрсеңді айтсаң, мен саған ақылымды айтамын. Мен ешқашан сені кінәламаймын, соны біл, қызым!” – дейтін. Анам менің құрбым бола білді. Қаладан келгенімде анам екеуміз құшақтасып, диванда жататынбыз. “Мамуся, иісіңді иіскейінші”, – деп еркелеймін. “Қызым, ұят емес пе, өгіздей болып алып! Бар, ана жаққа жат!” – деп қуатын. Сонда да бәріміз кезек-кезек еркелейміз. “Мамау!” деп қойнына кіріп кететінбіз. Өйткені анам біздің досымыз, ақылшымыз бола білді. Содан да шығар, бәріміз анамызға қатты жақын болдық.
“Бір жыл қала тұр. Келесі жылы түсе саласың” деп қазақбайшылыққа салынбайтын. “Үйдегі соңғы затымды сатсам-дағы, менің балаларым жоғары білім алуы керек!” деп алтаумыздың да жоғары білім алуымызға мүмкіндік жасады. Үйде жеке кітапханасы болатын. Кітабы көп еді. Өзі орысша сөйлей алмаса да, орысша кітаптар оқитын, түсінетін. Біз үйге келсек, анам бәрімізді жинап алып: “Кеттік, көкке шығамыз!” – деп ет асып, табиғатқа алып кететін. Әр күнімізді мейрамға айналдыруды жаны сүйетін. Қаладан келгенде тамақтың түр-түрін пісіріп, дайындап қоятын. Мұғалім ретінде анам біздің жан дүниемізді ұғатын психолог бола білді. Әңгімелесіп отырып, бірдеңені жасырып қалсақ, соны сезіп қоятын. Сұрағаннан кейін айтамыз. Сонда үлкен кісімен сөйлесіп отырғандай тыңдап, түсініп, бағыт-бағдар беретін. Анам өмірден қайтқаннан кейін бәріміз қиналып қалдық. Бір қиындық туса, қуаныш болса, телефон соғатын, жетіп баратын анамыз жоқ. “Мама, осылай болып жатыр. Не істеймін?” – деп ақыл сұрағым келеді кейде.
Анам ойламаған жерден қатерлі дертке шалдықты. Үш айдай төсек тартып жатты. Ауырып жатқанында “балаларымның алдында кетіп бара жатқаныма бақыттымын” деп жатты. “Өнерің өрге жүзсін. Халықтың қызы бол! Үлкен әнші бол! Халық сені қолдаса, сен жаман болмайсың! Тек Алла тіл-көзден сақтасын!” – деп батасын беріп кетті. Бір өкініштісі, ана дүниеге кетіп бара жатқанда қасында бола алмадым. Үлгере алмай қалдым.
Шұғыл жұмыстармен Астанаға баруым керек болды. Осы екі ортада “халі нашарлап бара жатыр” деген хабар келді. Ести сала, Шымкентке қарай бет алдым. Бірақ, өкінішке қарай, мен барғанша анам жүріп кетіпті (Маржан көзіне жас алды.) Сол кезде қасында менен басқа балаларының бәрі болды.
– Қазір бауырларыңыз қайда тұрады?
– Бауырларымның төртеуі осы Алматыда. Мен Астанадамын. Үлкен әпкем ғана Шымкентте тұрады.
– Маржан, балалық шақ дегенде есіңізге ең алдымен не түседі?
– Кішкентай кезімде өте бұзық болыппын. Әкем де, атам да мені “ұйытқы” деп атайтын. “Ұйытасың да жүресің!” деуші еді. “Ұйытқы деген немене?” деп түсінбейтінмін. Сөйтсем, ұйытқы деген бәрін былықтырып жүретін адам екен ғой (күлді).
Атаман болатынмын. Балалармен көкке шықсақ, үй ойнаймыз. “Мына шөп – нан. Бәрің осыны жейсіңдер” деп балаларға шөпті жегізетінмін. “Жеңдер, балалар, жеңдер! Аш аузыңды, көрсет!” деп қадағалап тұратынмын. Өзім жемейтінмін. Осындай бұзық болғам.
– Сіз кімге тартқансыз?
– Анамның көшірмесімін. Бірақ анамда маған қарағанда үш есе көп энергия болатын. Француз актері Луи де Фюнес бар ғой, сол сияқты жүгіріп жүретін. Сөйтіп жүрген адам аяқ астынан ауырып қалды. “Мама, алпысқа келген сіздің қасыңызда отырып, мен шаршап кетемін” дейтінмін. “Ей, сендер еріншексіңдер ғой. Болмайтын нәрсеге шаршап қаласыңдар. Қазіргі уақытта шаршауға бола ма? Шаршамау керек! Сендерге күйеуге ауылға тию керек еді! Азаннан от жағып, табаға нан пісіріп, тамақ істеп, әнді сиыр сауып жүріп айтар ма едің?!” – деп күлетін. “Ойбай, Құдай сақтасын!” – дейміз сонда (күлді).

Сұхбаттасқан Әйгерім САМАЛБЕКҚЫЗЫ

(…толық нұсқасы
«Жұлдыздар отбасы» журналының 

№14 (55) Шілде 2009 жылғы санында)

Көшіріп басуға, тақырыпты бұрмалап салуға, материалды қысқартып өзгертуге, арасынан сөз немесе сөйлемдерді алуға қатаң тыйым салынады!

Пікір қосу