Қоғамда екіжақты пікір тудырған үндінің «Келін» телехикаясы жақында аяқталады. Бұл туралы «Қазақстан» ұлттық арнасы хабарлады.

«Телекөрермендер жергілікті салт бойынша ерте тұрмысқа шыққан және бөтен отбасыға келін болып түскен кішкентай қыздың тағдырына бейжай қарай алмады. Өзінің еңбекқорлығының, төзімділігінің және үлкендерге деген құрметінің арқасында Ананди қайын жұртына тез сіңіп кетеді. Бұл қасиеттерінің арқасында қазақ көрермендерінің де көңілінен шығады», – делінген хабарламада.

Айта кетейік, сағыздай созылған “Келін” телехикаясы ұзақтығына қарамастан рейтингі ең жоғары кинофильмдер қатарына кірді. Алайда қоғамда оған қарсы шыққандар да аз болмады. Соның салдарынан бір кездері телехикаяның көрсетілімі аяқталған болатын. Алайда көрерменнің сұрауы бойынша, ол қайтадан өз жалғасын тапты. Осылайша бес жылға созылған  телехикая 24 ақпанда аяқталады.

Осы 5 жылдың ішінде телехикаяда басты рөлдерді сомдаған актерлердің басым бөлігі ауысып кетті. Мәселен, бір ғана Анандидің рөлін үш актриса сомдаған: Авика Гор, Пратюша Банерджи және Торад Распутра. Олардың арасындағы Пратюша Банерджи өмірден озып кетті.

Пікір қосу