Қазақстандық продюсер Баян Есентаеваға отбасын құру туралы ұсыныс білдірген бизнесмен Тұрсынғали Алакөзов Informburo. kz сайтына сұхбат беріп, Баян Есентаевамен қалай танысқандығы туралы айтып берді, — деп жазады Baistars.kz.  

Бизнесменнің айтуынша, ол бұрын қазақстандық шығармашылық ортаға қызықпаған, жергілікті эстраданы білмеген, сәйкесінше Баянның аса танымал екенінен хабарсыз болған.

«Мен Әл-Фарабидің бойында тұратынмын және Баянның суреті бар баннер көретінмін. Қателеспесем, сусабынның жарнамасы болды-ау деймін. Өткен сайын қандай әдемі қыз деп ойлайтынмын», — дейді Алакөзов.

Ол Баянмен өткен жылдың наурыз айында танысқанын жеткізді. «Ол – қайталанбас әйел. Өз ісінің нағыз маманы. Мен көркем фильм түсіріп жатқан едім. «Ана үйінің» проблемаларына байланысты мәселелер туралы сериал түсіру жайында шешім қабылданды. Мен киноиндустрия саласының маманы болмағандықтан, осы кәсіптегі адам керек болды. Осылай таныстық», — дейді кәсіпкер.

Тұрсынғали Алакөзовтың айтуынша, ол бұған дейін Баян секілді адамды кезіктірмеген екен. Алакөзов продюсердің өміріндегі соңғы бір жыл ішінде орын алған оқиғалар туралы өз ойын айтты. «Баян танымал болмағанда, ажырасулар көп отбасында орын алады деуге болатын еді. Маған бұл оқиға туралы айту қиын, оның маған қатысы жоқ. Әрине, өкінішті екені сөзсіз. Алаңдап отырған балалары, туыс-жақындары бар. Бұл – өте қиын сәт», — дейді ол.

Журналистің Баянға отбасын құру туралы ұсынысты қалай жеткізгені және үйлену тойын қалай өткізетіні жайлы сұрағына Тұрсынғали Алакөзов «Біз он алтыда емеспіз. Сондықтан бұл сауалға кейін бірлесіп жауап берерміз» деді.

Ол үйлену тойының өте нәзік мәселе екенін айтады. «Қазір біз жай ғана неке қиятынымызды әлде неке шартын бекітетінімізді қарастырып жатырмыз. Осыған дейін жіберген қателіктерімізді қайталамау үшін мұндай мәселелерді көтеріп отырмыз. Себебі екеуміз де ес тоқтатқан, естияр адамдармыз. Ешкімді ренжітпей, бұл мәселені әділ шешу үшін ақылымыз жетуі керек. Бұл маңызды», — дейді кәсіпкер.

Тұрсынғали Алакөзов Баян Есентаевамен бірлескен жобалар туралы да айтып берді. Оның сөзіне қарағанда, қазір Баян Есентаева жазып жатқан кітап идеясын екеулеп бірге ойлап тауыпты.

«Сондай-ақ біз жергілікті мюзикл түсіруді қарастырып жатырмыз. Отандық жобаларды жүзеге асыру керек, сонда біз мықты боламыз. Қателессек те өзіміздікін жасауға тиіспіз. Бұл мәселеде Баян – жұмыстан қорықпайтын адам. Ол заманауи шығармашылықты дамытып жүр. Әзірге екі бірлескен жобамыз бар, басқалары да дүниеге келуі мүмкін, бірақ олар туралы айту әлі ерте деп ойлаймын», — деді ол.

Алакөзов соңғы уақыттағы өзіне деген қызығушылықтың артуына байланысты жағдай туралы да ойын білдірді. «Мұның ұнайтыны, әлде ұнамайтыны туралы ештеңе айта алмаймын. Бұған дейін медиа-тұлға емес едім. Бұл – біртүрлі, ерекше сезім», — дейді бизнесмен.

Тұрсынғали Алакөзов — қазақстандық кәсіпкер, «GALANZbottlers» компаниясының директорлар кеңесінің төрағасы, меценат.

Пікір қосу