– Күләш апаймен қалай танысқансыздар?
– Ол кезде мен консерваторияда, Күләш қазіргі ҚазҰПУ-дың математика факультетінде оқитын. Екеуміздің жатақханамыз жақын болды. Бір туған күнде таныстық. Қарым-қатынасымыз бірте-бірте дамып, ілгерілей берді. Мен консерваторияны бітіріп, бір жыл мұғалім болып жұмыс істедім. Ол менен кейін бітірді. Барып-келіп жүріп, түсінісіп, бірте-бірте сезіміміз махаббатқа ұласты, осы балалардың көретін жарығы сол, екеуміз 1970 жылы қосылдық. Биыл, міне, қырық бірінші жылға кетті… Қанат, Сұңғат, Нұрзат атты үш ұлымыз бар. Екі ұлым Прагада тұрады. Бақтияр, Бектияр атты немерелерім сонда туып-өсті. Ділдә, Іңкәр есімді немере қыздарым бар. Осы Алматыдағы Сұңғаттың балалары. Үлкен ұлым кино саласында жүр, екінші ұлым – «Азаттық» радиосының тілшісі. Кіші балам С.Асфендияров атындағы медицина академиясын алты жыл оқып бітірді. Жетінші жылы – интернатура дегені бар екен, оны да аяқтап, сертификатын алды. Енді резидентура дегенге барады, төрт жыл оқиды. Мамандығы – нейрохирургия. 25-ке келді, бойдақ. Қолымызда.
Сіз өзіңізді бақытты адамдардың қатарына жатқыза аласыз ба?
– Өзімнің «Екеуден ілгері, үшеуден кейін» деген ұстанымым бар, сонымен өмір сүріп келемін. Жалпы, тағдырыма ризамын. Сүйген жарыма қосылдым. Ұлдарымның қызығын көріп жатырмын. Немерелерім бар. Қызметтің сан түрін көрдік. Жазу-сызудан да жаман емеспін, есімімді ел біледі.

«Ұлдарымның қызығын көріп жатырмын, немерелерім бар»

– Дегенмен армансыз адам болмайды ғой. Нені армандайсыз?
– Арманым – немерелерімнің тойы­на қатысып, соларды қызықтасақ, шөбере, шөпшек сүйсек дейміз. Шәкірттерімнің бәрі беделді, атақ­ты болса деймін. Әйтпесе не үшін оқыттық? Солар ізімізді басып, театр музасына деген көңіл-күйлерін салқындатып алмаса болғаны. Перзенттерімнен, шәкірттерімнен сұрайтыным – әділдік, тазалық. Алаяқтықты, жылпостықты иттің етінен жек көремін. Сарт еткізіп бетіне айтамын. Басына сәлде орап жүргеннің бәрін молда санамаймын. Уақытқа байланысты өзгерген «коньюнктурщиктер» деймін. Көбі шикі, болмайтын сөздерді айтады, аудиториямен санаспайды. «Мен білемін» деп аузына келгенді көкуге болмайды ғой. Маған Абай ауылындағы мешіттің имамы Асылхан қажы ұнайды. Ол академикпен де, алты жасар баламен де тіл табыса алады. Дін адамы коммуникабельді болуы керек, ортаны өзіне баурап алуы керек. Сөзімен, жан дүниесімен, шынайылығымен, тазалығымен. Сонда орта да оған сеніп, ұйиды.
– Сіздің досыңыз көп пе, әлде дұшпаныңыз көп пе?
– Жас келген сайын дос деген сирей береді екен. Өнер адамдарының бәрімен араласамын. Пәлендей теріс айналып кететін адамым жоқ. Өйткені өнер сондай, араласпай тұрмайсың. Режиссерсіз, актерсіз, драматургсыз күнім жоқ. Қалай олармен тоң-торыс жүре аламын? Әрине, не оның, не менің бойымда ішкі бір есептер, іркілістер, реніштер тұруы мүмкін. Бірақ оны әрбір кездескенде сыртқа шығара беру міндетті емес. Достарым болған: марқұмдар Сағат Әшімбаев, Баққожа Мұқай… Нұрлан Оразалин де – менің қатарым, бір жылғы достармыз. Балаларымыздың шілдеханасынан бас­тап осы жігіттермен бірге жүрдім. Қазір енді шал болдық, сол достық тұра бермейді ғой. Бүгінде әркімнің өз қызығы, өз мақсат-мүддесі, немере-шөбересінің қамы бар. Бірге оқыған досым Құман Тастанбековтің де шаруалары бастан асады. Кейде көргің келіп іздесең де таба алмайсың, киноға түсіп, съемкада жүреді. Мысалы, ол іздеген кезде мен табылмаймын. Сол сияқты. Ал жас кезде кездес­кенше асығып тұрасың ғой. Екі кештің арасында жолығып үлгересің. Қазір дене ауырлаған, ой тұрақтаған, қызығушылық, құмартушылық басқа. Жастықтың желігіне, жүйріктігіне ештеңе жетпейді. Бәрі өз уақтысында. Дұшпаным көп деп те айта алмаймын. Ешкімнің ала жібін аттағаным жоқ, жөн сөзімді, әділ сөзімді айтқаннан басқа. Ол үшін жау санағандар болса, өздерінен-өздері шаршап жүрген шығар. Білмеймін, менің ешкімде кегім жоқ. Бірақ кек тұтады екен, жау болып кетеді екен деп, келіп қалған сөзімді кері жұта алмаймын. Өйткені менің мамандығым да, болмыс-бітімім де оған сәйкес келмейді. Қазақта Күреңбай, Толыбай деген сыншылар болған. Сол кісілер әділ сөзден айнымаған ғой. Сонысымен де тарихта қалды. Бала кезімнен солар туралы естіп, ұғып өстім. Енді жер ортадан ауғанда қалайша басқа адам болайын? Сол аталардың жолымен келе жатқан жайым бар. Әрине, біраз саябырсыдық. Ендігі үмітті жастардан, шәкірттерімізден күтеміз. Бір шәкіртім өздеріңіздің журналдарыңызда қызмет етіп жатыр. Тағы біреуі биыл докторантураға түсті. Енді бірі кандидаттық қорғамақ. Бірақ мен «ұстазбын!» деп міндет қылғанды жек көремін. Ұстаз шәкіртімен, шәкірт ұстазымен мақтанардай болса, қанеки!

 

(…толық нұсқасы
«Жұлдыздар отбасы» журналының 

№24 желтоқсан 2014 жылғы санында)

Көшіріп басуға, тақырыпты бұрмалап салуға, материалды қысқартып өзгертуге, арасынан сөз немесе сөйлемдерді алуға қатаң тыйым салынады!

Пікір қосу