– Аға, Рио олимпиадасының күміс жүлдегері Елдос Сметовтің спортқа басқан алғашқы қадамдарына өзіңіз куә болдыңыз деп естідік? Сол турасында нақтырақ айтып бере аласыз ба?
– Өткен ғасырдың соңғы жылдары, нақтырақ айтқанда, 1997 жылы біздің қалада (Тараз қаласы – ред.) бір ғана спорт мектебі қалған еді. Басқа мектептердің барлығы жабылып қалған болатын. Содан кейін жарты жылдай бос жүріп, бірнеше келіссөздерден кейін қаладағы мектептердің бірімен келісіп, сол мектеп ғимаратының акт залын алып, балаларды жаттықтырып жүрдім. Жылдың аяғына қарай спорт жанашырларының бірі ескі балабақша ғимаратын алып, шағын жөндеу жұмыстарын жүргізіп, балаларға арналған спорт кешенін ашты. Әр кабинетті өзіміз бөліп алып, жөндеп, спорт түрлеріне бейімдеп дайындадық. Каратэ, таэквондо, еркін күрес, дзюдо деген сынды спорт түрлерінен секциялар болатын. Бір күні біздің мектепке ағайынды үш ұл келді. Елдос, Жандос және Бақберген Сметовтер. Олар барлық секцияларды аралап көріп, өздеріне ұнайтын түрін таңдағысы келген екен. Менің жаттығу бөлмем екінші қабатта, ең соңында орналасқан. Елдос менің залыма келіп, өзіне осы спорт түрі ұнайтынын айтып, менде жаттыққысы келетінін білдірді. Өзі кіп-кішкентай ғана бала еді. «Қайдан келдіңдер?» – деген сұрағыма, «Таразға көршілес қазіргі Рысқұлов ауданынан келдік», – деп жауап берді.
– Елдос өзін бірден көрсете алды ма? Сіз оның бойындағы қабілетті қалай байқадыңыз?
– Елдоспен бірге Жандос деген бауыры да жаттықты. Екеуі де талантты спортшылар болатынын байқадым. Өйткені, еңбекқор еді. Жандос өте жақсы күресетін. Кейіннен тізесінен жарақат алып, спорттан кетті. Егер Жандос спорттық жолын ерте аяқтамағанда Елдостан мықты болатын еді деп ойлаймын. Ал, Елдос өте пысық бала болды. Айтқанды бұлжытпай орындайтын, дайындыққа өте тыңғылықты қатысатын. Менің бұрынғы спортшыларымнан қалған ескі кимононы қысқартып, алғаш залға киіп келгендегі қуанышы әлі күнге есімде. Бала ғой, жеңіске жетсе қатты қуанып, жеңілсе қызарақтап, ызаланып кететін. Жеңіске деген талпынысын байқағаннан кейін оның алаңда атой салар спортшы болатынына сенімін нықтай түсті.
– Қай уақыттан бастап Елдосты жарыстарға шығардыңыз? Алғашқы жарысы есіңізде ме?
– Сол біздің мектепке келгеннен бір жыл өткен соң Елдосты алғашқы жарысқа алып шықтым. Алматыдағы жарыстардың біріне келдік. Нақты қандай жарыс екені қазір есімде қалмапты. Қазақстанның, Қырғызстанның спортшылары қатысқан бәсеке болатын. Әйтеуір, отбасы оны жарысқа шығарып салуға келгенде, менің айтқан сөздерімді әкесіне айтқан кезі есімде. «Әке, жаттықтырушы айтты, жарыста ұтсаң, теледидар береді екен. Мен үйге теледидар алып келемін», – деп балаң көңіл отбасына қуаныш сыйлауды өзіне үлкен жеңіс санаған еді сол кезде. Өзі кішкентай ғана, менің жанымнан шықпайтын. Мерекелерде өзге балалармен күрестіріп, әр жеңісіне шағын ақшалай сыйлықтар беріп тұратынмын. Ол Елдосқа үлкен талпыныс сыйлайтын. Сол жарыс­тан кейін Елдос өз әдетінен жаңылмай, жаттығу залын өзіне сенімді серік етті.
– Елдостың бір кездері Астанаға барып оқып келгенін білеміз…
– Иә, 6-сынып оқитын кезі болуы керек, өзге қатарластарынан естіп алып, «интернатта оқимын» дегенді шығарды. Ата-анасы бар, біз бар оны Астанаға жібердік. Бірақ Астанада оның өмірі тыныш болмады-ау деймін. Әлі күнге ол туралы айтқан емес, бірақ «интернатқа барамын» деп өзі кеткен бала, «қайтамын» деген қиғылықты шығарды. Әкесі барып алып та қайтты. Одан кейін бір жарым жылдан кейін Алматыға кетті. 8-сыныпқа өткенде Алматыдағы спорт интернатына қабылданды. Ол кездері жарыстардан екінші, үшінші орындар алып жүрді. Салмағы аз болатын. Өзіміз амалын тауып, салмағын жеткізіп, жарыстарға қатыстыратынбыз.


– Демек, Елдос 6-сыныптан бастап, біржолата сізден кетті ғой?
– Иә, кетті. Бірақ біз үнемі хабарласып тұратынбыз. Ол Алматыға менің тағы бір шәкіртім Ғалымжан Жылкелдиевтің қолына барды. Менімен ақылдасып тұратын. Мен оның өкіл әкесі болдым. Өйткені біз көрші болатынбыз. Менен екі үйден кейін оның үйі орналасқан еді. Бүкіл уақытымыз спорт залында өтетін. Ол Ғалымжанға кетті екен деп оны ұмытып кеткен жоқпын. Әр жарысында үйде тақымымды қысып отыратынмын. Есполов деген ең басты қарсыласы болды. Кейіннен Елдос жастар арасынан чемпион болды. Осылайша оның спорттық өмірінде жеңістер жеңістерге жалғасып кетті.
– Елдостың барлық жарысын қалт жібермейтінмін деп қалдыңыз. Есіңізде қалған белдесуі қандай?
– Ол 2010 жылы ересектер арасында Әлем чемпионы болды. Азия ойындарында жасөспірімдер арасында жеңімпаз атанды. Одан бөлек, гран-при турнирлері сынды жарыстардың барлығынан олжалы оралып жүрді. Есімде қалғаны, ол интернаттың 9-сыныбында оқып жүргенде Тараз қаласында Универсиада ойындары өтті. Алматыдан сол сайысты көруге келген екен. Жарысты көріп, делебесі қозып, маған: «мен де қатыссам болады ма?» деп келіп тұр. Оның салмағы 48 келідей болатын. Ол кезде екі жеңіл салмақ та өтіп кетіп, 57 келілік спортшылар өнер көрсеткелі жатқан. Амалын тауып, тараздық бір құраманың арасына қосып жібердік. Финалға шығып, Шымкенттен келген жасы өзінен едәуір үлкен бір жігітті ұтып кетті. Сол жарысқа команда әкелген бапкерлердің барлығы одан: «Қай университетте оқисың? Қандай мамандықта оқисың?» – деп тап берді. Кейіннен біз күліп, Елдостың әлі мектеп оқушысы екенін айтқанымызда, оны бірден оқуға шақырды. Көптеген университеттер оған ұсыныс білдірді. Өзі соңында КазГУ-ді таңдады (әл-Фараби атындағы ҚазҰУ – ред.).
– Елдосты жастайынан тәрбиелеп, қатарға қостыңыз. Дәл жұлдызы жанар шақта өзге бапкерге жібергеніңіз қателік болды деп ойламайсыз ба?
– Бұл енді бөлек әңгіме. Елдос менің бір шәкіртім болса, Ғалымжан да сол сияқты шәкірттерімнің бірі. Басында еш өкпе, реніш деген болған жоқ. Ол Алматыға кетті, мен Таразда қалдым. Бірақ Елдостың томағасын сыпырып, осы спорт түріне алғаш баулыған бапкер менмін деп толық сеніммен айта аламын. Жоғарыда оның залға ең алғаш келген күніне дейін айтып бердім ғой. Одан артық дәлел керек те емес шығар. Алайда Елдос қатысқан бәсекелердің барлығында менің атым аталмай қала берді. Азия ойындары болсын, Әлем чемпионаты болсын. «Елдостың тұңғыш бапкері еді» деп, елеп-ескерілген емеспін. Естеріңізде болса, бір кездері Елдос жарыстардың барлығында сәтсіздіктен сәтсіздікке ұшырай берді. Ел құлағы елу ғой, Елдосқа біреулер: «Сенің осы бапкерің саған ренжіп жүр, сол кісінің наласына қалғаннан кейін жолың болмай жүрген сияқты. Мүмкін, батасын алып қайтарсың», – депті. Бір күні бірнеше көлік болып, бір топ балаларды ертіп маған келді. «Папа, сізді маған ренжіп жүр деп айтып жатыр. Не үшін ренжідіңіз? Мен күресе алмай жүрмін. Жолым болмай кетті. Егер сізді ренжітсем, кешірім сұраймын», – деді. Мен де өз кезегімде ренжіп жүргенімнің растығын, менің атымды мүлдем атамайтындығын айттым. «Алдыңа келсе атаңның құнын кеш» деген бар, өзі келіп тұрғасын кешірдім, «жолың болсын» деп батамды беріп шығарып салдым. Бұл Астанада өткен Әлем чемпионатынан үш-төрт ай бұрын еді. Кейіннен оның жеңіс жолы қайта басталды.
– Жуырда өткен Рио олимпиадасынан кейін жеңімпаз спортшылардың барлық бапкерлеріне сыйақы беріліп, марапаттарға ие болып жатыр. Бұл жолы қалай болды? Сіз тағы ескерусіз қалдыңыз ба?
– Азия чемпионаты, Әлем чемпионаты, одан өзге жарыстардың барлығында атым аталған емес. Осы жолы зерттеді ме деп ойлаймын, менің атымды айтып, ескеріпті. Ғалымжан Жылкелдиев: «марапаттың барлығында сіздің атыңызды айтып жүреміз» деп ақталғандай болды. Бірақ ешқандай марапат та, мақтау да естіген емеспін. Сыйақы дегенді атамасам да болады. Бұрындары мені Елдос өкіл әкесі болғаннан соң «папа» дейтін. Кейіннен өзім өкіл әкеліктен бас тарттым. Қазір Ғалымжанды өкіл әке қылып сайлапты ғой. Оның қазіргі «папасы» сол. Осы Олимпиада ойындарына Елдос жеңіске жетемін деп барды ғой. Бірақ маған бірауыз хабарласпады. Оның жарысқа баратынын да, қатысатынын да біліп отырмыз онсыз да. Бірақ бір қоңырау шалса, мен де марқайып қалар едім. Ешкім де айтқан жоқ. Ішімнен «жеңіске жетсе екен» деп шын тіледім. Легионерлерге қарағанда, өзіміздің қазақтың баласы жеңсінші деп ойлайсың ғой. Бірақ қанша дегенмен өзімді жаман сезіндім. Елдосқа іштей нала болдым. Оның алтын алмауына бір себеп менің ренішім де болған шығар деп ойлаймын. Өйткені, адамның көңілін осылай қалдыруға болмайды, меніңше. Ол финалдық бәсекеде кездескен қарсыласын осыған дейін екі рет жеңген. Негізі, ұтуына болар еді. Пендеміз ғой, менікі жай ғана болжам. Мүмкін, күміс те жетеді деп, өзін босаңсытып та алған болар. Бәрі де мүмкін.
– Елдостың алғашқы бапкері ретінде сыйақылар алдыңыз ба?
– Мен өзімді ешқашан ақшадан қағылдым деп сезінген емеспін. Елдостың өз қолынан екі рет ақша алғаным бар. Кезекті бір жеңісінен кейін біздің өңір басшылығы оны шақырып, ресми кездесу өткізді. Мені де шақырды, мақтау қағазын берді. Елдостың қолына миллион теңге ұстатты. Тығып жүріп, маған елу мың теңге берді. Оны алмас едім, несие төлеп отырған адам ретінде ол ақшаның артық етпейтінін түсініп алдым. Азия ойындарын ұтқан кезде қырық мың доллар сыйақы берді. Негізінде, білетіндер «бапкерлері сыйақыны бөліп алады» деп жүрді. Бірақ маған ешқандай сыйақы болған жоқ. Тағы да тығып жүріп Елдос жүз мың теңге берді. Болды, осы екі реттен кейін мен ешқандай сыйақы алған емеспін. Ол сыйақылардың өзін тығып жүріп бергесін айтуға да ыңғайсыз. Бір жалақының бетіне қарап, несие төлеп отырған адам ретінде «ақша маған артық болмас» деп алған едім олардың өзін.
– Елдосты Олимпиададан күтіп алдыңыз деп естіген едік…
– Иә, оның ата-анасы, жанкүйерлері, біздің өңірдің спорт басшылары – барлығымыз Алматы әуежайында оны күтіп алдық. Одан кейін Таразға келген соң, оны әкім күтіп алды. Президент саябағында арнайы қарсы алу рәсімі болды. Елдос пен оның бапкеріне шапан жабамыз деген тұста, Ғалымжанға «сенің шапаның» деп ортаға шығардым. Б.Момышұлы атындағы театрда облыс әкімінің қабылдауы болды. Елдостың айналасында жүргендердің барлығына орден тақты. Елдостың өзі сахнаға шығып, халқына, еліне рақметін айтты. Конституция күніне орай болатын, сол мерекемен халықты құттықтады. Тараз өңіріне келіп тұрып, менің сол залда отырғанымды біліп тұрып, «сегіз жыл мені жаттықтырып еді, алғашқы бапкерім еді» деп мені бір рет өз сөзіне қоспады. «Рақмет!» деп те айтпады. Өз ренішім өзіммен, мен залдан барлығынан ерте шығып кеттім. Екі-үш күннен кейін Елдостың нөмірінен басқа біреу хабарласып: «Астанаға бара жатыр едік, сіздің атыңызды алғашқы бапкері деп жазып қойдық», – деп айтты. Маған ол кезде менің атымның жазылғаны маңызды болмай қалған еді.
– Шәкіртінен алғыс алмау – бапкер үшін ең ауыр соққылардың бірі шығар…
– Ең қызығы, бір емес, екі шәкіртім жүр ғой бірге. Айтып кеткенімдей, Ғалымжан да менің қолымнан кеткен жігіт. Елдос та солай. Спортқа алғаш қадам басқанында шақалақтай кішкене ұл еді. Елдос Олимпиаданы ұтқан соң, Таразға келердің алдында арнайы мал сойдырып, біраз адамның басын қосып, құдайы тамақ берсем деп жоспарлап, елдерге хабар беріп қойған болатынмын. Әкім қабылдауының алдында Елдосқа жеке барып айттым да оны, бірақ барлығы біткен соң Елдостан бір жауап болмады. Сосын жоспарлаған істің бәрін жоққа шығарып, ешнәрсе де жасаған жоқпын. Тіпті көршім болған, Алматыға менімен бірге барып ұлдарын күтіп алған ата-анасы да маған бір алғыс сөздерін айтпады. Қазір кішкене қолым тимей жүр, жақында заңгерлердің біріне барып, «бапкерліктен заң жүзінде бас тартамын» деп қағаз жаздырып алғалы отырмын. Естуімше, осы ойындардан кейін Елдостың бапкеріне өмір бойғы зейнеткерлік бұйырады екен. Мүмкін, сол үшін де менің атым айтылмай қалып жатқан болар. Кім біледі?!
– Аға, Елдос әлі жас. Сіздің осындай ренішіңізді біліп, алдыңызға қайтып келіп кешірім сұраса, «мені қайта жаттықтырыңыз» десе, кешірімін қабылдайсыз ба?
– Менің бір білерім, ол қайтып келмейді. Қайтып келген күннің өзінде мен оны кешіре алмаймын. Келесі ойындарына көп қазақтың бірі болып тілеуін тілермін. Бірақ кешірмеймін. Барлық жерде алғашқы болып келе жатыр ғой. Қазақтың арасынан шыққан «тұңғыш» болып жүре берсін. Менің қазір тәрбиелеп жүрген өз шәкірттерім бар. Олардың санасына қазірден бастап спорттан бөлек адамгершілік деген дүние бар. «Кететін болсаңдар қазірден ауысып кетіңдер», – деп айтып жүрмін. Елдостың істегенін олар маған қайталамаса екен деп ойлаймын. Шәкірттерімнің барлығы талантты. Көп баланың ішінен дараланып шыққан он оғланым бар. Енді соларды Токио емес, одан кейінгі Олимпиадаға дайындайтын боламын.

Сұхбаттасқан Уәлихан ҚОСАНБАЙ

Пікір қосу