ТОҒЫЗ ­ЖАСЫМДА «СПОРТ ШЕБЕРІ» АТАНДЫМ

– Жанбота, фрис­тайл – спорттың ең қауіпті түрі. Соған қарамастан бұл спортты таңдауыңның себебі неде? Шешіміңе ата-анаң қарсы болған жоқ па?
– Дұрыс айтасыз. Бұл – спорттың өте қауіпті түрі. Сәл қателік жіберіп алсаң, өміріңе қауіп төнуі мүмкін. Сондықтан жастардың көпшілігі бұл спортқа аса әуес емес. Яғни фристайл-акробатикамен нағыз ержүрек, батыл, ештеңеден қорықпайтын ұл-қыздар ғана айналысады. Негізі, мен о баста-ақ гимнастикаға қатысқан болатынмын. Бес жасымда әкем қолымнан жетектеп осы спортқа әкелгені әлі есімде. Ол кезде орыс тілін мүлдем білмейтінмін. Алғашқыда тіпті бапкерлеріммен сөйлесу, қарым-қатынас жасау мен үшін қиын еді. Бірақ көп ұзамай-ақ жаттықтырушылармен тіл ­табысып кеттім. Көптеген жарыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие бола бастадым. Соның нәтижесінде тоғыз жасым­да­ «спорт шебері» атандым. Бала кезімнен Америка, Венгрия, Жапония, Түркия, Қытай сынды шетелдерде өткен жарыстарға қатысып, бағымды сынап жүрдім. Қазір үйде 72 медалім бар.
– Ал фристайл спортына қалай келдің?
– Мен бала ке­зім­нен биікке секір­генді жақсы көретінмін. Әкем осы қасиетімді байқаса керек, гимнастикадан кейін бірден фрис­тайл спортына берді. Өйткені әкем менің Сочи Олимпиадасына қатысқанымды армандады. Ол әркез маған «Сочи Олимпиадасында сенің орын алатыныңа сенемін» дейтін. Әкемнің үмітін ақтау үшін күндіз-түні еңбек еттім. Бірақ, өкінішке орай, әкем бұл жетістігімді көре алмады…

– Әкең де спортшы ма еді?
– Жоқ. Әкем Еркін 22 жыл прокурор болып қызмет етті. Өзі футболды ерекше жақсы көретін. Жалпы, біз ата-әжеміздің тәрбиесін көрген көпбалалы отбасымыз. Атам Мәжит 2013 жылы қайтыс болды. Әжем Назымгүл мен жарыстарға кетерде ақ батасын беріп, келгенше тілеуімді тілеп отырады. Ал анам Гүлназ – алты баланы дүниеге әкелген күміс алқа иегері. Мамандығы – тігінші.
– Жанбота, өзің айтқандай фрис­тайл спортын жүректі, батыл балалар ғана таңдайды екен. Шыныңды айтшы, әрбір жарыс алдында сенде қорқыныш сезімі бола ма?
– Әрине, ет пен сүйектен жаралған адам болған соң, «қазір қалай болар екен?» деп жүрексінесің ғой. Жазатайым құлап, жарақат алып қалмауды ойлайсың. Әсіресе бірінші жаттығу кезінде қатты алаңдаймын. Өйткені әр жердің трамплині әртүрлі. Бірақ қиындығымен бірге бұл спорт қызықты да. Әсіресе шаңғымен сыр­­ғанап келіп, биікке секіргенде құд­ды өзіңді әуеде қалықтап жүргендей сезінесің.
– Қазіргі таңда қазақ жастарының фристайл спортына қызығушылығы қалай?
– Фристайл спортымен айналысқысы келетін жастар көп. Бірақ көбісі орта жолдан тастап кетеді. Себебі Қазақстанда тәжірибе жинау, шеберлігіңді шыңдау мүмкін емес. Ал талантты балалар шетелдерде жаттығу жасағысы келгенімен, материалдық жағдайы көтермейді. Мемлекет тарапынан бұл спортқа соңғы төрт-бес жылда ғана көңіл бөлінді. Ал менің фрис­тайл спортымен айналысқаныма екі жылдан асты. Бірақ соған қарамастан көптеген жетістіктерге қол жеткіздім. Демек, бұл спортпен айналысу қазақ жастарының да қолынан келеді деген сөз. Тек жастарға жағдай жасалса болғаны.

БІЗДІҢ АНЫҚТАМА

Жылы: Доңыз
Жұлдызы: Бикеш
Бойы: 168 см
Салмағы: 57 келі
Сүйікті ісі: кітап оқу
Ақыны: А.С.Пушкин, М.Лермонтов
Тағамы: манты
Сусыны: шай
Өмірлік ұстанымы: Бастаған істі тастамау, алға қойған мақсатқа жету

– Жаттығу жұмыстарың қайда өтеді?

– Шымкент қаласында «Сұңқар» атты спорттық кешен бар. Жаттығуымыз сонда өтеді. Бірақ онда тек батуттан ғана секіреміз. Өйткені қалада трамплин жоқ. Ал негізгі тәжірибемізді тек шетелдерде ғана шыңдауға тура келеді. Мәселен, мен бұған дейін Қытайдың Пекин қаласында жаттығатынмын. Ал қазір Чехиядамын. Алла қаласа, бір айдан кейін елге қай­тамын. Қыркүйек айында қайтадан жарыстар басталады. Қазір соған дайындық үстіндемін.

– Сочи Олимпиадасында 6-орынды иелендің. Қандай сезімде болдың?
– Шынымды айтсам, мұндай нәтиже көрсетемін деп ойлаған емеспін. Ең әуелгі арманым Олимпиадаға қатысу еді. Жолдама алғаннан кейін үздік он екілікке енуді ойладық. Ал сайыс аяқталып, 6-орынды иеленгенімді естігенде, төбем көкке жеткендей болды. Қатты қуандым. Бұл көрсеткішті бапкерім Мұрат Әбіләтипов ағайым да күтпесе керек, аң-таң болып қалды (жымиып). Сочи Олимпиадасынан кейін Италияның Кьеза-ин-Вальмаленко қалашығында өткен Еуропа Кубогына қатыстым. Қыздар арасында өткен акробаттар сайысында екі рет жеңіс тұғырынан көріндім. Бірінші күнгі сайыста 3-орын­ға тұрақтасам, екінші күнгі са­йыста 1-орынды иеленіп, топ жардым.


– Жарайсың, Жанбота! Жалпы Олимпиадалардан кейін мемлекет тарапынан сені марапаттап, қолдау көрсеткендер болды ма?
– Сочиде өткен қысқы Олимпиада ойындарына Шымкенттен Жібек Арапбаева, Бағлан Іңкәрбек үшеуміз қатысқан едік. Олимпиададан кейін біз Шымкент қаласының әкімі Дархан Сатыбалдының қабылдауында болдық. Қала әкімі бізге ілтипат білдіріп, Құрмет грамотасымен марапаттап және бағалы сыйлықтар тарту етті. Сондай-ақ маған темір тұлпар сыйлады. Мұның өзі еңбегіміздің еленгені, бағаланғаны деп білемін.
– Әлемдік жарыстарға қатысу, шетелде дайындық жүргізу қомақты қаражатты талап ететіні сөзсіз. Сенің демеушің кім?
– Кішкентай кезімде жарыстардан­ қалмауымды ойлап, әке-шешем қарыз­данса да керекті қаражатты тауып бере­тін. Ал қазір ҚР Туризм және спорт министрлігінің Спорт комитеті демеуші болып, қолдау көрсетуде.
– Жанбота, балалар бұл спортпен қанша жасынан бастап айналысқаны дұрыс?
– Барлық жетістік еңбекпен келеді ғой. Бірақ көп ата-аналар балаларының жанын қинағысы келмейді. Егер ата-ана баласының фристайл спортымен айналысқанын қаласа, онда жаттығуына қатыспағаны жөн. Фристайл спортына қызыққан бала әрі қарай өзі-ақ алып кетеді. Тек қорқынышын жеңсе болды.
– Орыс мектебінде оқыпсың. Неге?
– Иә, 1-сыныптан 5-сыныпқа дейін Шымкент­тегі Ө.Жолдасбеков атындағы №9 мектеп-лицейінде оқығанмын. Бірақ кейін жарыстарым көбейіп кеткен­дік­тен, Молда Мұса атындағы №5 жалпы орта мектепке ауыстым. Сол мектептің спорт сыныбында оқыдым. Ал 9-сыныптан бастап білімімді М.Сапарбаев атындағы ОҚГИ «Парасат» колледжінде жалғастырдым. Қазір М.О.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемле­кеттік университетінің 2-курс студен­тімін. Болашақ мамандығым – заңгер.
– Болашақта қандай армандарың бар?
– Келесі Олимпиадаға дейін әлі төрт жыл бар. Ендігі мақсатым – Олимпиада жүлдесін иемдену. Әлі төрт Олимпиадаға қатысуға мүмкіндігім бар.

(…толық нұсқасы
«Жұлдыздар отбасы» журналының 

№15 тамыз 2014 жылғы санында)

Көшіріп басуға, тақырыпты бұрмалап салуға, материалды қысқартып өзгертуге, арасынан сөз немесе сөйлемдерді алуға қатаң тыйым салынады!

Пікір қосу