– Жамбыл, қазір қай сыныпта оқисың? Оқу үлгерімің қалай?
– №131 Бауыржан Момышұлы атындағы мектеп-лицейінің 10-сыныбында оқимын. Негізі, қазір 7-сыныпта оқуым керек болған. Алайда, 1-сыныптан 2-сыныпқа емтихан арқылы ауыс­тым. Кейін 4-сыныптан 5-сыныпқа емтиханмен қабылдандым. Осы себептен 13 жасымда 10-сыныпта оқып жатырмын. Оқу үлгерімім жақсы.
– Халық арасында «7 жасар Жамбыл» атымен есте қалдың. Арада біраз уақыт көрінбей кеттің. Енді, міне 13 жасар Жамбыл боп қайта оралдың. Осы уақытқа дейін қайда болдың?
– «Көрінбей кеттің» дегеніңізге толығымен келіспеймін. Шақырған мемлекеттік шаралардан қалған емеспін. Мектептегі концерттерге де жиі қатысамын. Негізі, жылтыңдап көріне беру де көрерменді жалықтырады. Бұл – өте ыңғайсыз жағдай. Сондықтан сұхбат, түсірілімдерден бас тартамын. Сағынышпен көріскен жақсы деп ойлаймын.
– Жақында Алматыда Студенттер сарайында жеке концертіңді бердің. Беделді әншілер қатысты. Кеш өткізудегі басты мақсатың не?
– Мен қазақ поэзиясына керемет жаңалықпен келдім деп айтпаймын. Бірақ, алдыңғы буын ағаларымыздың жолымен жүріп, қасиетті қара өлеңнің әлеміне теңізге тамған тамшыдай болса да үлесімді қоса алсам, өзімді бақытты сезінемін. Кешімнің мақсаты – бабамның қаны, анамның жасымен келген киелі Тәуелсіздіктің 25 жылдығын және ару Алматымыздың 1000 жылдығын халқыма паш ету. Осы арқылы қатарлас құрбыларымның өз Отанын сүюге, патриоттыққа, өздерінің туған топырағына деген махаббатын оятқым келді.

БІЗДІҢ АНЫҚТАМА

Жылы: Қой (2003 жыл)
Жұлдызы: Тоқты
(5 сәуір)
Сүйікті ісі: өлең жазу
Ақыны: Ж.Жабаев, М.Мақатаев
Жазушысы: С.Елубай
Әншісі: Б.Төлегенова, М.Ілиясова, М.Жүнісова, И.Ескендір
Тағамы: ет, балық тағамдары
Сусыны: кофе, шай
Өмірлік ұстанымы: адалдық

– Кешке дайындығың туралы айтып берші.
– Жыр кешіме үлкен дайындық жасадым. Басқаша болуы мүмкін емес еді. Халық деген – қара орман. Оларды алдай алмаймыз. Кеш алты бөлімнен тұрды. Әр бөлім сайын 6 өлеңнен жиыны 40-қа жуық өлең оқылды. Соның бәрін жатқа айту үшін көп еңбек керек. Сабақтан да жиі қалып қойдым. Аллаға шүкір, мектептегі ұстаздарым түсіністікпен қарады. Мен де олардың сенімін, үмітін ақтауға тырыстым.
– Алда қазақ поэзиясына қандай үлес қосам деп ойлайсың?
– Халқымды әр жыл сайын өзімнің жырларыммен қуантып, жеке бейнетаспа, үнтаспамды шығарсам деймін.


– Білуімізше, сені атастырып қойыпты. Бұл қаншалықты рас?
– Бұл енді ыңғайсыздау сұрақ екен. Шынымды айтсам, мен отау құру жайлы ойламадым. Өзім әлі аузынан ана сүті кеппеген сәбимін. Ата-бабамның салт-дәстүріне құрметпен қарап, сақтауға тырысатыным рас. Бірақ, бұл – жалған қауесет. Еріккен біреудің осы кеш алдында жасаған «пиары» деп ойлаймын.
– Болашақта қай мамандықты игергің келеді?
– «Армансыз адам – қанатсыз құспен тең» дегендей, арманым өте көп. Алла жеткізсе, әр нәрсе өз уақытында болуы керек. Мамандығыма келер болсам, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналис­тика факультетіне түссем деп ойлаймын. Болашағымды журналистикамен байланыстырамын. Телеарнаға немесе радиожурналистика саласына барғым келеді. Алайда, журналистиканы толығымен таңдадым деп айта алмаймын. Мүмкін, филологияға түсермін. Мұны уақыт көрсете жатар. Бірақ, ойым – гуманитарлық бағытқа түсу. Бұл – өз шешімім.
– Сені әлеуметтік желіден көрмейміз. Неге?
– Негізі, тіркелгенмін. Бірақ, көп пайдаланбаймын. Себебі, менің уақытым өте аз.
– Бос уақытыңда немен айналысасың?
– Ардақ Назаровтың залына барып бокспен айналысқаныма бір жылдан асты. Ал, жазда уақытым болса, достарыммен футбол ойнаймын.
– Өлеңдеріңді алдымен кімге көрсетесің?
– Бұрын өлеңімнің алғашқы тыңдаушысы, сыншысы әжем еді. Тағдырдың алдында шарасызбын. Сұм ажал менен әжемді алысқа әкетті…Қазір өлеңдерімнің алғашқы тыңдаушысы – анам.
– Әжеңнің қазасы саған ауыр тигенін білеміз. Ол туралы естеліктер айта отырсаң…
– Әжем менің өте қымбат, асыл адамым болды. Ақ баталы, ақ жүзді, абыз әжемнің қазасы қабырғамды қайыстырып кетті. Әжем үйдің берекесі, байлығы, шуағы еді. Қазір сабақтан келгенде әжемнің бос төсегіне барып, сағынышымды басып, көз жасыма ерік беремін. Бұрын «мені сүй, еркелет» деп айтатынмын. Әжемнің жоқтығына сене де, үйрене де алмай жүрмін. Өзге немерелерінен мені артық көретін. Менің ойыншығымды, қалам мен дәптерімді басына жастап қоятын. Ешкімге тигізбейтін. Елбасымыз жеті жасымда маған робот-ойыншық сыйлаған болатын. Соны өлгенінше өз басында қойып, қызғыштай қорғады. Ол да бір бақытты кездер еді… Әжеме Алладан иманның нұрын, жәннаттың төрін тілеймін!
– Болашақта өлең жазбай кетуің мүмкін бе?
– Жоқ, өлеңім – менің өмірім. Өмірімді тастап кетсем, өлгенім емес пе?! «Сырлас досыма» сатқындық жасау ойымда жоқ.
– Өлең жазып, билікке жаққан ақын көрмедік. Сен осы жолды таңдадың. Ауыр тиеді деп ойламайсың ба?
– Мен өлеңдерімді билікке жағу үшін жазбаймын. Тіпті, болашақта саясатқа да араласпаймын. Жүрегімнің қалауымен қандай тақырып ой салса, соған қаламымды бұрамын. Әрине, ақындықтың ауыр жолы – менің жолым. Бұл жолды өзім таңдап алдым.
– Сені танып, суретке түскен кездегі қызықтар есіңде ме? Өзіңді «жұлдыз» санайсың ба?
– Мен негізі, «жұлдыз» ауруымен ауырған емеспін. Аты естілсе танауын көтеріп, танымай қалатын әдеттен бойымды аулақ ұстауға тырысып жүремін. Халықтан ешкім де биік емес. Бізді өсіретін де, өшіретін де – халық. Сондықтан, халқына құрметпен қарайтын әр «жұлдыз» дертке шалдықпайды деп ойлаймын. Мені концерттерде жібермей, суретке түсетін жайттар жиі кездеседі. Тіпті Астанада қонақүйде үш күн күтіп, суретке түскен оқырмандарым да болған. Кездессе қуанып, «ақын бала», «бала Жамбыл» деп бәрі еркелетіп жатады. Оларға арнайы уақытымды бөліп, суретке түсемін. Кітабымды әкелсе, өз қолтаңбамды да жазып беремін.
– Концертте үй-ішіңдегі ауыр жағдай туралы айттың. Соны тарқатып айта аласың ба?
– Мұны анамның денсаулығына байланысты айтқан едім. Ана – үйдің берекесі, бақыты, баланың қамқоршысы. Анамның ауырғаны жанұямыздың хал-ахуалын нашарлатып жіберді. Әкем анама қарайлап жұмыссыз отырып қалды. Осы тұрғыда әкеме айтар алғысым шексіз. Анам денсаулығының нашарлап кеткеніне қарамай өзінің қарт анасын, менің ақ әжемді көзінің қарашығындай күтті. Ол күндерді есіме алғым келмейді…Қазір анам ауруынан толық айықпады. Алда оны бірнеше ауыр ота күтіп тұр. Жаратқаннан жалғыз сұрайтыным – анамның денсаулығы.
– Өзің қатарластарыңнан озық болғаныңа өкінбейсің бе?
– Несіне өкінемін? Мен қатарластарымнан озып тудым деп ойлаған емеспін. Алла берген сыйды арқалап, халқымның бала Жамбылы атандым. Ендігі мақсатым – алға қадам басып, үкілеген ел үмітін үзбей, өнерімді жалғасам деп ойлаймын.
– Адуынды мінезің жоғалып, ұяң-дығың басым бола бастаған. Бұл есеюдің белгісі ме? Әлде…
– Негізі, дауысымда ғана кішкене өзгеріс байқалады. Ұяңдық – ол еркекке тән нәрсе емес. Есейіп қалдық. Әдептен озбай, арымды намысыма жанып, өз жүрегімнен шыққан от жалынды өзгенің жүрегіне лаулатып жандырсам деп ойлаймын.

 

Сұхбаттасқан Айзада ЖАЙЫҚҚЫЗЫ

Пікір қосу