Оралхан Бөкей 1943 жылы 28 қыркүйекте Шығыс Қазақстан облысы, Қатонқарағай ауданы, Шыңғыстай ауылында дүниеге келген. Ол жазушы-драматург, журналист.

Есімі қандай ниетпен қойылған?

Оралханның әкесі Бөкей көп сөйлемейтін, сөйлей қалса сөзі өткір, қанжардай қиып түсетін, сөзге шешен, астарлап сөйлеп өз ойын дәл жеткізетін, рухы мықты, жаны таза адам болған. Өте сабырлы болған. Анасы Күлия көреген, ділмар, аузын ашса жүрегі көрінетін ашық кісі болған. Керемет дауысты әнші болған. Оралханның есімін  әкесі берген. 1943 жылы әкесі Орал қаласында еңбек армиясында жүрген кезінде дүниеге келіпті. Сол әкесі аман-есен оралсын деген ниетпен қойылған.

Бала Оралхан қандай болды?

Оралхан бала кезінен жазушы болуды армандаған. Мектеп қабырғасында жүріп-ақ әдеби шығармаларды көп оқиды. Оның күнделігінде мынадай бір қанатты сөзі бар: «Адам армандай білуі керек, армандаса — соған қол жеткізеді. Мен жазушы болуды армандадым, жазушы болдым. Менің парталасым досым Жеңіс ұшқыш болуды армандады, ол да ұшқыш болды. Адам армандай отырып, соның жолында күресе білуі керек. Бүкіл адамзат саған қарап тұрғандай,өз-өзіңді шексіз жауапкершілікье сезінгенде ғана ойлаған мақсатыңа жете аласың». Ол өте тынышсыз, шағып сөйлегенді жақсы көрген. Ұшқыр, тез ойланып, тез жауап беруді ұнататын бала болған екен. Оқуда озат болып, мектепті үздік бітірген. Алгебра, геометрия сабақтарынан да үлгерімі жоғары болған. Шахмат, волейбол ойнағанды ұнатқан.

Жастық шағы

Оралхан ауылда 2 жыл жұмыс істеген. Алғашқыда Алматыдағы консерваторияның актерлік бөліміне оқуға түскен. Алайда, жалғыз ұл болғандықтан, анасы «әртіс деген жынның оқуы, одан да ауылға келіп, трактор айда» деп қарсы болған. Содан ҚазҰУ-дың журналистика факультетіне сырттай бөлімге ауысады.

Алғашқы жарымен қалай танысқан?

Үлкен Нарын ауданындағы «Еңбек туы» газетінде корректор, одан кейін осы газет редакторының орынбасары болып қызмет атқарған кезінде алғашқы жұбайы Айманмен танысқан. Бірақ, балалы болмаған. Айман дүниеден өткеннен кейн 2 жылдан соң Оралхан үйленеді. Айхан және Айман атты перзенттері болады. Оралхан дүниеден озғанда қызы 3 жаста, ұлы 4 жаста болған.

«Атау кере» қашан жазылды?

«Ол «Атау кере» романын біраз зерттеп жүріп, Алматыдағы жазушылардың демалыс үйінде бастаған екен, «ойым сан-саққа жүгіріп жаза алмадым» деп Шыңғыстайға, ауылға келді. Осы шығарманы менің көз алдымда аз уақыттың ішінде бітіріп шықты. Ол кезде анамыздың өмірден өткеніне әлі жыл толмаған. Осы шығармадағы Нұрке кемпірдің аузына өз анасының күнделікті өмірдегі әңгімелерін сала отырып жазды. Ал араға байланысты барлық ғылыми-танымдық мақалалар мен зерттеулерді ағама бірнеше жыл кітапханадан қарап жинастырып әуеліп беріп отырдым. Ол оқыған сайын таңқалып, «біз, адамдар көп нәрсені арадан үйренуіміз керек» дейтін. 20 күн бірге болдық. Ағама тамақ дайындаймын, күніне 3 литр қымыз шуін және жазу үстеліне отырып осы шығарманы бітіруін қадағалаймын. Ол маған берілген тапсырма еді. Кешкілік ағамның ауылдас жора-жолдастарының, туған-туысқандарының үйіне қонаққа барамыз. Осы шығарма аяқталғанда екеуміз қатты қуандық» (қарындасының естелігінен)

Отбасы

Оралханның төрт бауыры болған. Қарындастары: Шолпан, Әймен, Ләззат, Ғалия, Мәншүк. Әймен мен Мәншүк — ұстаз, Ләззат — пошта қызметкері, Ғалия — кітапханашы болған. Перзенттері: қызы Айжан мен ұлы Айхан

Еңбек жолы

Оралхан 1961 жылы Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы Шыңғыстай орта мектебінен соң, аға пионер вожатый және Алтай совхозында тракторшы болып жұмыс істеген.  1965-1968 жылдары ол Большенарым ауданының «Еңбек туы» газетінде корректор, аудармашы, редактордың орынбасары, Шығыс Қазақстан облысының «Коммунизм туы» («Дидар») газетінде әдеби қызметкер болды. Ол 1968 жылы республикалық «Лениншіл жас» («Жас Алаш») газетінің шақыруы бойынша Алматыға келеді. Оның журналист боп, жазушы болып қалыптасуына Шерхан Мұртазаның ағалык қамқорлығы ерекше әсер етті. Ешкімге белгісіз Шыңғыстайдағы тракторшы баланың бойынан жалындаған талант отын байқаған Шерхан Мұртаза оны Алматыға жетелеп әкеп, дуылдаған қаламгерлер қауымының қалың ортасына салды да жіберді. Кейін 1974-1983 жылдары Оралхан Бөкей «Жұлдыз» журналының проза бөлімінің меңгерушісі, 1983-1991 жылдары «Қазақ әдебиеті» газетінде редактордың орынбасары, 1991-1993 жылдары бас редакторы болды.

Алайда, 1993 жылы 17 мамырда Үндістанға сапар шеккен ақын-жазушылар тобының жолбасшысы ретінде барған Оралхан 49 жасында Делиде ұйқысынан оянбай қалған.

Марапаттары

 Оралхан Бөкей «Құлыным менің» пьесасы үшін 1976 жылыҚазақстан Республикасы Жастар сыйлығының лауреаты атанады. Ал 1978 жылы«Найзағай ізі» повестері мен әңгімелері үшін Н.Островский атындағы Бүкілодақтық әдеби сыйлықтың лауреаты болады. Ол 1986 жылы «Біздің жақта қыс ұзақ» повестері мен әңгімелері үшін Абай атындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының лауреаты наградаларына ие болған.

Пікір қосу