Әзілхан Нұршайықов 1922 жылы 15 желтоқсан күні Шығыс Қазақстан облысы, Жарма ауданы, Ақбұзау ауылында дүниеге келген. Ол ҚР халық жазушысы.

Жастық шағы

Әзілхан 4 жыл Ұлы Отан соғысына қатысқан. Майданға әкесі, әкесінің інісі, үшеуі бірге аттанады. Бірақ, Әзілхан ғана тірі келеді. 1945 жылдың аяғында әскерден босатылып, келген соң ҚазҰУ-дың филология факультетіне оқуға қабылданады. Туған-туысынан ешкім қалмаған Әзілханның тұрмысы өзге студенттерден ауырлау болады. Сабақтан бос кезде пойыз жолдың жағасындағы сексеуіл базасында жұмыс істейді. Вагон-вагон көмір түсіріп, отын алушылардың отынын тиеп, үйлеріне әкеліп, жарып беріп жүреді. Университеттен соң үлкен қызметтерде болады. Талай рет «осындай үлкен дәрежеге жетуім — университет бітіргенімнің арқасы, ал менің дипломға қол жеткізуім — көмектескен қыздардың арқасы» деп курстастарын еске алып жүреді. Оқуды бітірген соң курстастарына арнап, автор «Махаббат, қызық мол жылдар» романын жазады.

Халимамен қалай танысты?

«Алғаш рет 14 жасымда Орынкеш деген қызға ғашық болдым. Екеуміз уәделестік. Мен Алматыға оқуға кеттім. Оны Семейдің интернатына жіберді. Екеуміз хат жазысып тұрдық. Оқу аяқталар кезде Орынкештен хат келмей қалды. Мен Семейге келдім. Орынкеш оқитын мектепке бардым. Қыздардың интернатына ұлдарды кіргізбейді екен. Амал жоқ, қыздардың жолын тостым. Қарасам, детдомның қыздарынша шашын дөңгелектеп қиған орта бойлы бір қыз кеое жатыр. Тоқтатып, Орынкешті сұрадым: «Білемін, бір класта оқимыз, бір бөлмеде тұрамыз», — деді. Шақыруын өтіндім. Ұзақ күттім, шықпады. Біраздан соң әлгіндегі қыз қасыма келді. «Енді мені іздеп келуші болмасын деп айтты» деп күмілжіңкіреді. Мен жылап жібердім. Қарасам, жаңағы қыз маған қосылып жылап тұр екен. «Сен неге жылайсың?» дедім. «Сені аяп кеттім» деді ол. Бейтаныс қыздың біреу үшін жылағаны жанымды елжіретіп жіберді. Ары қарай мен Халимамен кітапханада жиі кездесіп жүрдім. Орынкешке талай хат жібердім. Бірақ, ол жауап жазбады. Ойлап отырсам, Орынкешке үш жыл ішінде 99 хат жібердім. 100-ші рет қоштасу хатын жаздым. Ал Халимамен күн сайын кітапханада кездескенде жан сырымызды ақтардық. Ол маған өмірбаянын айтып берді. Мен жыладым. «Сен неге жылайсың?» деді. «Сені аяп кеттім» дедім. Бұл — оның былтыр Орынкешке барғанда  маған қосыла жылағандағы жауабы еді. Ол жымиып күлді де,басымнан сипады. Мен Халимаға ол алғаш маған қосыла жылағанда-ақ ғашық болған едім. «Қосылайық» деп ұсыныс жасадым. Ол ойланып отырып: «Орынкеш екеуің уәделестіңдер ғой, соны орындауларың керек. Ол өте жақсы қыз. Егер ол басқа біреумен кетсе, саған қосыламын» деді. Келесі жыл соғыс басталды. Орынкеш соғыс біткен соң бір әскери ұшқышқа тұрмысқа шығыпты. Сосын біз Халима екеуміз үйлендік» (Автордың естелігінен)

«Махаббат, қызық мол жылдар» романы

Романдағы Ербол образының жартысы — расында, Әзілханның өзі болған. Қалған жартысы — соғыстан қайтқан қазақтың жас сарбаздарының бейнесі. БІлуімізше, Меңтайдың шын аты — Нұрғамила. Оны шешесі «Мәнтай» деп еркелеткен. Автор  оны «Меңтай» деп өзгертіп алған.

Жары Халимамен қалай қосылған?

Халима сіңлісі екеуі жетім қалып, әуелі балалар үйіне, кейін интернатта тәрбиеленген. Олар есейгенде соғысқа аттанған. Халима соғыс біткен соң екі жыл госпитальда емделді. Әзілхан ол кезде университетте оқыған. Халима Әзілханға: «Әзілхан, сен соғыста көп бейнет көрдің. Ендігі жерде рахат өмір сүруің керек. Мен аурудан жазылам ба, жоқ па, білмеймін. Ауру адамнан сен не рахат көресің? Сондықтан, қазақтың жақсы қыздарының біріне үйлен. Мен саған рұқсат бердім. Өліп кетсем, мәңгі жүрегімде қаласың. Тірі болсам, тілекшің боламын, ешқашан күйеуге шықпаймын», — деп хат жазады. Ол хатты Әзілхан досы Мырзабекке оқытқан. Мырзабек: «Мынау ақылды қыз екен. Сөзінің жаны бар. Мен саған бір қызды көрсетейін. Өзім алсам деп жүретін едім. Бірақ, саған қидым. Ол — Меңтай» — деп, Әзілхан Меңтайға көңілін білдірмек болдым. Алайда, Меңтай басқа жігітке уәде беріп қойғанын айтады. Сөйтіп, бас тартады. Содан Әзілхан «Халима,өзің айтқандай, қыздарға көңіл бөлдіріп көріп едім, ешқайсысы менсінетін емес. Маған өзіңнен басқа ешкімнің де керегі жоқ. Аман-есен жазылып шыққан соң, қанша уақыт болса да күтемін. Сені бақытым деп есептеймін» деп хат жазады. Көп ұзамай Халима науқасынан айығады. Тоғыз жыл Әзілхан екеуі бір-біріне ғашық болып жүріп, ақыры отбасын құрады.

«Мәңгілік махаббат жыры» кітабы

«Халима екеуміз 54 жыл бойы өмір сүрдік. Демек, 54 жыл бір-бірімзге ғашық болып өттік. Өмірінің соңғы күн, соңғы сағаттарына дейін екеуміз жұп жазбай, қол ұстасып қатар жүрдік. Ол менің әйелім ғана емес, әрі редакторым, әрі корректорым, әрі ақылшым, әрі қосалқы авторым, әрі хатшым, әрі курьерім болды. Біз бірге жұмыс жасадық, бақытты ғұмыр кештік. Бірақ, Халима менімен қатарласпай, «мен төрт балаға ие болайын, сен шығармашылығыңмен айналыс» деді. Көзі жұмыслғанша мені сыйлап өтті. Халима дүниеден өткен соң жылап отырып, көзімнің жасы қағазға тамшылап отырып «Мәңгілік махаббат жыры» деген кітап жаздым»(Автордың естелігінен)

Отбасы

Жұбайы — Өзбақанова-Нұршайықова Халима Қалиакбарқызы (1922-2001) оқытушы болған. Қыздары Жанар  филология ғылымдарының докторы, профессор болса,  Жаннат  экономист,  ұлдары Арнұр инженер-энергетик, Жаннұр инженер-электрик болып қызмет атқарған.

Еңбек жолы

Әзілхан соғыстан кейін әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ды бітірген. 1953 – 79 жылдары  “Қазақстан пионері” (қазіргі “Ұлан”) газетінің бөлім меңгерушісі болады. Кейін “Социалистік Қазақстан” (қазіргі “Егемен Қазақстан”) газетінде әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, редактордың орынбасары қызметін атқарады. 1953 – 56 жылдары  Павлодар облысы “Қызыл ту” газетінің редакторлығына тағайындалады. Ал 1961 – 63 жылдары — республикалық “Қазақ әдебиеті” газетінің бас редакторы болып,   Қазақстан ҒА Әдебиет және өнер институтында ғылыми қызметкер болады.

Шығармашылығы

Әзілханның алғашқы очерк, әңгімелер жинағы “Алыстағы ауданда” деген атпен 1956 жылы жарық көрді. 1987 жылы “Дорогие памяти” әскери-патриоттық жинағы үшін А.А. Фадеев атындағы халықаралық сыйлықты алды.

Марапаттары

Ол 2-дәрежелі Даңқ ордені және  “Құрмет белгісі” орденімен марапатталған. Сондай-ақ,  “Халықтар достығы” орденіналған. Ұлы Отан соғысына қатысқаны үшін 2-дәрежелі Отан соғысы ордені және бірнеше медальдармен марапатталған.

Пікір қосу