Былтыр жазда белгілі әнші әрі продюсер Қыдырәлі Болманов Ресейде «Балбала» қуыршақтарына қатысты диссертация қорғап, PhD докторы деген атақ алған болатын. Ал кешелі бері БАҚ беттерінде Қыдырәлі Болмановтың бұл атақты алмағаны, ресейлік ғалымдардың мұндай ақпаратты жоққа шығарғаны туралы шу шығып, қызу талқыға түскен еді. Өзіне қатысты шыққан шумен, жабылған жаланы көрген продюсер әлеуметтік желіге өз жауабын жазып, дәлел ретінде видео жүктеген. Бұл туралы reactor.inform.kz жазды.

Аптал азаматтың жазбасын алып қоспасыз ұсынып отырмыз:

«Ассалаумағалейкүм қазақ елі! Мынау жасалып жатқан оқу-әдістемелік кешен жөніндегі баяндамадан үзінді. Үстелдің жапқышында «Академия Естествознания» деп жазылып тұр. Яғни Ресей Жаратылыстану академиясы. Және Халықаралық Психология академиясы, президенті Ресей Академигі В.В.Козлов. Осы екі Академия маған доктор PhD,психология ғылымдарының кандидаты атағын берді.

Бірнеше жыл жазып, 2015 жылы ғылыми диссертация қорғадым. Қорғау алдында бірнеше мемлекетте баспасөз бетінде мақалаларым шықты. Диссертация тақырыбы «Формирования элементов этнического самосознания личности дошкольника» (Мектеп жасына дейінгі баланың ұлттық санасын қалыптастыру). «Гәкку» арнасы дисертация қорғауында болған.

Қазіргі дау көтеріп отырған адамдар Ресей Ғылым Академиясынан (РҒА) менің фамилиямды сұрастырған. Бірақ олар Ресей Жаратылыстану академиясынан (РЖА) емес, басқа академиядан сұраған. РЖА-дан сұраса менің фамилиям тіркелген. Неге олар тіркелген, диссертация қорғалған жерден сұрамайды? Аталмыш академиялардың барлығы ресейлік.

Ал мен ғылым жолында жүрген адам емеспін. Мемлекеттік қызметте жоқпын. Ешкімнің басын жарып, көзін шығармаппын. Менің жұмыстарымнан ешкім зиян шекпепті.

Аллаға сансыз мадақ! Басты ниетіміз әдістемелер «қисық» болып кетпеу үшін, ғылым негізінде жасап шығаруды ұйғарып, ғылымның терезесін қақтық. Үлкен ғалымдармен ақылдаса отырып, керегін алдық. Ең бастысы диссертация емес, ең бастысы өнім бар: «Балбала» оқу-әдістемелік кешені. Білім министрлігінің аттестацияларынан өткен. (ҚР Білім және ғылыми министрлігінің 10.12.2014 жылғы №515 бұйрығымен білім беру ұйымдарында рұқсат етілген оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендер тізіміне ендік).

Қазақстан бойынша зертханалық тексеруден өтетін ойышықтар тек қана «Балбала». Тазалыққа қатысты сертификаттардың бәрі бар. Егер менің ғана диссертациям өте маңызды «қауіп» төндіріп тұрған болса қайталап, дамытып Қазақстанда да диссертация қорғауға дайынмын. Тақырыпты ешкімнен ұрлап алмадым. Тақырыбым тың. 25 жыл ішінде бұрын соңды менен басқа ешкім оқу-әдістемелік құрал түгілі, қазақша ән айтатын, қазақша сөйлейтін ойыншық та жасамаған. Сонда осынша шу не үшін? Кімге қажет? Еліміздің дамуына қандай пайдасы бар? Сіз қалай ойлайсыз қазағым?»

Пікір қосу