Мұстафа Өзтүрік (1954–1995) белгілі спортшы, таэквондодан қара белбеу 6 дан иегері, ҚР таэквондо (WTF) федерациясының негізін қалаушы, халықаралық дәрежедегі жаттықтырушы

Нұрила апай, Мұстафа ағамызбен қалай таныстыңыздар?
– Екеуміздің арамыздағы таныстық 1980 жылы бас­талды. Ол уақытта біз Мюнхенде тұратынбыз. Мұстафа Қытайда бірге оқыған жолдасының үйіне келген екен. Жұмыссыз жүрген болатын. Паспорт алу үшін бес жыл күтуі керек еді. «Бізбен бірге болады» деп қажетті мөрді қойдыртып алдық. Сөйтіп жүргенде екеуміз бір-бірімізді жақын тани түстік. Кейіннен бірге шаңырақ көтердік.
– Демек, сіз Германияда туылған болдыңыз ғой?
– Жоқ, Түркияда дүниеге келдім. Сегізге толған кезімде отбасымызбен Мюнхенге көштік. Оқуымды сол жақта аяқтадым.
– Балаларыңыз туралы айтып кетсеңіз?
– Тұңғыш әрі жалғыз ұлымыз Нәзірбек 1980 жылы 30 қараша күні дүниеге келді. Оның артынан ерген екі қызымыз бар. Үлкені Неслиханды 1984 жылы 26 ақпан күні босандым. Кіші қызым Асылхан 1988 жылы 16 маусым күні туылды.
– Нәзірбек әлі үйленген жоқ па?
– Өкінішке қарай, жасы отызға келсе де үйленбей жүр. Үлкен қызым Неслихан ғана тұрмысқа шықты. Жұбайы – түрік. Әзірге балалары жоқ.
– Мұстафа ағамыздың мінезі қандай еді?
– Өтірік айтуға жаны қас адам болды. Жалған сөйлегендерді жақтырмайтын. Өзі туралы өтірік айтқандарға ашуланатын. Қазақ атына кір келтіретін, қазақтарды жамандаған біреуді көрсе қатты намысы келетін.
Түркиядағы ағайындар Мұстафаны қатты сыйлады. Сапардан оралғанда «Мұстафа ағам келді» деп балалардың қуанышында шек болмаушы еді. Дәстүрді берік ұстанғаны болар, ең алдымен үлкендерге амандасып шығатын. Туыстарымыздың үйіне барып, түн ортасына дейін әңгіме айтып, кеңесіп отырғанды ұнататын. Маңайында оны жақсы көрмеген адам жоқ. Әкесі қандай жақсы болса, өзі де сондай керемет тұлға. Мұстафа да туыстарын қатты сыйлады. Іштей елжіреп отырушы еді.
Мұстафаның ең сүйікті тағамы – қазақтың ұлттық тағамдары еді. Содан кейін, қытайша пісірілген тамақты жақсы көретін. Қытайша тамақ пісіруді де үйренуге тура келді. Үйге қонақ шақырғанды, қонақ күткенді жақсы көретін.
– Ағамыздың анасына деген ықыласы ерекше тәрізді?
– Иә, әйел затына құрметі айрықша. Анасы мен жалғыз қарындасын қатты сыйлайтын. Оларды өте қатты жақсы көрді. Қытайдан оқудан оралғанда үйін, анасын сағынып келетін. Өз қыздарына да ықыласы ерекше еді. Көңілді кезінде Мұстафадан асқан ба­у­ыр­мал, балажан адам таба алмайсың. Балаларын ойнатып жүретін. Ал, ашуланғанда қасына жақындауға қорқатынбыз. Үйде көп болмайтындықтан, қыздарының тәрбиесіне көп көңіл бөле алмады. Алайда, балаларының болашағынан үлкен үміт күтетін еді. Өкінішке қарай, ұлының ержеткенін, қыздарының бойжеткенін көре алмады. Ұлды ұл, қызды қыз деп бөліп-жарған емес. Үйге келгенде балаларын ­мойнына көтеріп ойнататын. Үлкен қызымызды «Дудуш» деп еркелететін. Қазақстанда жүргенде телефонмен жиі хабарласып, жағдайларын біліп тұрды.
– Атажұртқа оралуына не себеп болды?
– Отанына оралу – бала күннен келе жатқан арманы. Көкесі Тейжімен атажұрт туралы көп әңгімелесіп, кеңесіп отыратын. Үй шаруасымен айналысып жүріп, әңгімелерінен көп естігенім – «Мен Отаныма ораламын! Сонда қаламын» деген сөздері. «Таэквондоны қазақ жастарына үйретемін, мектеп ашамын», – деп армандайтын. Таэквондо арқылы елінің атын шығаруды ойлады.
– Соған қарағанда атажұртқа деген көзқарасы да өміршең болғаны ғой?
– Мұстафа шетте жүрсе де елінің нағыз патриоты болды. Ата-бабаларымның кіндік қаны тамған жеріне барсам дейтін. Қазақстанға алғаш барып қайтқанда «Менің елім өте үлкен жер екен. Мұндай жерді көрген емеспін. Атқа мініп, елімді аралағым келеді. Ел-жұртыммен қайта қауышар күнді аңсаймын», – деп, барған жерін аузының суы құрып әңгімеледі. Ел-жұртының өзіне ықыласы ерекше екенін, «Адамға Отанынан артық жер жоқ. Әке-шешем неге Түркияға келген? Мен бәрібір Отаныма ораламын!» – дегенді көп айтты.
Ең соңғы рет Қазақстанға кетер алдында бізді дәмханаға апарды. Ұлына «Мен жоқта үйдің тірегі сенсің. Қарындастарыңа, анаңа қарайлас», – деді. Сол жолы Нәзірбекке өте көп ақыл айтты. Үшеумізбен де ерекше сөйлескен-ді. Балаларының әрқайсысына «Үлкен азамат болып өсіңдер, сабақтарыңды жақсы оқыңдар», – деген толқып тұрып.
– Мұстафа Өзтүріктің Қазақстандағы достары, таныстары хабарласып тұра ма?
– Достары дейтіндей ешкім хабарласпайды. Жалпы, Қазақстандағы туыстарымызбен байланысымыз бар. Балалардың демалысына байланысты жаз уақытында келіп-кетіп тұрамыз. Оның өзінде соңғы рет екі жыл бұрын барған екенбіз.
– Бұрын Түркияда, Германияда Мұстафа Өзтүрік ашқан мектептер болған екен. Қазір олар жұмысын жалғастырып жатыр ма?
– Мен мектептерге қарай­лай алмадым. Осында, Мюнхенде біреуі бар екен. Жұмысын әлі тоқтатпаған көрінеді. Түркиядағы мектептер туралы сол жақтағы туыстарымыз білетін шығар. Басқаларынан хабарым жоқ.
– Мұстафа ағамыз еліне оралғанда сіз де келдіңіз бе?
– Иә, Мюнхендегі оқуымды, үйімді тастап Отанымызға бірге келдік. Талай мәрте қол ұстасып Алматыны аралаушы едік. Жағдай анадай болғасын қолдан келер шара не? Сол оқиғадан кейін Мюнхенге қайта кетіп қалдым.
– Ол кісі қазақтың әдет-ғұрпын жақсы білетін, ұлттық намысты жоғары қоятын тұлғалардың бірі еді. Сондай алып тұлғаның бүгінгі ұрпағы үшін «қазақ» ұғымы қаншалықты қастерлі?
– Олар қазақ екендігін мақтанышпен айтады. Қазақстанда туылмаса да өз Отаны деп санайды. Әкесінің таэквондо мектебін Қазақстанда ашқанына өте қуанышты. Мұстафаның арманы да осы болатын. Білгенін еліме үйретсем, соларды ұшпаққа шығарсам деп армандайтын. Тағдырдың жазуы ғой… Тағы да мектеп ашсам, білгенімді үйрете түссем деп жүруші еді. Сендер де атажұртта тұрсаңдар деп көп айтатын. Өкінішке қарай, аңсаған арманына енді қол жеткіздім бе деген уақытта өлім арамыздан алып кетті. Әлі күнге дейін өз-өзімізге келе алмай жүрміз. Алланың маңдайға жазғаны осы да. Қолымыздан келер ештеңе жоқ. Бізге қалғаны – артынан дұға етіп отырамыз.
– Балаларыңыз қандай қызмет атқарып жүр?
– Өзім пошта үйінде жұмыс істеп жатырмын. Нәзірбек бір фирмада бухгалтер қызметін атқарады. Үлкен қызым үй шаруасында, жұмыс істемейді. Кіші қызым заңгерлік мамандығына оқып жатыр.

– Қазақстанға біржолата келгіңіз келмей ме?
– Дәл қазіргі кезде көшіп бару жоспарымызда жоқ. Кейінірек, зейнет демалысына шыққан соң атажұртқа оралғым келеді.
– Балаларыңыздың Қазақстанға келуге ынтасы бар ма?
– Ара-тұра осы мәселені талқылап тұрамыз. Олар маған былай дейді: «Қазақстанға демалыс уақыттарында қыдырып барып тұрайық. Әзірге көшіп баруға ертерек секілді. Осында оқуымыз, жұмысымыз бар. Қазақстандағы ортаға сіңісіп кету үшін де біраз уақыт кетеді». Олардың туған жері Түркия, жақын туыстары да сол жақта. Екі елге де сағыныш сезімі бар. Біреуін Отаны, ата-бабасының туған жері есебінде көрсе, екіншісі туған жері іспетті.
– Жұбайыңыздың мәңгілік қонысына барып, Құран бағыштап тұратын шығарсыздар?
– Әрине. Жылына кемінде бір рет Түркияға барып, Мұстафаның зиратына Құран бағыштап тұрамыз. Туыстарымыздың көбісі сол жақта ғой.
– Неліктен ол кісінің сүйегін Түркияға жерледіңіздер?
– Мұстафа қайтыс болғанда Қазақстан жағы сүйегінің атамекенінде қалғанын қатты қалады. Мен келін болғандықтан ештеңе дей алмадым. Енем «Мен жұма сайын баламның басына барып Құран оқып, дұға бағыштап тұрамын. «Құлыным» деп тасты ұстаймын, тілегімді сол жерде айтып тұрамын», – деді. Анасы әлгіндей деп отырғасын ешкім қарсы келе алмады. Сол кісінің қалауын орындадық. Түркияның топырағы қандай болсын, ол кісілердің көшіп келген жері, қайтыс болған туыстары сонда жерленген. Мұстафаны әкесінің қабірінің қасына жерледі.
Қазақстандықтар үл­кен көмек көрсетті. Басын­дағы мәрмәр тасты да солар қойды. Алладан қайтсын! Ол да болса біз үшін демеу болды. Елінің ұлын қастерлеп, құрмет тұтатындығын көңілімізге медет тұттық.

 

(«Нұр Астана». №21. 23.05.2007)

Пікір қосу