— Шынар Жанысбекова, жақында ҚР Еңбек сіңірген қайраткері атаныпсыз, құтты болсын! Жалпы білуімізше, 21 жасыңыздан бері әкемтеатрда қызмет етесіз. Осы күнге дейін өнер сахнасынан алған тәжірбиеңізбен бөліссеңіз?

— Менің ұстазым — өмір. Ал өмірім театрмен тығыз байланысты. Театр — қайнап жатқан өнер ордасы, қазақтың қарашаңырағы. Мен келген кезде Сәбира апамыздан бастап бәрінің көзі тірі болатын. Театрға алғашқыда қорқып, жүрексініп келдім. Бірақ, Құдайдың берген сыйы шығар, Әзекең (Әзірбайжан Мәмбетов-авт.) мені  қабылдағаннан жолым болды. Маған үлкен рөлдер берілді. Дегенмен, соның бәрі оңайлықпен келмеді. Бәріне өзімнің еңбекқорлығымның арқасында жеттім деп ойлаймын. Өмір жолымда жақсылардан көп нәрсе үйрендім. Адам тұлғалыққа бекер жетпейді. Мәселен, Зәмзәгүл апайды (Шәріпова-авт.) алатын болсақ, ол кісіні мен өзіме ұстаз санаймын. Оны әйелдікті, нәзіктіктің сиволы ретінде сыйлаймын, үлгі тұтамын. Талай қиындықтан өте келе өзің де жақсылыққа ұмтыласың, жақсы адамның қасында жүргің келеді екен. Негізі мен үшін адамгершілік бірінші орында. Себебі, адамгершілік болмаған жерде мықты рөлдерді сомдасаң да, талай лауазымға ие болып, марапатталсаң да, жақсы адам бола алмайсың. «Жақсыдан — шарапат» дейді ғой. Мен соңғы жылдары сол Зәмзәгүл апайдың қасында жүріп, біраз нәрсені білдім. Сол кісімен сөйлескенді әлі де жақсы көремін.

Театр — үлкен орта. Бұл жерде түрлі мінез иесі бар. Біздің мамандық тәуелді мамандық. Әр түрлі адамдар жұмыс жасайды. Шүкір, 26 жыл бойғы тәжірибемде өнерде үзіліс болған емес. Өзімнің театрға, жалпы өнерге қажет екенімді сезінемін. Театрға келгелі бері халықтың алдында жүрмін. Халықтың сүйіспеншілігі ешқандай атақпен өлшенбейді. Гастрольге жиі шығамыз ғой. Сол кезде кімнің кім екені білінеді. Неше жерден түрлі атақтың иесі болсаң да,  халықтың ықыласы бәрібір басқаша.

Мен театрдағы рөлдерім арқылы тәрбиелендім. Бағыма Ажар, Еңлік секілді үлкен рөлдер бұйырды. Біраз жыл үзбей сахналанған «Қара кемпір» деген қойылым болды. Сол спектакльде басты рөлдің кейіпкері мен болдым. Қара кемпір — үлкен тағдырлы әйелдің бейнесі. Мен үлкен классикалық дүниелерді ойнап жатқан кезде солардың тілімен тәрбиеленемін. Ол — үлкен сабақ. Бала күнімнен автобиографиялық кітаптарды көп оқитынмын. Әкемнің кітапханасынан бөлек ауылдың кітапханасынан кітаптар аламын. Маған «Өнерге қалай келдіңіз» деп сұрақ қойса, өмірбаяндық кітаптар арқылы дер едім. Шара Жиенқұлова, Күләш Байсейітова, Құрманбек Жандарбековтердің өмірбаяндық кітаптарын неше қайтара оқитын едім.

— Әлеуметтік желілерде «кім көрінген атақ алып кетті» деген пікірлер көп жазылады. Сіздің бұған айтар ойыңыз қандай? 

— Өз басым бұйрыққа сенемін. Құдай бәрін көріп тұр. Сен неге лайықтысың — сол болады. Кейде түк бітірмей, үлкен рөлдер ойнамай, атақ сұрап жүретін адамдарға қынжыламын. Ал кейде керісінше, басты рөлдерде ойнағанымен, атақ бер дейтіндерден сескенемін. Қанша жерден Қарагөз, Еңлік, Офелияны ойнаса да шығарған бір образы жоқ өнерде жүрген адамдар «осыған лайықпын ба» деп ойланса ғой. Кеудемсоқтар, көреалмаушылықтар өте көп. Сен сенесің бе, сенбейсің бе, менде қызғаншақтық қасиет жоқ. Рөл берілді ме, мен соған күні-түні дайындаламын. Өзіме ғана сенетін адаммын. Бекер ешнәрсе болмайды деген бар. Бәрі өзіңе байланысты. Қызғаншақтықтан гөрі өз-өзіңді жетілдірсең жақсы болады. Сені еңбегің ғана алып шығады. Меніңше, өнерге келген кезде жауапкершілік керек. Өнер — әдемі әлем. Әдемі әлемде жаны сұлу, санасы таза адамдар ғана жүрсе ғой, шіркін! Актерлықтың шыңына ешкім жетпеген болар. Қазір бір клипке түседі немесе бір сериалда ойнаса актриса деп жазып қояды. Бізде бәрі оңай сияқты. Мен мұнымен келіспес ем. Адамға тұлғалық керек.

— Қалай ойлайсыз, кейінгі кезде таланттылар тыс қалып, қалталылардың заманы жүрген уақыт емес пе? Кейінгі жастар сахнаның киесін ұмытып бара жатқандай…

Театрға 10 актер алынып, соның біреуі тума талант болса, мен соған қуанамын. «Бүгін репетицияны көресіз бе?» деп айтатын жастардың барына қуанамын. Бірақ менмендікке салынып, «өз жолым бар, мен толдым» дейтіндер бар және солардан қорқамын. Жалпы өзіме көңілім толмайтын сыни көзқарас көп. Ылғи «бірдеңе жетпейді» деп өзімді тоқпақтап жүремін. Мен қазір кітап оқымай кеткен сияқтымын. Уақыт тапшы боп көрінеді. Шынымды айтайын, қазір мен уақытымды кино көрумен өткіземін. Жақында ғана жолдасым екеуміз «Викингке» бардық. Ғашық болдым. «Біз 10 жылдан кейін осындай кино түсіре аламыз ба?» деп ойландым. Дәл қазіргі уақытта менің махаббатым кітаптан киноға ауысты. Ескі киноларды жақсы көремін. Мысалы, 50-60-шы жылдары түсірілген француз, итальян кинолары,70-ші жылдарда түсірілген қырғыз киноларын көргенді ұнатамын. Тіпті, грузиндердің қысқатолқынды фильмдері ұнайды. Режиссер Абдолла Қарсақбаевтың жақсы көремін. Әлі де нағыз киноның қалай жасалатынын, ажырата алатындай деңгейге жетуге ұмтылып жүрмін.

Мен мына мақалды ылғи айтамын: «Жорғалауға жаралған жан ұшпайды». Орыстың мақалы ғой. Мейлі, сен он жерден Нью-Йорктен оқу бітірсең де дарын, талант, еңбек болмаса ол бекер. Сахнада өзінің не айтып тұрғанын өзі түсінбейтін актерлар бар. Қазақ сахнасында жүріп, қазақ тілін жетік білуге тырыспайтын актер-актрисаларға қарап қарным ашады.

 Асылхан Төлепов, Аян Өтепберген, т.б секілді танымал жас актерларды театрға шақырған дұрыс па? 

— Иә, жарнама керек. Танымалдылық телевидения, кино арқылы келеді ғой. Сіз айтып отырған жастар жақсы жарнамаланды, кинода керемет ойнап шықты. Өзім олардың театрдағы жұмыстарын көрген жоқпын. Әрине, жастар Асылханды көруге барады. Неге? Өйткені, экран көп нәрсені насихаттайды. Менің ойымша, жақсы жас актерларды теарға шақырған дұрыс.

— Сатиралық образдарды ойнау жаныңызға жақын ба?

— Ең бірінші, мен актрисамын. Мысалы, А.Рязанов, Л.Гайдайдың кинолары комедия. Неге ойнамасқа? Содан мен комедияның актрисасымын деп шықпайсың ғой. 3-4 жыл бұрын «Моя безумная семья» деген мықты актерлар жинақталған керемет фильм көрдім. Қызықты. Неге бізде осылай түсірмеске? Ал біз неліктен жеңіл нәрселерге жақынбыз? Мен мықты, талантты, жақсы адамдар кино түсіріп жатса, келісемін. Қандай жанр болса да бас тартпаймын.

— Өнер жолында бағыңызды ашып, танытқан кім? 

-Менің бір бақытым — Әзірбайжан Мамбетовпен жұмыс істегенім. Өкініштісі — ол кісі өмірден кетіп қалды. Кезінде Фарида Шәріпова, Сабира Майқанова апайлардың бағын ашқан осы Әзекең болды. Өз басым осы кезге дейін мықты деген режиссерлармен жұмыс істедім. Әлі де мықтыларымен жасағым келеді. Жастардың ішінде Асхат Маемиров, Елік Нұрсұлтан, Ислам Нұртазиндер бар. Болашақ осылардыкі, соларға үміт артамын.

Ұсыныстар түседі, бірақ…

— Актрисаға бір образдан екінші бейнеге еніп ойнау, сол рөлді тиянақты алып шығу қаншалықты қиын? Мысалы, сіздің табиғатыңызға жат болуы да мүмкін ғой… 

— Бір-біріне ұқсап кетпесін деген қорқыныш болады. Бізде жаңа спектакль алған кезде «читка» деген болады. Сол «читка» кезінде кейіпкердің мінезін, жүріс-тұрысын, сөз саптауын іздейміз. Әр айтқан сөзінің астарын ашуға тырысамыз, қоғамдағы орнын анықтаймыз, т.б. Бұл енді әр актердің ізденісіне байланысты. Осылай «пісіріп» шығарамыз. Тәжірибелі актрисамын деп дайындықсыз барып ойнай салуға болмайды.

— Өзіңіз табиғатынан қандай адамсыз?

— Бәрі мені сатиралық образда жиі көргесін, жеңілтек, күлегеш жан ретінде елестетеді. Шындығында, өмірде мұндай мінезге болмысым қарама-қарсы. Бірақ, өмірде қабағымның ашық болғанын жақсы көремін. «Жұлдыз» болуды сезініп көрмедім. Қарапайымдылықты жаным сүйеді. Былтыр бір түсірілімде әріптесім: «Сен тым қарапайым екенсің ғой. Болмайды олай» деген. Маған адам ұнайды ма, қатты ашылып кетпесем де әңгімемді айтып бере аламын. Ол маған пол жуушы немесе костюм тасып жүрсін, еш айырмашылығы жоқ. Онымен отырып шай ішуім мүмкін. Жаны таза адамдарды жақсы көремін. Есеппен сыйласа алмаймын.

— Әріптестеріңізді «той-бизнестің» айналасында жиі көріп жатамыз. Өзіңіз тойға шығып тұрасыз ба?

— Кезінде тойға көп ұсыныс түсетін. Бұдан 20-25 жыл бұрын барғаным рас. Қазір де ұсыныстар түседі. Бірақ, ол менікі емес екенін түсінемін.

— Соңғы түскен фильмдеріңіз? 

— Жақында Болат Қалымбетовтің «Талан» деген фильміне түстім. Қазір монтаждалуда. Соның шығуын күтіп жүрміз. «Талан» деген ол тағдыр деген мағынаны білдіреді. Онда мен басты рөлді ойнаймын. Бұйырса, биыл жарық көреді. Содан жақсы дүние шықса екен деп үміттеніп отырмыз.

— Зиялы қауым өкілдерінен театрға келетін адамдар бар ма?

— Бір жолы «Сыған серенадасына» келген Мұхтар Шахановты көргем. Жақында Алматы қаласының әкімі келіп, автобус сыйлап кетті. Меніңше, зиялы қауым өкілдері міндетті түрде театрға келулері керек.

— Балаларыңыз, жолдасыңыз сіз ойнаған спектакльдерге келе ме?

— Жоқ, келмейді (күліп). Күйеуім жүріп жүргенде бір-ақ рет келді. Бір жағынан ол да жақсы ма деп қаламын. Бастысы мені жақсы көреді, өнерімді түсінеді. Екеуміз көп сөйлесеміз. Ол жан-жақты, білімді азамат.

— Балаларыңыз өнерге жақын ба?

— Ұлымнан «актер болғың келмей ме?» деп жиі сұраймын. «Медицина саласына барамын» деді. Күй тартады, сымбатты жігіт болып өсіп келеді. «Мүмкін, актер боларсың» деп кастингтерге жібергім келеді. Бірақ, өзі қаламайды. Қызым әлі белгісіз.  9-сыныпта оқиды. Ұшқыш болғысы келеді. Өзі әдемі ән салады.

-Болашаққа қандай жоспарыңыз бар?

— Кім біледі? Ойымда жүрген дүниелер бар. Сәтін салса, оны уақыт келгенде көреміз.

— Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан Гүлдана Нұрлыханова

Пікір қосу