Бүгінде Гаухар Сардарбек сыңғырлаған үнімен дүйім жұртқа таныс. Ендеше алғаш рет үлкен сахнаға Қуандық Рахыммен «Болайық бірге» әнін шырқап шыққан жас әнші Гаухар Сардарбектің сырлы сұхбатын ұсынамыз.

Домбыраға деген қызығушылығым болмады

Мен Сыр өңірі Қызылорда облысында 1996 жылы дүниеге келдім. Қазір Алматыдағы П.Чайковский атындағы музыкалық колледждің 4-курс студентімін. Отбасымда әкем-анам және 11 жасар інім бар. Дәстүрлі ән бөлімінде оқимын. Өнерге келуіме бірден-бір себепкер болған — әкем. 9 жасымда мені домбыра сыныбына оқуға берді. Бірақ,өзімнің домбыраға деген қызығушылығым болмады. Керісінше, менің ән айтқым келетін (күлді). Сөйтіп, 5 жыл домбыраны үйреніп, бітіріп шықтым.

gauhar

7-сыныпта музыкалық мектепті аяқтадым. Сол уақытта Талғарға Набат деген ұстаз келді. Одан 1 жылдай дәстүрлі әннен сабақ алдым. 9-сыныптан кейін осы колледжге тапсырдым. Бірақ, түсе алмадым. 10-сыныптан соң қайта тапсырып, оқуға қабылдандым.

3 жыл бойы Қуандық ұсыныс айтты

3 жыл бойы Қуандық маған «бірге ән жаздырайық» деп өтінді. Мен дәстүрлі әнде оқығандықтан қорықтым. Өйткені, эстрадамен айта алмайтын сияқты әсерде болдым. Әрі дәстүрлі әннен сабақ беретін мұғалімдеріміз эстрадалық ән айтуымызға қарсы. Сөйтіп, биыл ғана Қуандық екеуміз дуэт боп ән шырқауға келістік. Алғашқы әніміз жаман шықпаған секілді.

 

Гаухар
«Бүгін жексенбі» бағдарламасында

«Болайық бірге» әні шыққалы бері көбі «Қуандықтың сүйген қызысыз ба?» деп жиі сұрайды (күлді). Шынымды айтсам, мүлде олай емес. Біз ағалы-қарындас болып қана араласамыз. Сосын тек шығармашылық байланыстамыз.

Гаухар
«Бос уақытымда домбырамен ән айтамын»

Осыдан 2 жыл бұрын парақшама алғаш рет ән айтып отырған видеомды салдым. Жасұлан (Базарбаев-авт) ағамызға ұнаған болуы керек. Ол өз парақшасына бөлісіп, маған көп оқырман жинап берді. Әрі қарай оқырмандарымның өзі түрлі өтініш айта бастады. Мәселен, «дәстүрлі әндерді салшы немесе Қайраттың мына әнін домбырамен айтсаңыз» деген сияқты ұсыныс айта бастады. Тіпті, үлкен кісілерге ұнай бастадым. Әлі күнге солай (жымиды). Шынын айту керек, бұлай адамдарға ұнаймын әрі танымал боламын деп ойламадым.

Гаухар Сардарбек

Алдағы уақытта Қуандықпен тағы да ән жаздыру ойымызда бар. Бірақ, дәстүрлі әнге қосымша ғана алып жүремін. Өйткені, мен дәстүрлі әншімін! Болашақта колледжді бітірген соң Құрманғазы атындағы консерваторияға түскім келеді. Дәстүрлі ән бөліміне оқуға тапсырамын. Осы салада өзімді танытқым келеді. Егер продюсермен жұмыс істеу ұсынысы түссе, ойланбастан келісер едім. Бірақ, әзірге ешкімнен мұндай өтініш түспеді.

Сұхбаттасқан Айзада Жайыққызы

2 пікір

  1. Тамаша,өте тамаша сөз жоқ мен тəнтімің даусынызға. Шындарда ғана жүріңіз!!! Серігінізбен бірге болыңыз!!!

  2. Гауһарға ақ жол тілей отыра, даусы мен орындағаны қатты сүйсіндіргенін айтқым келеді, тұп-тұнық, таза дауыс, талантын жоғалтпай, əрі қарай дамуына Алла жар болсын, тек тазалығыңды, əдемі даусыңды қазіргі заманның сыртқы сұлулығына қызығып, жоғалтпа дегім келеді, халқыңның жүрегінен шығатын орындаушы болуына тілектеспін

Пікір қосу