Олимпиада чемпионы Данияр Елеусінов әйелінің тұмшаланып жүретінін сынайтындарға жауап берді. Бұл туралы ikerim.kz порталына сілтеме жасай отырып juldyz.kz хабарлайды.

— Жарыңыз жабық киім киініп, оранып жүреді. Сөздің шыны керек, қазір бұл өте жиі талқылауға түсіп жүрген мәселе. Жарыңыз сіздің қалауыңызбен осындай шешімге келді ме?

— Иә, менің әйелім орамал тартады, оранады. Былайша айтқанда, ислам жолы және ата-бабамыздың дәстүрі бойынша жабық жүреді. Себебі, ол Құранда бар нәрсе. Дініміз ислам, өзіміз мұсылман болғандықтан, біз оған қарама-қайшы келе алмаймыз. Арабтың киімін киіп жүр дейтіндей қап-қара киініп жүрген жоқ.

Ешқашан біздің қыздарымыз ашық-шашық жүрмеген. Қазақ қызын ерте 14-15 жастарында күйеуге берген, ал тұрмыс құрған әйел орамал тартқан. Ол жайдан-жай емес, некедегі әйел дегенді білдірген. Біз Құранды қабылдағаннан кейін, оның шарттарын да қабылдап, орындауымыз керек қой. Осы «Оранады, өйтеді, бүйтеді, сөйтеді…» деген адамдардың арасынан өзінің ата-дәстүрін ұстанып жүргендердің біреуін көрген жоқпын. Сөздің шыны керек, сол сынға алатындардың өздері ата-дәстүрді ұстамайды. Дәстүрді ұстап, қазақи киініп жүрсе мен де келісер ме едім..? Сондықтан мені олар сынауға тиісті емес деп есептеймін. Менің әйелім ашуға болмайтын жерлерін жауып жүр. Әрине әркімнің өз пікірі бар. Бірақ қазақ қыздарының ашық-шашық жүрмегенін нақты білемін.

Пікір қосу