– Концерттеріңде тек тірі дауыста ән айтып жүр екенсің. Қиын емес пе?
– Мақтанғаным емес, репертуарымдағы туындылардың басым бөлігі күрделі әндер. «Дайдидау», «Опять метель» т.б. – барлығы зор дауысты талап ететін шығармалар. Халықтың қошеметі, ықыласы күш-жігер беретін болуы керек, шаршағанымды еш байқамаймын. Жалпы, вокалдық тұрғыда дұрыс сабақ алған әнші үш-төрт сағат тірі дауыста ән салғанға қиналмайды. Керісінше ләззат алады. Достарым: «Сен сахнаға шыққанда мүлде басқа адам болып кетесің», – деп айтады. Өмірде мен көп адамдарға ашыла бермеуім мүмкін. Бірақ сахнаға шыққанда мүлде басқа адамға айналып кететінімді өзім де аңғарамын.
– «Болашақта шетелде концерт бергім келеді» деп айтып қалдың. Бұған қаншалықты дайынсың?
– Биыл Ұлттық өнер академиясының ректоры Айман Қожабекқызы бастаған ұжыммен бірге Сербия, Словения, Австрия, Вена қалаларында концерт қойып қайттық. Мен «Дайдидауды» және әлемдік «хит» – Sos dun terrien әнін айттым. Сербияда өткен концертте көрермендер жаныма келіп: «Сіз «Славян базарының» жеңімпазы емессіз бе?» – деп сұрағанда, шынымды айтсам, таңданыстан құлап қала жаздадым. Өйткені, мұндайды күтпеген едім. Сербияда билік басшылары да: «Біздің елде жеке концерт беруге қалай қарайсыз? Егер ойымызды құптасаңыз, өзіміз көмектесеміз?» – деп ұсыныс жасады. Болашақта бұл жайында да Айман Қожабекқызымен ақылдасатын боламын. Егер ол кісі: «Балам, концертіңді осы жерден баста», – десе, мен дайынмын.

– Сені де жұрт «Славян базарындағы» жеңісіңнен кейін ғана танып, мойындай бастады емес пе?
– «Славян базарына» дейін мен халықаралық «Жас қанат» байқауына қатыстым. Өзге де бірнеше халықаралық байқауларда жеңімпаз атандым. Бірақ ол байқаулар ТМД-ның көлемінде ғана өткен еді. Одан кейін телеарналар ұйымдастырған «Жеті ән», «Саз әлемі» жобаларында өнер көрсеттім. Ол кезде ата-анамнан ақыл-кеңес сұрап, білікті ұстаздармен жұмыс істедім. Бірақ ешқайсысында жеңіске жеткен жоқпын. Керісінше, әділқазылардан «Әнді шыңғырып айтуға болмайды» дегендей сын естідім. Бірақ ол кісілердің айтқан сындарына аса мән берген жоқпын. Өйткені кез келген адамның ой-пікіріне, сынына құлақ түретін болсаң, өз бағытыңнан жаңылуың мүмкін. Егер сол кісілердің пікірін тыңдап, «Славян базарында» қоңыр дауысты ән айтқанымда, жеңіске жетпес едім.
«Жеті ән» байқауында да әнімді ойдағыдай орындап шықтым. Онда Мейрамбек Беспаевтың орындауындағы «Кінәлама» әнін рок стиліне ауыстырып, дауыстың диапазонын толықтай көрсеттім. Бірақ жолым болмады. Есесіне сол додада Майра Мұхаммедқызымен жақын танысып, тіпті бірге дуэт айтатын болып келістік. Сонда ол кісі маған: «Кезінде мені де Қытайдан Қазақстанға келгенімде ешкім мойындамады. Бірақ өзімді дәлелдеп, халықаралық П.И.Чайковский байқауында лауреат атандым. Сен де өзіңді алдымен халықаралық байқауларда дәлелде», – деді. Ол кезде мен «Славян базарына» қатысуға ұсыныс жасап қойған болатынмын. Сөйтіп, мен 25 жылда қазақ әншісі бас жүлде алмаған үлкен байқауда жеңіске жеттім.

БІЗДІҢ АНЫҚТАМА Жылы: Ит (1994 жыл)
Жұлдызы: Торпақ
(17 мамыр)
Сүйікті ісі: футбол ойнау
Ақыны: Абай, М.Мақатаев
Жазушысы: М.Әуезов, І.Есенберлин
Әншісі: Б.Төлегенова, М.Дәулетбек, Ә.Кәрімов
Тағамы: ет
Сусыны: қымыз, шұбат

– Осындай әлемдік жүлделерден кейін спортшыларға әкімдер баспана беріп, көлік мінгізіп жатады. Саған қандай сый-сияпаттар жасалды?
– Мен байқаудан келгеннен кейін Тәуелсіздік күніне арналған елбасымыздың қатысуымен мемлекеттік концерт өтті. Онда мен оркестрдің сүйемелдеуімен француз тіліндегі Sos dun terrien әнін орындадым. Фуршет кезінде Айман Қожабекқызымен сөйлесіп тұрған едім, біреу ақырын арқамнан қақты. Бұрылып қарасам, елбасы екен. Мұндайды күтпеген мен қобалжып қалдым. Сол кезде қолымды алып: «Жарайсың, сен нағыз әншісің. Саған сәттілік тілеймін! Келер жылы «Евровидениеге» қатыс» деп жылы лебізін айтып, батасын берді. Бірақ маған ешкім олимпиада чемпиондары сияқты үй беріп, көлік мінгізген жоқ. Әрине, ондай жағдай жасап жатса, кез келген адам қуанады ғой. Десе де, мен оған еш ренжімеймін. Себебі, мен үшін маңызды нәрсе – қазақ өнерінің әлемдегі орны, халықтың ыстық ықыласы.
– Осы жеңісіңнен кейін сені тойға шақырушылар да көбейген шығар?
– Әрине, көбейді. Тойда өнер көрсететінімді жасырмаймын.


– Гонорары жоғары әншілердің қатарынан шығарсың?
– Ол жағын құпия ұстағанды жөн көремін. Өйткені менің алатын гонорарым біреу үшін аз, біреу үшін көп болып көрінуі мүмкін. Сондықтан мұндай нәрсені айтқым келмейді.
– Продюсерсіз жұмыс істеу қиын емес пе?
– Қиын емес. Жалпы, мен өз қалауыммен, өз айтқаныммен жүргенді жақсы көретін адаммын. Сондықтан, продюсердің менімен жұмыс істеуі қиындау болады ма деп ойлаймын (жымиды).
– Сені қазақтың «Витасы» деп айтады. Бірақ бұл теңеу өзіңе ұнамайтын сияқты. Неге?
– Негізі, бұл теңеуді шығарған орыстың журналистері. «Славян базарында» бір Ресей телеарнасының журналисі мені «қазақтың Витасы» деп айтқан еді. Сол-ақ екен, бүкіл орыс басылымдары сондай тақырыппен мақала жариялап жатты. Бірақ мұндай теңеулер маған ұнамайды. Өйткені мен – Димашпын, ал ол – Витас. Мені Витаспен салыстырғаннан гөрі «қазақ опера өнерінің шоқ жұлдызы Ермек Серкебаев ағамыздың ізін қуып келе жатқан жас әнші» деп айтса, қуанар едім. Біз Ресей әншілерін сыйлауымыз керек, бірақ олар бізге «авторитет» емес.
– Ән жазатын өнерің де бар. Ал әнші ретінде қазіргі әндердің сапасы туралы не айтасың?
– Қазір ән жазатын әншілер көп. Бірақ олардың барлығын композитор деп айтуға қарсымын. Солардың қатарына өзімді де жатқызамын. Өйткені менің композиторлық білімім жоқ. Алла қаласа, болашақта осы салада білім алғым келеді. Менің «Ұмытылмас күн», «Көркемім» т.б сияқты 30-ға жуық әндерім бар. Қазір елімізде жан түршігерлік әртүрлі жағдайлар болып жатыр. Кешегі Ақтөбеде болған терракт, Ұзынағаштағы үш адамның қасақана өлтірілуі, адамдардың із-түзсіз жоғалып кетуі… Қоғамдағы осындай мәселелер мені де алаңдатады, жүрегімді ауыртады. Қазір осындай жағдайларға байланысты тағы да ән жазып жатырмын.
Ал сұрағыңызға келетін болсам, мен елге сын айтатындай жасқа жеткен жоқпын. Дегенмен, кейбір әндерді тыңдап, «қарным ашады». Өйткені кейбір әншілердің не айтып тұрғанын түсінбеймін. Сөзін ақын емес, көшеде кетіп бара жатқан біреу жазған сияқты әсер қалдырады.
Мен тіліміз жоғалмаса екен, дініміз дұрыс болса екен, жастар өз құндылықтарымызды қадірлесе екен деп тілеймін. Бәріміз тамақ ішуді, су ішуді білеміз, «Мы казахи!» деп мақтанғанды білеміз. Бірақ неге қазақтың салт-дәстүрін білмейміз?! Ең болмағанда шетелге барғанда жастар қазақтың киелі қара домбырасын ойнай алуы керек қой. Кезінде гитара да, пианино да осындай насихаттың арқасында әлемге танылған. Домбыраның да тағдыры сондай болса екен деймін.
Ел ішінде жүргеннен кейін әртүрлі жағдайларға тап боламыз. Кейде бір келеңсіз істерді көріп іштей қынжыласың. Бірде орта жастағы бір кісі: «Димаш, «Дайдидау» әнін өзің жаздың ба?» – деп сұрағанда, шалқамнан түсе жаздадым. «Біз халық әндерін шетелге танытамыз» деп жанталасып, еңбек етіп жүрміз, сөйтсек, қазақтардың өзі халық әндерін білмейді екен.
– Хит ән іздеп жүрген жоқсың ба?
– Әнімнің хит болуы маған маңызды емес.
– Үйлену ойыңда бар ма?
– Үйленуге әлі ерте сияқты. Ерте үйленіп алып, біреудің обалына қалудан қорқамын. Жас болғаннан кейін, оның үстіне өнер адамы болғаннан кейін үйде көп бола бермейсің. Сондайда жарымның жаныма жалау болып, түсіністікпен қарағанын қалаймын. Жалпы, отбасын құруға да үлкен дайындық керек.
Жарыңның өнер адамы болғанын қалайсың ба?
– Жоқ. Себебі ата-анам да әнші. Төртеуміз бірдей сахнада жүрсек, балаларды кім қарайды (жымиды)?

(…толық нұсқасы
«Жұлдыздар отбасы» журналының 

№23  желтоқсан 2016 жылғы санында)

Көшіріп басуға, тақырыпты бұрмалап салуға, материалды қысқартып өзгертуге, арасынан сөз немесе сөйлемдерді алуға қатаң тыйым салынады!

Пікір қосу