Туған жылы, жері

Мұстафа Шоқай – Түркістан халықтарының бірлігі мен тәуелсіздігі идеясын ту етіп ұстанған аса көрнекті саяси қайраткер, жалынды публицист, аудармашы, жазушы, XX ғасырдың басындағы қазақ интеллигенциясының ең жарқын өкілдерінің бірі. Мұстафа бұрынғы күнтізбе бойынша 1890 жылдың 25 желтоқсанында, ал жаңаша есеппен 1891 жылдың 7 қаңтарында қазіргі Қызылорда облысы, Шиелі ауданы, Сұлутөбе маңындағы Наршоқы қыстауында дүниеге келді. Мұстафа – қазақтың қыпшақ руына жататын текті отбасының ұрпағы. 1941 жылы 27 желтоқсанда Берлинде жұмбақ жағдайда қайтыс болады.

Білімі

Мұстафа ауыл молдасынан хат танығаннан кейін 1902 жылы Ташкенттегі ерлер гимназиясына оқуға қабылданады. 1912 жылы Санкт-Петербург Императорлық университетінің заң факультетін бітірген. Ағылшын, француз, түрік, өзбек, орыс тілдерін білген. Студенттік жылдары империя астанасындағы демократиялық қозғалыстарға қатысады.

Отбасы 

Атасы Торғай датқа Қоқан хандығында жоғары шенді әскер болумен бірге, қыпшақтың шашты руының беделді биі болған. Нағашы атасы – Түркістанды жаулаушы патша әскеріне қарсы жорықтарға қатысып, жауынгерлігімен аты шыққан адам. Мұстафаның әкесі Шоқай отырықшы болған. Егіншілікпен айналысқан жұрт оны би деп атаған. Анасы жас кезінде орыстарға қарсы соғысқа қатысып, әкесіне жәрдем еткен. Өзінің есімі – Бақты. Өлең жазып, дастандар айтатын болған. Ана тілінде сауаты болуымен бірге, әкесі сияқты арабша да білген.
Мұстафаның әкесінің екі әйелі болған. Алғашқы әйелінен бала болмаған. Кейінгісінен бес баласы – екі қыз, үш ұлы болған. Мұстафа мен оның үлкен ағасы Сыздықтың арасы 15 жас екен. Інілерінің біреуінің аты Нұртаза еді. Мұстафаның апалары алыс тұрған жұртқа тұрмысқа шыққан екен. Жары Мәрия Шоқай.
Мұстафаның әкесі де, шешесі де келген кісіні қабақ шытпастан қарсы алып, шығарып салатын.

Бала Мұстафа

Мұстафа оқу-жазуды өз анасынан кішкентай кезінде, жасы беске толмай жатып-ақ үйренген. Бес жасында домбыра тартуды игерген. Мұстафаның есту қабілеті жоғары болған, музыканы өте жақсы көрген. Ерекше ұғымтал, дарынды перзентінің орысша білім алуын, саналы азамат болып, өз халқының жоғын жоқтауын, мұңын мұңдауын көздеген көреген әке өзге туыстарының қарсылығына құлақ түрместен, Мұстафаны ауылдан алысқа, Ақмешітке оқуға аттандырған. Қаладағы қайнаған тіршілікке әуелде тосырқай қарап, орысша сөйлегендерді көріп өзін ешқашан олай сөйлей алмайтындай сезінген және аздап жүрексінген Мұстафа азғантай уақыттың ішінде қалалық мәдениетті де, адамзаттық ілгері ілім-білімді де терең меңгеріп шықты. Петербург университетін үздік бітірген бозбаланың үлкен саясатқа араласуына ықпал еткен бірден бір адам – Алаш қайраткері Әлихан Бөкейханов екені анық. Себебі білімділігін, табандылығын ерте бастан аңғарып, Мұстафаны Ресей Мемлекеттік думасы Мұсылман фракциясының хатшылығына ұсынған да Әлихан болатын. Бұл ретте Әлиханның да, ұлының өз халқына адал қызмет ететін зиялы тұлға болып қалыптасуын арман еткен Шоқайдай абзал әкенің де үміті алдаған жоқ. Мұстафа өзінің бүкіл ғұмырын, күллі қажыр-қайраты мен ақыл-ойын туған халқының ғана емес, тұтас Түркістан аумағындағы түбі бір түркі жұртының бірлігі мен тәуелсіздігі, өз алдына дербес мемлекет болуы жолындағы күреске арнады, соңғы демі біткенше: «Түркістан үшін өлу, Түркістан үшін жан беру – бәрімізге бір мақсат, бір мухаббәт уәзифа болмақ. Мұны ұмытпау керек!..», – деп өтті.

Мұстафа Шоқай өмірінің тарихи тізбесі:
1902 – Ташкенттегі ерлер гимназиясына қабылданады.
1910 – гимназияны үздік бітіріп, Петербор университетінің заң факультетіне оқуға түседі.
1914 – Ә.Бөкейхановтың ұсынысымен ІV Мемлекеттік Думаның Мұсылман фракциясы хатшысы қызметіне тағайындалады.
1916 – Түркістандағы ұлт-азаттық қозғалысты патша үкіметінің аяусыз басып-жаншуына байланысты құрылған комиссия құрамына тілмаш болып кіреді.
1917 – Түркістан автономиясы құрылып, сыртқы істер министрі болып тағайындалады. Шілде айында бірінші жалпықазақ құрылтайына қатысып, «Алаш» партиясын құру туралы шешімге дауыс береді.
1917 – маусым айында Ташкент қаласында «Бірлік туы» газетін шығарады.
1918 – 2 қаңтарда М.Тынышпаев қызметінен кетіп, бас министр болып Мұстафа Шоқай тағайындалады. Ақпан айының басында большевиктер қару күшімен Түркістан автономиясын құлатады.
1918 – 18 сәуірде Мария Горинамен некелеседі. 1 мамыр күні жаралы жауынгер кейпінде Ташкенттен қазақ өлкесіне шығып кетеді. Қыркүйек айында Орынборға келеді. Онда Алашорда, Түркістан және Башқұрт өкіметтері басшыларының жиналысы өтеді.
1921 – ақпан айында Тбилисиге большевиктердің кіруіне байланысты қаланы тастап, Ыстамбұлға кетеді. Осы жылдың орта шенінде Францияға, Париж қаласына қоныс аударады.
1924 – Түркістан Ұлттық Одағы (ТҰО) ұйымына мүше болады.
1927 – Украина мен Кавказ халықтарының Еуропадағы өкілдері құрған Прометей одағына кіреді.
1927-1931 – «Йени Түркістан», «Прометей» журналдарына мақалалар жазады.
1929-1939 – «Яш Түркістан» журналын шығарып тұрады.
1934 – шілде айында Парижде «Кавказ, Түркістан және Украина халықтары Достық Комитеті» деген атпен ұйым құрылып, ұйым басшысының орынбасары болып Мұстафа Шоқай сайланады.
1934 – Лондонға барған сапарында ағылшын парламентінің депутаты У.Д.Алленмен жүздеседі, Халықаралық қатынастар жөніндегі король институтында, Азия қоғамында француз тілінде баяндама жасайды.
1935 – Парижде кеңес үкіметінің қылмысын әшкерелеген «Кеңестер билігіндегі Түркістан» еңбегі жарық көреді.
1941 – тамыз айында мұсылман және түркі тектес тұтқындармен айналысатын комиссия төрағасы болып тағайындалады.
1941- 27 желтоқсан күні Виктория ауруханасында жұмбақ жағдайда қайтыс болады.

Алғашқы саяси сабақтар

Ол студент бола жүріп, 1914 жылғы соғыс басталған соң Мемлекеттік Думаға хатшы болып кіреді. Мемлекеттік Думаның мұсылман фракциясы хатшылығына оны Бөкейханов орналастырады. Осы жерде Мұстафа тұңғыш рет түрік халықтарының саяси өміріне араласа бастайды. Еділ татарлары, Қырым татарлары, Кавказ халықтары, Орал башқұрттары оған түрлі саяси міндеттер жүктейтін, Мұстафа бұл міндеттерді өте жақсы орындап шығатын (1917 жылға дейін). Төңкеріс болмағанда Мұстафа Думаға мүшелікке қабылданушы еді.

1916 жылы тылдағы жұмысқа адам беруге қарсы жергілікті халықтың көтерілісі болды. Бұл көтеріліс күшпен басылды. Жизақ қаласы жер бетінен жойылып кетті. Қалада әйел, бала-шаға, кәрі және тағы басқаларын қосқанда, 10 мыңнан астам адам өлтірілді. Түркістанның жергілікті халқы әскери қызметті өтеуге тиісті емес болатын. Осы мәселеге байланысты Мемлекеттік Думаға өтініш жазылады. Дума тарапынан Сенат Тевкелев пен Дума мүшесі А.Ф.Керенскийдің жетекшіліктерімен тексеру комиссиясы жіберіледі. Мұсылман фракциясы жағынан тілмаш ретінде бұл комиссияның кұрамына Мұстафа Шоқайұлы да енеді. Мен де Мұстафа Шоқайұлымен сол тұста танысқанмын, бұл оқиға 1916 жылдың август айында Ташкентте болып еді. Менің бірінші күйеуім Ташкент өлкелік прокуратурасының мүшесі болатын. Бұл оқиғаға бүкіл прокуратура мүшелері қызу араласқан болатын. Петербургтен келгендер біздің үйде қонақта болған еді.
Мұстафа Шоқайдың саяси қызметі 1917 жылдың жазынан басталады. Ол Мәскеуге Құрылтай мәжілісіне Түркістаннан жіберілген болатын. 1917 жылы оның жетекшілігімен түркістандықтардың үлкен құрылтайы болып өтеді. Мұстафа Шоқай Уақытша үкіметтің Түркістан комитетінің мүшесі еді. Түркістан ұлттық комитетіне Мұстафа төраға болып сайланады. 1917 жылдың 17 желтоқсанында автономия құру жайлы жоспар жасалады. Мұстафа Шоқайдың жетекшілігімен Қоқанда болып өткен IV ұлттық құрылтайда Түркістан автономиясы жарияланады.
1918 жылы 11 ақпанда большевиктер Ташкенттен Қоқанға әскер жібереді, автономиялық үкімет құлайды. Қоқан қаласы қиратылады. Соғыста екі жақтың күші тең емес еді. Большевиктер зеңбіректермен және автоматтармен қаруланған болатын. Автономиялық үкіметтің әлі әскері жоқ еді. Құтылғандар Ферғана тауларына қашып кетіп, 1928 жылға дейін партизандық күрес жүргізген. Орыстар оларды «басмачылар» деп атаған.
Шоқайұлы болса, Ферғана таулары арқылы Ташкентке қашқан. Шоқайұлының басын әкеліп берген адамға большевиктер 1000 рубль беруге уәде етеді. Алайда оны достары тығып қойып, құтқарып қалған. Саясатта болсын, жеке өмірінде болсын, онымен араласқан әрбір адам Мұстафаны сыйлайтын, оған сүйсінетін.

Мемлекеттік Думада жұмыс істеуі

Ақпан төңкерісіне дейін Алаш көшбасшысы Ә.Бөкейханмен бірге Ресей Мемлекеттік Думасының мұсылман фракциясында хатшы қызметін атқарады. 1916 жылғы дүрбелең кезінде Түркістан және жалпы қазақ жеріндегі бассыздықтарды әшкерелеп, Мемлекеттік Думаға арнайы құжатты мәліметтер ұсынады. Сөйтіп, осыған байланысты комиссия құруға себепші болады. 1917 жылы төңкерістер тұсында мықты Түркістан мемлекетін құру идеясын ұстанады. Ташкентте «Бірлік туы» газетін ашады. Орынбордағы Алаш қайраткерлерімен тығыз байланыс ұстайды. Алаш партиясы құрылатын бірінші жалпықазақ сиезінің де, Алаш автономиясы жарияланатын екінші жалпықазақ сиезінің де ұйымдастыру және өткізу жұмысына белсене қатысады. Алғашқы сиезде «Шора-и-ислам» жұмысына қатысатын 8 қазақ өкілінің бірі болып сайланады. Екінші сиезде Алашорда үкіметі — Ұлт кеңесіне Сырдария атынан кіреді. 1917 жылы Жаңа Марғұланда өткен өлкелік мұсылмандар кеңесінде қайраткер Бүкілтүркістандық мұсылмандардың құрылтайын Қоқан қаласына шақыру туралы бастама көтереді. Қарашада Қоқанда Түркістан автономиясын жариялау шарасына бастан-аяқ қатысады.

Мұсылмандарының IV төтенше құрылтайына қатысуы

Түркістан аймағы үшін осы ерекше жиын — 1917 жылы 26 қараша күні Қоқанға шақырылған өлке мұсылмандарының IV төтенше құрылтайы еді. Аталған құрылтай 26-27 қараша аралығында өтті (жаңаша ресейлік жыл санау бойынша 9-10 желтоқсан). Бұған Сырдария, Закаспий, Самарқан, Ферғана, Жетісу облыстарынан 200-ден аса делегат қатысты. Олардың ұлттық құрамы да айрықша: қазақ, өзбек, түркімен, қырғыз, әзірбайжан, тәжік, орыс, украин, поляк, еврей т.б. Бұл оның халық деген ұғымды Түркістанның тарихи тағдырымен байланыста қарағанын көрсетеді. Осы жиын делегаттары 27 қараша күні «Түркістан территориялық автономиясын» жақтап, дауыс берді. Өз атымен айтсақ — Түркістан мұхтарияты. Аталған IV құрылтай Түркістанавтономиясының немесе Түркістан мұхтариятының «Халық кеңесін» (мұны бүгінгі парламентпен салыстыруға болады) сайлады. Оған 36 түркістандық (Түркістанның жергілікті халқынан шыққандар) және 18 өзге ұлт өкілдері енді. Халық кеңесінің төрағалығына — Серәлі Лапин, кеңес басшылығы құрамына — Мұстафа Шоқай, Убайдулла Хожаев, Махмұтқожа Бехбуди сайланады.

Түркістан үкіметінің мүшелері 

 Түркістан автономиясының Халық кеңесі үкімет жасақтауды қолға алды. Мұны олар «уақытша үкімет» деп белгіледі. Сонымен Түркістан үкіметінің мүшелері мына тұлғалар: Мұхаметжан Тынышбайұлы — Үкімет төрағасы және ішкі істер министрі; Мұстафа Шоқай — Ұлттық кеңес төрағасы және сыртқы істер министрі; Шахислам Шахиахметов Үкімет төрағасының орынбасары және қаржы министрі; Әбдірахман Оразайұлы — кейінгі ішкі істер министрі; Үбайдулла Хожаев — әскери істер министрі; Насырхан төре — халық ағарту министрі; Мірәділ Мырзахметов — әлеуметтік істер министрі; Хидаятбек Юрғули Ағаев — ауылшаруашылығы министрі; Әбитжан Махмұт — азық-түлік министрі; Саломон Гердфельд — азшылық ұлт өкілдерінің министрі. Осы кезде М.Шоқай бастаған зиялылар азшылық ұлт өкілдері көшбасшыларына ғасырлар бойы азаптанған Түркістан тағдырына және шөре-шөре болып қалған өз тағдырына ақыл көзімен қарауды сұрады. Осыған байланысты кейін бір еңбегінде Мұстафа 1917 жылы Петерборда болған бір пікірталасты есіне алыпты. Мәселе мынада екен, Уақытша үкімет Түркістанға жұмыс күшін апару жайын қарайды. Сонда түркістандықтар жағдайды ушықтырмау үшін алдағы 25 жылда өлкеге жұмысшыларды әкелуді сұраған. М.Шоқай ондай күш қажет болса, «орыстардың орнына татар мен башқұртты жіберу» мәселесін күн тәртібіне қояды… Ал енді М.Шоқай түркістандықтардан тек жақсылық көрді деу де ақылға сыйымсыз. «Бірлік туы» газетіне 1918 жылы 18 наурызда жарияланған «тау арасынан» жасырын жолданған әйгілі хатында оны Гаухана, Маймүбәрак, Құмбаста сарттары қалай өлтіре жаздағаны жазылған. Түркістан автономиясын қырған большевиктік қара күш пен жергілікті бағдарсыз оспадар күштің айырмасы шамалы еді.

Түркістан автономиясының үкімет басшысына сайлануы

1918 жылы қаңтарда Түркістан автономиясының алғашқы үкімет басшысы М.Тынышбаев өз еркімен жұмыстан босағанда, М.Шоқай осы қызметке сайланады. Большевиктер бұл автономияны ақпанда қанды қырғынмен таратты. 1918 жылы қыркүйекте қайраткер Самарада бас қосқан Ресейдің азаттық жолындағы күрескерлерінің Құрушы мәжілісіне (Комуч) қатысады. 1919 жылы ақпанда Түркістан мемлекеті бағдарын одан әрі қозғау үшін Бұхар әмірлігі мен Закаспийдегі ағылшын корпусы басшылығымен келіссөзге Ашхабатқа келеді. Сол жылы Баку мен Тифлисте сәл аялдап, (гүржі жерінде «Яни дүния», «Шафак» атты газеттер шығарысып, «Вольный горец» басылымына атсалысады) Ыстамбұлга аттанады.

Мұстафа мақала жазу әдетін II дүниежүзілік соғыстың ең қызып тұрған сәттерінде де тастаған жоқ. Тұтқындар лагерьлеріндегі жұмыстары кезінде де естеліктері мен алған әсерлерін қағазға түсіре жүрді. Концлагерьлердегі тұтқындардың адам төзгісіз ауыр халін көріп келгеннен кейін: «Гитлермен Сталиннің кемшілігі көп, олар – шын мәнінде залымдар. Мен бұлардың қайсысы күштірек екен деп ойламаймын. Шындығында, олардың саясат пен зұлымдықта дәрежелері бірдей», – деп жазды. Кейінірек неміс армиясының группенфюрері С.С.Иоахимге жазған хатында: «Гете, Фейербах, Бах, Бетховен, Шопенгауэр сияқты ұлыларды тәрбиелеген ұлттың тұтқындарға жасап отырған зұлымдығын көре отырып, мен Түркістан легионын басқару туралы ұсыныстан және сіздермен әрі қарай жұмыс істеуден бас тартамын», – деген мазмұнда хат жазды. Соның артынша, яғни 1941 жылдың 27 желтоқсанында Мұстафа Шоқайдың жүрегі соғуын тоқтатты. Бұл жөніндегі ресми анықтамада «сүзектен қайтыс болды» деп көрсетілді. Бірақ жары Мария Шоқай Мұстафаның сүзекпен Түркістанда жүргенде ауырғандығын және оған қарсы иммунитеті болуы тиістігін өз естеліктерінде жазды. Сөйтіп, Алаштың аяулы азаматының қандай жағдайда, не себепті дүниеден өткендігі күні бүгінге дейін жұмбақ күйінде қалып отыр. Мұстафа Шоқай денесі Берлиндегі мұсылман бейітінен мәңгілік орын тапты. Ал Түркістан көсемінің 20 жылға жуық өмірі өткен Францияның Ножан-Сюр-Марн қаласында тұрған үйінің жанына мемориалдық тақта орнатылды.

 

 

 

2 пікір

Пікір қосу