Әбіш Кекілбаев 1939 жылы 6 желтоқсанда Маңғыстау облысы, Оңды ауылында дүниеге келді. Ол Қазақстанның халық жазушысы, мемлекет және қоғам қайраткері.

Балалық шағы

Әкесі Кекілбай соғыстан оралмаған. Әбіш анасы Айсәуленің қолында өседі. Ол соғыс залалын көріп ержетеді. Бала күнінде көргенінің бәрі оның жазушы болуына әсер етеді. Қиялшыл бала мектепке бармай тұрып сауат ашады. Атақты қаламгердің әдебиетке құмарлығы мектеп қабырғасында жалғасады. 1957 жылы 5 мамыр «Лениншіл Жастың» белсенді ауылдық тілшісі ретінде Қазақстан Комсомолы Орталық Комитетінің мақтау қағазымен марапатталады. Кейін мектепті тәмамдаған соң 1957 жылы Қазақ Мемлекеттік Университетінің филология факультетіне түседі.

Еңбек жолы

Университетте әдебиет бірлестігін басқарып, жас талаптар шоғырын жарыққа шығарады. Соңғы курста оқып жүріп, «Қазақ әдебиеті» газетінде қызмет атқарады. Мұнда ол сыншылық қабілетімен көзге түседі. «Қазақ әдебиетінен» кейін 1962-65 жылдар аралығында «Лениншіл Жас» газетінде бөлім меңгерушісі болып істеді. Кейін 1965-1968 жылдары ҚазКСР Мәдениет министрлігінде қызмет атқарады. 1968-1970 жылдары Кеңес армиясының қатарында өз әскери борышын өтеген соң, 1970-1975 жылдары «Қазақфильм» студиясында бас редакторлыққа тағайындалады. 1975-1984 жылдары Қазақстан КП ОК мәдениет бөлімінде нұсқаушы, сектор меңгерушісі болса, 1984-1986 жылдары ҚазКСР Мәдениет министрінің орынбасары болып жұмыс жасайды. Кейін 1986-1988 жылдары Қазақстан жазушылар одағы басқармасының 2-ші хатшысы, 1989-1990 жылдары ҚазКСР тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау қоғамы Орталық кеңесінің төралқа төрағасы болып қызмет атқарады. 1990 жылы Қазақстан КП ОК бөлім меңгерушілігіне тағайындалады. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі 1991 жылы Қазақстан Республикасы Жоғары Кеңесінің Мәдениет, тіл және ұлтаралық қатынастарды дамыту жөніндегі комитеттің төрағасы, 1992-1993 жылдары «Егемен Қазақстан» газетінің бас редакторы болады. 1993-1995 жылдары Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшілігіне тағайындалса, 1994-1995 жылдары Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің төрағасы боп еңбек етеді. 1996-2002 жылдары Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы болып істеген ол 2002 жылдан бастап Қазақстан Республикасының Парламенті Сенатының депутаты болады. Әбіш Кекілбайұлы Қазақстан Жоғарғы Кеңесіне екі рет, Мәжілісіне бір рет баламалы негізде депутат болып сайланады.

Жұбайы Кларамен қалай танысты?

8-сыныпта аудан орта мектебінде Әбіш Кларамен бірге оқиды. Жыл сайын жазда мектеп оқушыларының аудандық байқауы өтетін болған. Бір күні соны қызықтау үшін Әбіш концертке барады. Сахнада ақ көйлек киген үлпілдеген бір қыз ән айтып тұрады. Назары түскен бозбаланың есінде сол қыз жатталып қалажы. Сол жылы күзде кітап алуға дүкенге кірген сәтінде сол қызды қайта көреді. Бұрымы ұзын, тобығына дейін жеткен бойжеткенмен танысудың сәті түседі. Сөйтіп, оқу орнын бітірген соң екеуі үйленеді. Жұбайының есімі — Клара. Мамандығы — дәрігер. Бүгінде 4 баласы, 2 ұл мен 2 қыз тәрбиелеп отырған ана.

Марапаттары

Ол Қазақстанның халық жазушысы, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның Еңбек Ері (2009) көрнекті мемлекеттік, қоғам қайраткері, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым Академиясының академигі (2009), Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің, Л. Гумилев атындағы Ұлттық Университетінің, Ақтау Атырау, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Жезқазған Университетінің және ҚР Әлеуметтік ғылымдар академиясының құрметті профессоры, АҚШ-тың Кентуки штатының құрметті полковнигі, Маңғыстау, Атырау обылысындарының, сондай-ақ республикамыздың бірқатар аудандырының құрметті азаматы. 2015 жылдың 11 желтоқсанында дүниеден өтті. Мүрдесі ұлттық пантеонға жерленді.

Пікір қосу