Меруерт Өтекешова: Тағдырымыз түсіру алаңында тоғысты 

– «Қыз Жібек» – шын сүюдің символындай дүние ғой. Бірнеше буынды махаббатқа адал болуға тәрбиеледі десек, артық болмас. Қазіргі жастардың бойынан Қыз Жібек пен Төлегеннің бойындағы жақсы қасиеттерді көре аласыз ба?
– Махаббатқа адал жастар жеткілікті. Отбасындағы тәрбиеге байланысты олардың көзқарасы да әртүрлі қалыптасады ғой. Тек қазіргі жастардың өмірі біздің кезімізге қарағанда сәл басқашалау. Көп адамдар соны түсінбей, баяғы ұғыммен бағалап жатады. Заманы бөлек болғандықтан, жастардың ой-пікір, талғам-талабына түсіністікпен қарауымыз керек. Қажет болса, көмек қолын созғанымыз жөн.

Сіздің кино әлеміне тап болуыңыздың өзі бір қызық хикая ғой. Тағы бір еске түсіріңізші.
– Мен оныншы сыныпты бітірген жылы «Қыз Жібек» фильміне басты рөлде ойнаудан үміткер қыздарға байқау жарияланды. Бағымды сынап көргім келіп, киностудияға бардым. Галина Күзембаева апай қарсы алып, фотосынаққа түсуге жіберді. Кімнің сәйкес келетінін сол суреттерге қарап таңдайды екен. Конкурсқа 400-дей қыз қатысыпты. Киностудия алдынан бірінен бірі өткен керемет сұлу қыздарды көргенде, «мынадай нағыз арулар тұрғанда, мен неменеге келдім?» деп ойланып қалдым. Егер «қойшы, бұлар емес, бәрібір мен өтемін!» деп мұрнымды шүйіргенде, іріктеуден өтер ме едім, өтпес пе едім, кім біледі… Өнер деген өте нәзік әлем ғой, ешқандай астамшылықты көтермейді. Жібектің бейнесін сомдау үшін тек әдемілік қана емес, талант та керек қой. Сол жағынан әлгі қыздардан басымдау түскен болуым керек, ақыры режиссер Сұлтан Қожықов, суретші Гүлфайрус Исмаилова, композитор Нұрғиса Тілендиев, оператор Асхат Ашрапов бастаған комиссия мені ақтық сынға қатысатын 10 қыздың қатарына енгізді. Сосын бәрімізді Төлеген рөлінен үміткер актерлермен жұптастырып, сценарийдегі оқиғалардан үзінділер ойнатты. Мені бірден Құманмен жұптастырды. Бір жылдай дайындық жұмыстары жүргізілді. Атқа оты­руды, басқа да машықтарды үйренуіме тура келді. Ақыры барлығымыздың өнерімізді сараптап шыққан көркемдік кеңес мүшелері бізді – Құман екеумізді таңдады. Бірақ олар: «Түсірілім басталғанда тағы байқап көреміз, бәрі ойдағыдай болса, сендер ойнайсыңдар», – деді. Сөйтіп, бала күнгі арманым орындалды. Көркемдік кеңес құрамында Ғабит Мүсірепов, Шәкен Айманов, Мәжит Бегалин, Сапарғали Бегалин, Камал Смайылов, Абдолла Қарсақбаев секілді халқымыздың мақтаныштары отырды.


Айтары жоқ, «Қыз Жібек» өте сәтті шыққан кино болды. Қараңызшы, арада қырық жыл өте шығыпты, бірақ ел әлі күнге сүйіп тамашалайды! Демек, бұл – ешқашан өлмейтін фильм деген сөз! Мәңгілік өнер туындысы! Қара ормандай қалың қауымның да, өнердің жілігін шағып, майын ішкен майталман мамандардың да жоғары бағасын алып, көңілінен шыға білген көркем дүние. Жастың да, жасамыстың да жүрегінен ойып тұрып орын алғанына қарап, осы ойға беки түсемін.

– Кино жарыққа шыққан соң, өміріңіз күрт өзгеріп сала берген болар?
– «Қыз Жібектен» кейін өнер институтына оқуға түстім. Ұстазым КСРО халық әртісі Хадиша Бөкеева болды. Оқуды бітіре салысымен қасиетті қарашаңырақ – Қазақтың Мұхтар Әуезов атындағы мемлекеттік академиялық драма театрына қызметке келдім. Сол 1973 жылдан бері сонда жұмыс істеп келе жатырмын. «Қазақфильмнен» бастап, «Қырғызфильмнің», «Мосфильмнің» көптеген кинофильмдеріне түстім. Бірақ, көпшілік мені негізінен «Қыз Жібек» арқылы таныды ғой.

– Құман аға екеуіңіздің махаббаттарыңыз «Қыз Жібекке» түсіп жүріп оянды ма?
– Иә. Киносынақ кезінде таныстық. Алғашында түк сөйлескен де жоқпыз. Бірақ күнде түсіру алаңында кездесіп қалатындықтан, бірте-бірте бір-бірімізге бауыр басып, жақындасып кеттік. Екеуміз де жаспыз, екеуміз де әдеміміз дегендей… Сөйтіп жүріп, бір-бірімізге ғашық боп қалдық қой (күлді).
Екінші курста оқып жүргенде Құман екеуміз Ғани Мұратбаев туралы «Біздің Ғани» деген киноға түстік. Құман Ғани рөлін сомдаса, мен оның зайыбы Раушанды ойнадым. Содан кейін екеуміз үйлендік. Театрда да бірге жұмыс істедік. Осы уақытқа дейін өнерде де, өмірде де қанаттасып келеміз.

– Үйлену тойларыңыз қалай өтті?
– Толқып жүріп соның қалай өткенін білмей де қалдым ғой. Ресми некеге тіркеу сол киностудияда өтті. Бәрін бейнетаспаға түсіріп жатты. Түс қайта үлкен залда беташар болды. Бетімді «Шеге» (Әнуар Молдабеков) домбырамен ашты.

– Өнердегі Құман Тастанбеков бізге жақсы таныс. Ал ол кісі өмірде қандай отағасы?
– Кинодағы Төлегеннің адамгершілігі қандай болса, өмірдегі Құман да – дәл сондай адам. Қолынан келсе ешкімнен көмегін аямайтын мейірбан. Тіпті кейде бала сияқты аңқылдақ боп кетеді. Екеуміздің анда-санда оны-мұны керек заттар алуға базарға баратынымыз бар. Сонда қарапайым жұртшылық: «Сіздей адамдар базарда неғып жүреді?» – деп таң-тамаша болады. Неғып жүргені қалай? Біз де адамбыз. Құман екеуміз үйге қажетті дүниені өзіміз барып таңдап аламыз. Жұрт ойлайтын шығар: «Өнер адамдары шетінен бай, қызметшіні жұмсап қойып, өздері қыдырып жүреді», – деп. Біз өте қарапайым жандармыз.
Құман – өте жақсы отағасы. Әйелін күтіп, ас ішпей отыратындардың қатарынан емес. Қолынан бәрі келеді. Кейде менің уақытым болмай қалса немесе бір жаққа кетіп, кешігіп жатсам, тамақты өзі істей алады. Әсіресе, қуырдақты дәмді жасайды, сосын, әрине, жалпы ер адамдар сияқты ет асқанды жақсы көреді. Достарына сыйлы, отбасына, балаларына ықыласы ерекше.

Хи-хи-хикая
«Қыз Жібектің» түсіріліп жатқан кезі. Меруерт павильонда сөзін жаттап, ойланып отыратын. Мен де мәтін жаттап жүрмін. Бір-бірімізге қарап-қарап қоямыз. Содан осы қызды бір шығарып салайыншы деген ой келді. Түсірілімнен шықтық. Меруерттің үстінде ақ плащы бар. Алдыма түсіп алған. Артына еш қарамайды. «Ойпырмай, неге қарамайды екен?» деп қоямын ішімнен. Сөйлесе алмай еріп келемін. Мінезі қатал, ешкімді жолатпайды. Көктем мезгілі болатын. Жаңбыр құйып тұрған. «Әй, бір құласа екен» деп ойладым іштей. Құласа, қолтығынан демеп тұрғызып, үйіне дейін жеткізіп салуға мүмкіндік болады ғой. Сөйткенімше болған жоқ, расында да, батпаққа былш ете қалды (күлді). Жүгіріп барып орнынан тұрғызып, әңгімеге тартып, ақыры шығарып салдым.

Құман Тастанбеков: Тойымызда «Бекежан» асаба болған…

– Естуімізше, тойларыңыз қазақы дәстүр бойынша өтіпті…
– Иә. Бізге неке куәлігін тапсырудың өзі кішігірім кино сияқты болды. Мен Төлегеннің, Меруерт Жібектің, Асанәлі Бекежанның, Әнуар Шегенің киімдерін киіп шықтық. Некелескен сәтіміз теледидардан көрсетілді. Тойымызға бүкіл әртістер келді, тіпті Мәскеуден келген меймандар да болды. Асаба Асанәлі аға болды.

– Меруерт апай үлкен өнерге «Қыз Жібек» арқылы келіпті. Өзіңіз ше?
– Әкем ағаштан домбыра жасаушы еді. Үйде өзінің қолымен жасаған домбырасы бар-тын. Балбала деген атамның аса дарынды, өнерлі кісі болғанын айтып отыратын. Семей өңіріндегі Шұбартау маңын қоныс еткен. Бір күні Құнанбайдың барымташылары Балбаланың малын айдап кетеді. Сонда Балбала атам барып, Құнанбаймен айтысып, оны сөзден жеңіп, бүкіл малын қайтарып, еліне айдап қайтады. Тіпті сөзден жеңілген Құнанбай оның малына мал қосып берген екен деген де аңыз бар. Кезінде Балбала десе, бүкіл Шұбартау тік тұратын болған. Мен солардың ұрпағымын. Қазіргі Алматы облысы, Сарқанд ауданы, Екіаша деген ауылда дүниеге келгенмін. Алтынай атты қарындасым қазір Павлодар облысында тұрады, ал ата-анам қайтыс боп кетті… Жақсы жұмыс істегені үшін колхоз басшысы әкеме баян тарту еткен екен. Сол баянды тартып жүріп, әнге құмар болдым. Онжылдықты аяқтаған соң бір жыл мектепте ән сабағын үйреттім. Сосын 20 жасымда Алматыға келіп, консерваторияға оқуға түстім. Қазақстанның халық әртісі Хадиша Бөкееваның шәкіртімін.

Бүгінгі жастардың ішінде қыз Жібектің рөлін сомдауға лайық бойжеткендер бар ма, қалай ойлайсыз?
– Жоқ. Ойнай алмайды (күлді). Меруерт әрқашан жүрекпен ойнайды. Оны табиғаттың берген сыйы деп түсіну керек.

– Өнердегі ең жақсы досыңыз кім?
– Қазір өнерде де, өмірде де нағыз досым біреу-ақ, ол – Меруерт (күлді). Дүниеде жарыңнан артық жолдас таппайсың. Достар болды. Өкініштісі, көпшілігі бүгінде арамызда жоқ. Әнуар Боранбаев, Мейірман Нұрекеев, Уайс Сұлтанғазин, Әшірәлі Кенжеев секілді нағыз дос­тарым дүниеден өтіп кетті. Әрі ағам, әрі досым бола білген Әнуар Молдабеков екеуміздің тіпті жұбымыз жазылмаушы еді.

– Қазір нені армандайсыз?
– Қыздарым мен немерелерімді жеткізіп, солардың қызығын көру – үлкен арман. Өнер жолында Шоқан Уәлихановты, Ақан серіні, Кебекті, Сауранды, Оралхан Бөкейдің «Құлыным менің» спектакліндегі басты кейіпкер Иманжан рөлін сомдадым. Бұл жағынан мен бақыттымын, арманым жоқ десем де болар. «Құлыным менің» қойылғаннан кейін Оралхан екеуміз Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты болдық. Ол кездің өлшемімен алғанда үлкен сыйлық еді. Қазір бәрі арзандап кетті ғой. Бұрын бәрі басқаша еді…

 

Қыз Жібек және Төлегенмен сұхбаттасқандар

Әлия Құдайбергенова, Гүлнәр ЖОЛДЫБАЙҚЫЗЫ

(…толық нұсқасы
«Жұлдыздар отбасы» журналының 

№22 қараша 2009 жылғы санында)

Көшіріп басуға, тақырыпты бұрмалап салуға, материалды қысқартып өзгертуге, арасынан сөз немесе сөйлемдерді алуға қатаң тыйым салынады!

 

Пікір қосу