Алматы облысы бойынша МКД экономикалық тергеу қызметінің қызметкерлері 1000, 2000 және 10 000 теңге номиналындағы купюралар жасалған жасырын цехті анықтады, — деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Жалған ақша шығарып келген баспахананы тінту барысында 1000, 2000, және 10 000 теңге номиналындағы купюраның формасы түрлі-түсті басылған 25 мың теңгелік А4 форматындағы 28 қағаз, арнайы қағаз және принтерлер мен компьютерлер табылған.

«Алматы облысындағы Іле ауданында жедел-іздестіру шараларын жүргізу барысында жалған купюраларды сату кезінде Қазақстан Республикасының 1984 жылғы азаматшасы ұсталды, одан 1,2 миллион теңге сомасында қаражат анықталып, тәркіленді. Тексеріс барысында Алматы қаласында жалған ақша жасайтын баспахана анықталды», — деп хабарлады департамент өкілі Жақсылық Мырзахан.

Бірқатар жедел-іздестіру шараларын жүргізу қорытындысы бойынша, соталды тергеу аясында жалған ақшаның жалпы сомасы 2 525 000 теңге болды.

«Осы дерек бойынша, ҚР Қылмыстық кодексінің 231-бабы («Жалған ақша немесе бағалы қағаздар жасау, сақтау, алып өту немесе өткізу») бойынша соталды тергеу жүргізіліп жатыр. Осыған байланысты Алматы облыстық МКД ЭТҚ жалған ақша анықтаған азаматтарды органдарға хабарласуды сұрайды», — деп атап өтті департаменттегілер.

Пікір қосу